ҚАРАҚАТТЫҢ ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАШАН ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛАДЫ?

156 Views

Қарақат – 160-қа жуық ауласы бар шағын ғана елді мекен. 1000-нан астам тұрғыны бар ауылда біраз өзекті мәселе өз деңгейінде шешілген. Ауылда мектеп, мәдениет үйі, ондаған келушіге арналған медициналық пункт те бар. Тіпті, ауылға көгілдір отын да жүргізіліп, ауыз су уақытпен емес, тоқтаусыз әрі үздіксіз ағып тұр. Дейтұрғанмен, ауыл аумағы шағын болса да, Қарақатта шешімі табылмаған мәселелер шаш етектен. Оны біз сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевтың қатысуымен өткен кездесуде ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерінен анық аңғардық. Айту ләзім, Қарақаттағы аталмыш жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 3 наурызында жарыққа шыққан Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған болатын.

Жалпы мемлекетіміздің әр аумағында Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы тиісті деңгейде орындалуда. Бұл қатарға сондай-ақ аудандық әкімдікті де қосқанымыз абзалырақ. Себебі жергілікті атқа мінер азаматтар бекітілген жоспардан айнымай, белгіленген кестеге сәйкес кездесулерді көптеп ұйымдастыруда. Жиында сөз бастаған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы да осы тұрғыда сөз өрбітті.
– Тұрғындарды толғандырған мәселелер тез арада шешілуі керек. Осыған орай, бүгінде аудан әкімі Ернар Есіркепов бекітілген кестеге сәйкес ауылдарды аралап, өздеріңіздей тұрғындармен жеке кездесуде. Бүгінде бұл бастама өз нәтижесін беріп те жатыр. Дәл қазір Ернар Серікәліұлының еңбек демалысында болуына байланысты орнына мен келіп отырмын. Жалғыз келгенім жоқ. Жанымда аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары да бар. Егерде өздеріңізді толғандырған қандай да бір мәселелер болса, тыңдауға, шешу жолдарын қарастыруға дайынбыз. Ал қоғамға қатысы жоқ отбасыңызға қатысты мәселе болса, жиын соңында жеке қабылдау жүргізуге де әзірміз, — деп кездесудің «сұрақ-жауап» кезеңіне көшті.
Жоғарыда Қарақатқа қатысты мәселе көп дедік қой. Сол мәселелердің бірнешеуін жиынның аталмыш кезеңінде аудандық мәслихаттың депутаты, ауыл тұрғыны Талғат Тәттіқожаев тізбектеп берді.
– Қарақатта демографиялық өсім бар. Осыған орай, ауыл аумағында орналасқан нысандардың инфрақұрылымын ретке келтіруіміз керек. Біріншіден, ауылға жаңа мектеп ауадай қажет. 1960 жылы іргесі қаланған ескі білім ордасы заманауи талаптарға мүлдем сай емес. Жаңа жөндеуден өтсе де, мектеп акт және спорт залымен, арнайы спорт алаңдарымен қамтылмаған. Тіпті, оқу бөлмелерінің саны аз. Біздіңше 45 адам еңбек ететін, 150-ден астам оқушысы бар мектеп соңғы үлгіде салынуы керек деп есептейміз. Екіншіден, спорт кешені қажет. Себебі, ауылымыздан спорт саңлақтары көптеп шығуда. Жастардың басым бөлігі осы саланы таңдап, болашағын байланыстыруда. Бірақ, ауыл балалары өз армандарына жету үшін аудан орталығындағы спорт мектептеріне баруға мәжбүр.

Үшіншіден, аудан орталығына жақын орналассақ та, ауылда ұялы байланыс желісінің жылдамдығы тым төмен. Бұл әсіресе, онлайн білім алу кезінде айтарлықтай қиындық туғызды, — деп осы мәселелерді шешіп беруді өтінді. Сондай-ақ, Талғат Сайлауұлы тау суын тиімді пайдалану, оны ауыл арықтарына жеткізу үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу, сел қауіпін болдырмас үшін арық-атыздарды ретке келтіру, жайылымдық жерлердің көлемін ұлғайту сынды мәселелерді көтерді. Халық қалаулысының сөзін жиында ауыл ақсақалы Үмбет Жанаділов те қолдады.
Әлібек Мамытжанұлы өзіне жолданған сұрақтарға тиісті деңгейде жауап беріп, мәселенің барлығын хаттамаға тіркеді.
– Біз бұл мәселелерді жақсы білеміз. Әрине, мектепке қатысты проблема өте өзекті. Біз білім ордасына жөндеу жұмыстарын жүргізбес бұрын ауылға жаңа мектеп салу мақсатында көп еңбектендік. Өкінішке орай, баянды бастамамыз жоғары жақтан қолдау таппады. Оған оқушы санының аздығы – басты себеп. Біз бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек. Мемлекет қандай да бір жобаны қолдамас бұрын ауыл тұрғындарының санына қарайды. Жан-жақты зерделеп, шешім қабылдайды. Спорт кешеніне қатысты мәселе де осыған келіп тіреледі, — деп түсіндіріп, сұрақтарға нақты жауап берілуі үшін жауапты бөлім басшыларына кезек берді. Әлібек Мамытжанұлының сөзін жалғаған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев бекітілген заңнамаға сәйкес қазіргі таңда мыңға жуық тұрғыны бар ауылға тек 80 шаршы метрлік спорт нысаны салынатынын сөз етті. Ал жайылымға қатысты мәселені аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұхамед Жанаділов меморандум арқылы шешуге болатынын жеткізді.
Ауыл тұрғындары жиын барысында Сарыбұлақ, Қарақат және Бауыржан Момышұлы көшелерінің аяқ жағына жарық шамдар орнату, Байқұтты көшесінің бір бөлігіне асфальт төсеу, ұжымнан бөлек шығуға жәрдемдесу сынды өтініштерін жеткізді. Қойылған сауалдарға нақты жауаптар беріліп, маңыздылары хаттамаға тіркелді.

Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой: