кісі елінде күркірегенше, өз еліңде дүркіре
Аудан басшысы Ернар Серікәліұлының әкім болып тағайындалғанына – 1 жыл
Қазақтың мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, Алаш партиясының жетекшісі, аудармашы, ғалым Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзі бар. Ұлтымыздың ұлы тұлғасына айналған арда азаматтың айтқан осы бір шөкім сөзі шындыққа жанасатындай.
Әрине, мінезді басшы әрқашанда табанды әрі талапшыл болып келеді. Мінез арқылы кез келген жанды мықтап танып білуге болады. Өйткені, ол – адамзаттың айнымас айнасы. Осы тұста шығыс шайырларының бірі Жүсіп Баласағұнның «Басшы қырандай қайсар, қасқырдай күштi, сауысқандай сақ, қаршығадай қырағы болсын. Бастық елдi билеу, шаруашылықты ұйымдастыру туралы жазылған ғылымның негiзiн жақсы бiлуi қажет. Халықты дұрыс басқару үшiн басқару ғылымын меңгермей болмайды» деген сөзі еріксіз еске түседі. Осы бір тәмсілдің түбіне терең бойласаңыз, ел тұтқасын ұстаған ерге тек қана білімді болу аздық ететінін ұғынасыз.
Біз бұны не үшін сөз еттік? Өткен жылы дәл осы уақытта аудан тізгінін Ернар Серікәліұлы Есіркепов ұстаған болатын. Әне-міне дегенше 1 жылға жуық уақыт өтіпті. Ендеше біз бүгінгі мақаламызда осы аралықта аудан басшысының бастамасымен «Қандай толымды тірліктер атқарылды?», «Қандай ілкімді істер өз мәресіне жетті?» деген сан түрлі сауалдарға жауап іздеп көретін боламыз.
Тұрғындарға жайлы жағдай жасау – мемлекеттік қызметкерлердің басты міндеті. Сондықтан болар, Ернар Серікәліұлы ауданға келе салысымен-ақ ең алдымен орталықтан шалғайда орналасқан Жалпақсаз ауылының басты мәселесіне назар аударды. Ол – теміржол өткелі. Жалпақсаз ауылына апаратын аталмыш өткел 1968 жылға дейін қызмет көрсетіп келіп, белгілі себептермен жабылған болатын. Өкінішке орай, сол күйі 2003 жылға дейін жабық тұрды. Тек зілзала зардаптарын қалыпқа келтіру мақсатында ғана өткел 2003-2004 жылдары аралығында қолданысқа беріліп, кейіннен қайта жабылған. Жарты ғасырдан астам уақытта тұрғындар Тасшолақ ауылы арқылы қатынап, 10 шақырымға дейін айналма жолды пайдалануға мәжбүр болған. Міне, осы олқылықты ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып, Ернар Серікәліұлы ретке келтіре алды. Қалай дейсіз ғой? Алдымен ол ауыл тұрғындарын тыңдады. Ой түйді. Идеядан іске көшті. Оңай емес шаруаны оңтайлы шешті. Айыр қалпақты ағайынға тиесілі темір жолдың басшыларымен келіссөз жүргізіп, «Қырғыз темир жолу» компаниясына ресми хат жолдады. Ізінен аталмыш компанияның вице-президенті Дастан Абдылдаевич Усубакунов бастаған делегация ауданға арнайы келіп, өткелдің ашылуына өз келісімдерін берді. Өткелді қалыпқа келтіру жұмыстары да оңай болған жоқ. Барлық шығын ауыл белсенділерінің, жаны жомарт жандардың арқасында өтеліп, бюджет қаржысынан бір тиын да жұмсалмай, өткел қайта ашылды. Осылайша 469 тұрғыны бар ауыл жол қиындығынан құтылды.
Енді Жалпақсаздан Жақсылық жаққа ойыссақ. Көкдөнен ауылдық округіне қарасты аталмыш ауыл жақтан да жыл сайын жақсы жаңалықтар лебі есіп тұрады. Соның бірі – дәрігерлік амбулатория. 15 келушіге арналған емдеу мекемесі бүгінде ауыл тұрғындарының денсаулығын жіті қадағалауда. Айта кетейік, дәл осындай емдеу мекемесі былтыр Жаңатұрмыс ауылдық округінде де пайдалануға берілді. Бірақ ондағы дәрігерлік амбулатория 25 келушіге арналған. Орайы келіп тұрғанда аталмыш ауылдардағы өзгеде орын алып жатқан жағымды жаңалықтармен бөлісе кетейік. Мәселен, жуырда ғана Жақсылық ауылында 75 орындықты «Нұр-ай» бөбекжай-бақшасы ашылса, жаңатұрмыстықтарға таза ауыз су беріліп отыр. Тіршілік нәрі тек Жаңатұрмысқа ғана емес, сондай-ақ, Қазақ және Сәлімбай ауылдарына да жеткізілді. Осылайша аудан халқының 4,3 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылды. Бұл баянды бастамаларға бюджеттен қомақты қаржы бөлінген.
Аудан аумағында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы да сәтті жүзеге асуда. Соңғы кездері тұрғындардың тілегі мен өтініштері назарға алынып, аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен бірқатар жұмыстар өз мәресіне жетуде. Мәселен, соның бірі – модульдік полиция бекеті. Аудан орталығындағы тәртіпті қатаң сақтауға дәл осындай бекет бұрыннан керек еді. Ол да тұрғындар өтініші аясында орындалды. Бұл бекетте құқық қорғау қызметкеріне қажетті құрал-жабдықтардың бәрі орналастырылған.
Тұрғындар тілегінің ең өзектісі қоғамдық көлік болатын. «Құлан –Луговой» бағытынды автобустар өз жұмысын карантин кезінде толық тоқтатқан еді. Содан бері шешімі табылмаған маңызды бұл мәселеге Ернар Есіркепов үлкен нүкте қойды. Өткен жылдың соңында аудан басшысы демеушілерді тарта отырып, аталмыш бағытта 8 бірдей қоғамдық көлікті жүргізді. Жолақысы да қос тарапқа қолайлы. Ересектерге 60 теңгеден болса, балаларға 30 теңгеден меже белгіленді. Бұл толымды тірлік қос округтегі 30 мыңнан аса халыққа, оның ішінде 6 мыңға жуық мектеп оқушысына қолайлы жағдай туғызды.
Қазақ халқы бірлікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына ерекше мән берген. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» деген тәмсілді де бекерден-бекер айтпай, елді ынтымаққа шақырған. Талай жылдар бойы өз жалғасын тауып келе жатқан бұл қасиетті үрдіс егеменді еліміздің де басты ерекшелігіне айналды. Сондықтан болар, аудан басшысы Ернар Серікәліұлы аудан аумағында құрылған этномәдени бірлестіктердің сұранысын қанағаттандыруды жөн деп тапты. Осы күнге дейін әр жерде жұмыс жасап жатқан өзге этнос өкілдерін бір шаңырақ астына топтастыру үшін бұрынғы «Халыққа қызмет көрсету» орталығын толық жөндеуден өткізіп, «Достық үйі» ретінде қайта жаңғыртты. Бұл да өтініш-тілектердің арқасында жүзеге асқан сәтті жоба.
Жалпы біз аудан әкімі Ернар Есіркеповпен бірге көп жүреміз. Ресми кездесулерді қоспағанда елді мекендерді аралау, халықпен жүздесу, қоғамдық қабылдауларға да жиі қатысамыз. Сонда байқағанымыз тұрғындар тілегінің басым бөлігі баспанамен байланысты болып жатады. Осы олқылықты ретке келтіру үшін бірнеше жыл бұрын аудан әкімдігі «Арай» тұрғын-үй алқабынан 80 пәтерлі көп қабатты үй салуды қолға алған болатын. Соның алғашқы кілттері баспанаға мұқтаж жандарға сәуір айында табысталды. Шынын айту керек, баспанаға қол жеткізген жандардың қуанышын көзбен көргенде жүрегіміз еріксіз елжіреді. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтамай, өз жалғасын табатын болады. Тілге тиек ете кетейік, дәл қазір сол тұрғын үйдің маңынан жаңа мектеп бой көтеруде. Құрылыс жоспарға сәйкес жүргізілсе, жаңа оқу жылында аталмыш білім ордасы 300 оқушыға өз есігін айқара ашатын болады.
Құрылыс демекші! Соңғы кездері аудан аумағында бірнеше бағытта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Жастардың уақытын тиімді пайдалану, бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін үш бірдей ауылда әмбебап спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Көгершін, Р.Сәбденов және Ақыртөбе ауылдық округтері бар. Сондай-ақ, Көгершінде былтырдан бері спорт нысанынан бөлек 90 орындықты мәдениет үйі бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары өтпелі болғандықтан, жыл соңына дейін аталмыш нысан пайдалануға берілуі тиіс.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Жалпы біз бүгін аудан тұрғындарының өтініш-тілегі аясында қолға алынып, Ернар Серікәліұлының бастамасымен жүзеге асқан жұмыстардың бірқатарын жіпке тізіп бердік. Бұл бір жылда орын алған баянды бастамалардың ең маңыздылары ғана. Одан бөлек инфрақұрылыммен қамту, құрылыс, білім, денсаулық, мәдениет, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар өте көп. Олар жайында біз газетіміздің алдағы сандарында міндетті түрде көлемді мақалалар дайындайтын боламыз.
Жәнібек СҰЛТАН.