Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі.
Бастауыш және орта буын сыныптарының балалары үшін бұл уақыт тән-тұрпаттың табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңитін, көзқарас қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі.
Жаз мезгіліндегі бұл уақыт балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өздерінің қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Балалардың белсенді демалысы әдеттегідей жазғы сауықтыру лагерлерінде өтеді.
Биыл Балалар мен жасөспірімдер орталығы жанындағы Әлия Молдағұлова атындағы жазғы балалар сауықтыру лагері 5 маусым күні ашылып, аудан мектептерінен көпбалалы, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасының, жетім және жартылай жетім 200 (7-16 жас аралығындағы) оқушылар үш ауысымға қабылданды.
Балалар жазғы сауықтыру лагерінің жұмысын ұйымдастыру мақсатында мекеменің 7 педагогі қызмет жасады. Аға тәлімгер, тәлімгерлер әр топқа тәлімгер, музыка жетекшісі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Кітапханаға әр мектептен ауысым бойынша кітап қорымен толықтырып отырды. Спорттық сауықтыру шараларын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі медицина қызметкерімен біріге отырып, ұйымдастырды. Оқушылардың қызығушылықтарына қарай әр ауысымның іс-шаралары жоспарға сай ұйымдастырылып және аудандағы басқа мекемелермен байланысып жұмыс жүргізді.
Аудандық санитариялық-эпидемиялық станциясының қызметкерлері «Фасфуд тағамдарын қолдану зиян» тақырыбында акция ұйымдастырып, балаларға пайдалы ас тағамдары туралы түсінік берді. Акцияның соңы викториналық сұрақтарға дұрыс жауап берген оқушыларға сыйға тәттілер берілді. СЭС қызметкерлері балалармен флешмоб билеп, көңілдерін көтерді.
Аудандық «Сұлутөр» кинотеатрының қызметкерлері балаларға қызықты кино мен мультфильм көрсетіп тұрды. Сонымен қатар жаңа шыққан заманауи тренд (көзілдірікпен суретке түсу) жасады.
Лагерьдің салтанатты ашылуы болды. М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері түрлі ертегі кейіпкерлері арқылы әннен шашу шашып, балалармен биледі. Түрлі спорттық іс-шаралар, қолөнер көрмесі, бет әрлеу байқауы, асфальтқа сурет салу, табиғат аясында сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің инспекторлары «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында балалармен әңгіме өткізді. Сол күні аудандық спорт мектебінің ұйымдастыруымен тоғызқұмалақ ойыны өтті.
М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары «Бақытты балдырған шақ» атты концерттік бағдарлама өткізді. «AMANAT» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында жол қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік ережелері, табиғат қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігі ескертілді. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес» күніне арналған айлықтың аясында «Есірткісіз болашақ» және «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен жасөспірімдер арасында есірткі денсаулыққа зиян екендігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әр ауысымға жасалған жоспар бойынша барлық іс-шаралар өткізілді. Атап айтар болсақ, келген күні оқушыларды лагерь өмірінің жағдайымен, күн тәртібімен таныстырып, топқа бөлінді.Топтың аты, ұраны, әні таңдалды. Саптық дайындық жұмыстары жүргізілді. Психологиялық танысу тренингі ұйымдастырылды. Кешкі мәдени іс-шараға дайындық (ашылу салтанатына таланттарды табу) жұмыстары болды. Қимылды әртүрлі ойындар (сергіту) өтті. «Өнерпаз болсаң арқалан…» байқауы 3 номинация бойынша өтіп, өнерпаздар анықталды.
Әдеттегідей әр күн таңғы жаттығу, гигиеналық тазалық жұмыстары, топтардың саптық жиыны, таңғы ас, еңбек десанты (лагерь айналасын тазалау), таза ауада топтық серуенмен басталады. Сосын түскі ас, түскі демалыс, бесін ас, күнге қыздырынып шынығу үшін бассейінге шомылу, түрлі күнделікті байқаулар, әңгіме, кездесулер ұйымдастырылды. Кешкі екінші астан кейін сахна алаңында жалпы би болып тұрды.
Жоспарға сай «Қарақыстақ» тау шатқалына туристік жорық ұйымдастырылды. Балалар саяхат барысында туған жердің табиғатын тамашалап, суға шомылып, түрлі ойындарға қатысты. Табиғат аясында түскі ас әзірленіп берілді. Сонымен қатар «Кері күн» (бұл күні лагерь әкімшілігі мен қызметкерлерінің міндеттерін оқушылар орындайды, яғни балалар өзін-өзі басқарады), түрлі эстафеталық ойындар, жарыстар, музыкалық қимыл қозғалыс ойындары, танымдық ойындар, психологиялық тренингтер, лагерь медбикесімен дөңгелек үстел, кітапхана қызметкерінің ұйымдастыруымен кітап көрмесі өтті.
«Біз лагерьде қалай тұрамыз? Біздің лагерь, біздің бөлме» корпустарды безендіру,«Лагерь жұлдыздары» байқауы,«Көп оқыған, көп біледі». «Біз қай ертегіденбіз?» атты викториналық ойыны, «Ұлтымның ұланымын!» атты ер балалар арасындағы сайыс, «Су патшалығы» ойыны, «Тілге құрмет – елге құрмет» КТК байқауы, «Қандай көркем, туған өлкем» ( лагерь кереметі) табиғи материалдардан түрлі заттар жасау сайысы, « Менің өмірімдегі ең қызықты күн!» жасырын хат, «Әлем халықтарының билері» байқауы, тб. түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Лагерьдің жабылу салтанатында әр ауысым бойынша түрлі байқаулар мен спорттық шараларға белсене қатысқан оқушыларға лагерь әкімшілігінің атынан марапаттар мен сыйлықтар табысталды. Жаздағы демалыс – жыл бойына қажетті күш-қуат.
Азата Ырғалбекова,
балалар мен жасөспірімдер орталығының қосымша білім
беру педагогі.