Жоспар айқындалып, ұсыныстар айтылды
Кеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті төртінші сессиясы өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліповтің төрағалығымен өткен сессия отырысына аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері, мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында аудандық білім бөлімінің 2022-2023 жылы атқарған жұмыстары, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің ҚР «Жер кодексі» негізінде жер ресурстарын заңды және жеке тұлғаларға заңдастырып беру барысында атқарған жұмыстары, сондай-ақ,Тұрар Рысқұлов ауданының 2022 жылғы бюджеті туралы мәселелер талқыланды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова мінбеге көтеріліп, баяндама жасады. Майра Айдарбекқызы:
– Аудандық білім бөліміне қарасты мекемелер саны – 70. Оның 38-і мектеп, 26-сы балабақша. Орта мектеп – 28, оқушы саны – 14174, негізгі мектеп – 2, оқушы саны – 381, бастауыш мектеп – 8, оқушы саны – 291. 2022-2023 оқу жылында жалпы саны 14846 оқушы білім алса, соның ішінде 1394 оқушы 1 сыныпты, 1533 оқушы 4 сыныпты, 1426 оқушы 9 сыныпты, 738 оқушы 11 сыныпты тәмамдады. 11 сыныпты аяқтаған 738 түлектің ішінде 9 түлек «Алтын белгі», 43 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Биылғы оқу жылында да аудан педагогтері мен оқушылары олимпиадалар мен әр түрлі байқаулардың, шығармашылық конкурстардың жүлдегерлері болды. Атап айтсақ, республикалық, облыстық олимпиадалар мен байқауларда 92 оқушы, қашықтықтан ұйымдастырылған олимпиадалардан 233 оқушы, облыстық ғылыми жобалар жарысында 10 оқушы жүлдегер атанса, 114 оқушы республикалық, облыстық шығармашылық конкурстардан жүлделі орындарды иеленді. Жыл қорытындысы бойынша білім сапасы 68,8%-ды құрады.
2022 жылы пилоттық жоба аясында Құлан ауылында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталған болатын. Жоба 2023 жылға өтпелі. Биыл ол ғимарат пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ауданда үш ауысымда жұмыс істейтін, апатты жағдайда мектеп жоқ. Білім саласын дамытудың қадамдық жоспарына сәйкес, 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен Тасшолақ ауылында 150 орындық, Малдыбай ауылында 120 орындық, Көкарық ауылында 80 орындық, Шолаққайыңды ауылында 80 орындық, Қарақат ауылында 150 орындық жаңа мектеп соғу, 15 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар №2 шағын орталықты орта мектебіне қосымша спорт зал соғу мәселесі де біздің басты назарымызда, – деді.
Баяндама аяқталған соң, аудандық мәслихат депутаты Байболат Оспанов Қайыңды ауылындағы Райымбек Смайлов атындағы орта мектеп пен Тереңөзек ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің қоршауы адам айтса көргісіз екенін айтып, сауал жолдады. Оған аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова мектеп қоршауы бойынша жобалық сметалық құжаттар жасалып, облыстық білім басқармасына ұсынылғанын, алайда, қаражат мәселесі қолдау таппағанын айтты. Дегенмен, құр қарап отырмай, ауыл әкімдерімен бірлесіп, ол мәселені де реттеуге болатынын жеткізді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жанәділов баяндама жасады. Баяндамашыға Мұратжан Мейманханов, Қанат Арыстанбеков бастаған депутаттар көптеген сауал қойды. Оған аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұханбет Жанәділов жан-жақты мысалдар арқылы дәйектер келтіріп, заң аясында жауап қайырды.
Содан соң жарыссөзге шығып сөз сөйлеген аудандық мәслихат депутаттары Сұлукүл Дәлібаева мен Ердос Сақпанқұлов білім және қаржы бөліміндегі түйткілді мәселелерді сөз етіп, ой қозғады. Депутаттар көтерген мәселелерге аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы өз ойын білдіріп, айтылған ұсыныстарды қаперге алып, белсенді жұмыс жасау қажеттігін айтты. Сессияда басқа да мәселелер талқыланып, оның орындалу барысы қаралды.
Марат Диханбай.