Газет – айна, оны оқыған пайда
Аудан әкімі Ернар Есіркепов ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 83 жылдық тарихы бар еңселі басылым «Құлан таңы» газетінің ұжымын арнайы қабылдап, мекеме қызметкерлерін құттықтады.
– «Журналист – жүрек жыршысы» дейді заңғар жазушы Әзілхан Нұршайықов. Сондықтан сіздердің еңбектеріңізді өз басым жоғары бағалаймын. Өздеріңіз білесіздер, аудан әкімінің жұмысы тікелей газет тіршілігімен тығыз байланысты. Аптасына екі рет жарық көретін аудандық газетті міндетті түрде көз жүгіртіп оқып отырамын. Жаһандану дәуірінде отандастарымызға сапалы ақпараттар тарату қажет. «Құлан таңы» газетінің ұжымы бұл міндетті толығымен жүзеге асырып отыр деген ойдамын. Мерекелеріңіз құтты болсын. Қаламдарыңыз ешқашан мұқалмасын», – деді аудан басшысы өз сөзінде. Содан соң, газеттің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев, корректор Бейсенбек Әлпейісов және жауапты хатшы Тұрсынхан Жаманбаев сөз сөйлеп, газет шығару ісі біреулерге оңай көрінгенімен, шын мәнінде, жауапкершілігі өте ауыр жұмыс екендігін айтты.
Осылайша көңілді нотамен басталған мерекелік басқасуда көңіл көкжиегін көтерер сүбелі сөздер көптеп айтылып жатты. Жиын соңында «Құлан таңы» газеті редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерсұлтан Шойбек, газеттің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев, бас есепші Ақмарал Сариева, корректор Бейсенбек Әлпейісов, жауапты хатшы Тұрсынхан Жаманбаев, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Мөлдір Тастанбек және «Құлан таңы» газетіне қызметке орналасқалы өндіре мақалалар жазып, алдияр оқырманның ақ алғысына кенеліп жүрген тілшілеріміз Жәнібек Базылбек пен Марат Диханбай аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Марат Аятберген.