Құлаққағыс

166 Views

Сіздердің назарларыңызға кәмелет жасына толмағандармен келісімшарт жасау туралы ҚР Еңбек кодексінде көзделген төмендегі 31, 69, 26-баптарын жұмыста пайдалану үшін хабарлаймыз.
Бүгінгі таңда жұмыс жасайтын балалардың саны қарқынды түрде көбеюде. Әсіресе мейрамханалар мен сауда орындарында. Оған әртүрлі факторлар итермелеп отыр. Еңбек кодексі: тараптар мүдделерінің теңгеріміне, әлеуметтік тұрақтылыққа, қоғамдық келісімге бағытталған қажетті құқықтық жағдайлар жасайтын құжат. Жұмыс берушілер 18 жасқа толмаған азаматтарды жұмысқа алу, еңбек жағдайларын жасау және өзге де еңбек қатынастарына қатысты процестерді заң шеңберінде сауатты жүзеге асырса, балалар еңбегін қанау жөнінде проблемалар бой көтермес еді.
Еңбек кодексінің 31-бабы: Еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері.
Еңбек келісімшарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалады. Дегенмен еңбек келісімшартын 14-15 жастағы жасөспірімдер де жасасуға құқылы, алайда бұған қатысты бірнеше талап бар:
– негізгі орта және жалпы орта білім алып жатқан 15 жастағы жасөспірімдер оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін, оқу процесін бұзбайтын жерлерде жұмыс істей алады;
– 14 жасқа толған оқушылар кинематография ұйымдары, театр, концерт ұйымдары, циркте денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмейтін болса, жұмыс істей алады.
14-15 жастағы жасөспірімдер жұмысқа тұрған кезде еңбек шартына өзімен бірге заңды өкілінің біреуі қол қоюы тиіс.
Еңбек кодексінің 69-бабы: Жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы.
– 14-15 жастағы азаматтар аптасына 24 сағат;
– 16-17 жастағы азаматтар аптасына 36 сағат жұмыс істей алады.
Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 26-бабы: Еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар және қойылатын шектеулер.
1.2) ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ, орындалуы олардың денсаулығы мен имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмыс, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау мен сату) он сегіз жасқа толмаған азаматтармен;
Сіздерден, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдермен еңбек шартын заң шеңберінде жасап, мүдделерін бұзбауларыңызды сұраймыз.
Заң талаптары бұзылған жағдайда әкімшілік және басқа да жауапкершілікке тарту шаралары қолданылатындығын естеріңізге саламыз.

А. Мамырбаев,
аудандық жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімі
жұмыспен қамту сеторының меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: