Жастарға арналған бағдарламаның жаңа талаптары қандай?

172 Views

Қазір мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан көмек өте көп. Соның бірі жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында іске асырылып отырған «Әулиеата жастары» бағдарламасы. Расымен де бұл бағдарламаның жастарға тигізер көмегі зор. Жақында әлеуметтік желіде аталмыш бағдарламаның жаңа талаптары жарияланған болатын. Ол қандай талап? Біз өздеріңіздің назарларыңызға сол жөнінде ақпарат беруді жөн көрдік.

«Жамбыл облысының жастарына жеңілдетілген тәртіпте несие берудің
2023-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы

Бағдарлама шарттары:
– Қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн.теңгеге дейін;
– Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
– Бастапқы жарна – 5%;
– Несие беру уақыты – 19 жылға дейін.
– Сатып алынатын тұрғын үй – Жамбыл облысында бастапқы/қайталама нарықтардағы пайдалануға берілген тұрғын үй және соғылып жатқан үйде «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар болған жағдайда үлестік қатысу:
– көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесі;
– көп пәтерлі тұрғын үйдегі пәтер;
– жер учаскесі бар пәтер;
– Сатып алынатын тұрғын үйдің құны – қарыздың ең жоғары сомасынан және бағдарламаға қатысушының меншікті қаражатынан тұратын – сатып алынатын тұрғын үйдің құны. Сатып алынатын тұрғын үйдің құны қарыздың ең жоғары сомасынан асып кеткен жағдайда, бағдарламаға қатысушы сатып алынатын тұрғын үйдің құнын толық төлеу үшін ағымдағы шотқа өз қаражатынан айырма енгізуге міндеттенеді.
Бағдарламаға келесі қызмет салаларында жұмыс істейтіндер қатысады (техникалық, әкімшілік персоналды және мемлекеттік қызметкерлерді қоспағанда):
1) Денсаулық сақтау саласы:
– Жамбыл облысында орналасқан денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік (коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорындар, шаруа­шылық жүргізу құқығындағы мем­лекеттік коммуналдық кәсіп­орындар) және мемлекеттік емес (оның ішінде, ЖШС, АҚ және мемлекет 100% қатысатын КЕАҚ) ұйымдарда жұмыс істейтін денсаулық сақтау саласының бейінді қызметкерлері.
2) Білім беру саласы:
– Жамбыл облысында орналасқан жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін­гі білім беру ұйымдарының оқыту­шылары, ғылыми қызметкерлері және ғылыми-зерттеу институттардың ғылыми қызметкерлері;
– мемлекеттік емес (жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестік) балабақшалардың тәрбиешілері.
3) Мәдениет саласы:
– Жамбыл облысында орналасқан мемлекеттік (коммуналдық мемле­кеттік мекемелер, мемлекеттік комму­налдық қазынашылық кәсіпорындар, шаруа­шылық жүргізу құқығындағы мемле­кеттік коммуналдық кәсіп­орындар) және мемлекеттік емес ұйымдардың (оның ішінде, ЖШС, АҚ және мемлекет 100% қатысатын КЕАҚ) негізгі сала қызметкерлері;

4) Спорт саласы:
– Жамбыл облысында орналасқан мемлекеттік (коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорындар, шаруа­шылық жүргізу құқығындағы мемле­кеттік коммуналдық кәсіпорындар) және мемлекеттік емес (оның ішін­де, ЖШС, АҚ және мемлекет 100% қатысатын КЕАҚ) ұйымдарда қыз­мет ететін жаттықтырушылар (оқыту­шылар);
5) Дін саласы:
– Жамбыл облысында орналасқан дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері;
6) Журналистика саласы:
Жамбыл облысында орналасқан бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшілері.
Бағдарлама қатысушысына қойылатын талаптар:
1) Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс;
2) Жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан, бағдарламаға қатысу үшін өтініш берген кездегі бағдарлама қатысушысының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы тиіс. Бағдарламаның негізгі қатысушысы ретінде Бағдарлама бойынша үй алуға ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана рұқсат беріледі;
3) Бағдарлама қатысушысында таңдаған сала бойынша соңғы жұмыс орнындағы лауазымда 6 айдан кем емес жұмыс өтілі болуы тиіс;
4) Қатысушыда бағдарламаға өтініш берген сәтте «Отбасы Банк» АҚ-да жинақ шоты және шотында ең жоғарғы қарыздың (15 млн. теңгенің) кемінде 5% мөлшерде жинақ ақшасы болуы тиіс;
5) Бағдарламаға қатысушыда және оның жұбайында Қазақстан Республикасының аумағы бойынша соңғы 5 (бес) жылда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй немесе меншік құқығындағы тұрғын үй (ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі, отбасының басқа мүшелерімен және туыстарымен бірлескен ортақ үлестік меншігі) болмауы тиіс;
6) Бағдарламаға қатысушы сайтта өтінім берген сәтте таңдаған Жамбыл облысы аумағындағы елді мекеннен (қаладан/ауданнан) ғана баспана алу мүмкіндігіне ие.
Қатысушылардың құжаттарын бағалау үшін ұпайларды есептеудің өлшем шарттары
Бағдарламаға қатысушы өтінім берген сәтте заңды тіркелген некесінің жай-күйі және балаларының болуы не болмауы туралы мәртебесін растайтын құжаттардың көшірмесін ұсыну арқылы бағаланады.
– Қатысушының өтінім толтыру кезеңінде заңды тіркелген некеде тұған жылдары бойынша:
Некеде болмаса / ажырасқан – 0 ұпай;
– 1 жылға дейінгі аралықтағы (бір жыл толмаса) тіркелген некесі үшін – 1 ұпай;
1-2 жылға дейінгі аралықтағы (екі жыл толмаса) тіркелген некесі үшін – 2 ұпай;
2-3 жылға дейінгі аралықтағы (үш жыл толмаса) тіркелген некесі үшін – 3 ұпай;
3-4 жылға дейінгі аралықтағы (төрт жыл толмаса) тіркелген некесі үшін – 4 ұпай;
4-5 жылға дейінгі аралықтағы (бес жыл толмаса) тіркелген некесі үшін – 5 ұпай;
5-6 жылға дейінгі аралықтағы (алты жыл толмаса) тіркелген некесі үшін – 6 ұпай;
6-7 жылға дейінгі аралықтағы (жеті жыл толмаса) тіркелген некесі үшін – 7 ұпай;
7-8 жылға дейінгі аралықтағы (сегіз жыл толмаса) тіркелген некесі үшін – 8 ұпай;
8-9 жылға дейінгі аралықтағы (тоғыз жыл толмаса) тіркелген некесі үшін — 9 ұпай;
9-10 жылға дейінгі аралықтағы (он жыл толмаса) тіркелген некесі үшін – 10 ұпай;
10 жыл толып, одан аса тіркелген некедегі жылдары үшін – 11 ұпай.
– Қатысушы балаларының саны бойынша:
Баласы болмаса / қайтыс болған болса – 0 ұпай;
1 (бір) бала болған жағдайда – 1 ұпай;
Одан әрі әрбір келесі бала үшін 1 ұпайдан қосылады.
Ескертпе: Жолдама алғандар мен резервке енгізілгендердің тізімі – ұпайлары ең жоғарыдан төменге дейінге қарай қалыптастырылады. Бағдарлама қатысушылары (резервтегілер) жинаған ұпай саны тең болған жағдайда, сайтта өтінімді уақыт бойынша бірінші болып жіберген қатысушыға басымдық беріледі.
3. Бағдарламаға қатысу, бағдар­лама талаптарына сәйкестігін тек­серу және бағалау шарттары:
1) Қатысушы өтінім беру процесін жеке электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы жүзеге асырады.
2) Бағдарламаға қатысушы өтінім берген сәтте өзі жұмыс істейтін саланы және баспана алуды жоспарлаған елді мекенді (қаланы/ауданды) таңдайды.
3) Қатысушы бағдарлама талап­тарына сәйкес құжаттар топтамасын толық жүктеп, өтінімді жібереді не өтінімді артқа қайтарып, толықтыру енгізе алады.
4) Қатысушы өтінім беруді аяқтау сәтінде сайтқа өзі ұсынған құжаттардың талапқа сай анық әрі дұрыс жүктелгенін растайды. Егер бағдарлама талаптарына сәйкес келмесе конкурстан шеттетілетіні және жалған құжаттар ұсынғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жауаптылық көзделуі мүмкін екендігі туралы және бағдарламаға ұсынған өзі туралы жеке деректерді өңдеуге, ақпараттық пайдалануға, үшін­ші тарапқа жолдауға және жария­лауға рұқсат беретіні туралы хабар­ландырумен келіседі.
5) Комиссия қаражат көлеміне қарай, құжаттарын толық ұсынған және талаптарға сәйкес келген қатысу­шыларға Банкке жолдама береді.
6) Қатысушы ұсынған құжаттар бағдарлама талаптарына сәйкес кел­меген немесе іріктеуге қатысу кезеңінде депозиттік жарна сомасын шығарып алған немесе жұмыс орнын ауыстырған жағ­дайда өтінімі конкурстан шетте­тіледі.
Бағдарламаға қатысу үшін ұсыны­­латын құжаттар топтамасы
1. Бағдарламаға қатысушының жеке куәлігінің түпнұсқасының электрондық көшірмесі;
2. Азаматтық хал-ахуалды мемле­кеттік тіркеу туралы куәліктің электрон­дық көшірмесі (неке қию немесе некені бұзу немесе жұбайының қайтыс болуы туралы құжаттар);
3. Балаларының туу (қайтыс болу) тура­лы куәлігі түпнұсқасының электрондық көшірмесі;
4. Бағдарламаға қатысушының Қазақстан Республикасы бойынша жыл­жымайтын мүліктің болуы не болмауы туралы анықтаманың электрондық көшірмесі (Бағдарламаға қатысуға өтінім берген күнге дейін кемінде күнтізбелік 1 күн бұрын берілген болса жарамды);
5. Бағдарлама қатысушысы жұбайы­ның (болған жағдайда) Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің болуы не болмауы туралы анықтаманың электрондық көшірмесі (Бағдарламаға қатысуга өтінім берген күнге дейін кемінде күнтізбелік 1 күн бұрын берілген болса жарамды);
6. Берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасқан күні және атқаратын лауазымы, мекеме атауы және 6 айлық зейнетақы аударымдары көрсетілген ұйымның, мекеменің фирмалық бланкісіндегі жұмыс орнынан анықтама (ресми бланкі болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуы тиіс);
7. Бағдарламаға қатысушының «Отбасы банк» мобильдік қосымшасы ұсынатын коды бар жинақ шоты анықтамасының электрондық көшір­месі.

Поделиться ссылкой: