Қарбызға нитрат қосылмағанын қалай білеміз?

295 Views

Қазақта «ауру – астан» деген сөз бар. Яғни, деннің сау болуы үшін дұрыс тамақтана білу маңызды. Сондай-ақ, тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Әсіресе, жаз мезгілінде астан улану оқиғалары жиілейді. Мұның бірден-бір себебі – бау-бақша өнімдерінің бақылаусыз саудаға өтіп кетуі. Оның үстіне, мұндай өнімдердің көпшілігі сырттан тасымалданады.
Қазіргі уақытта бақша өнімдері арасындағы қауын мен қарбыздан улану фактілері жиі кездеседі. Қарбыздар саудаға маусым айынан бастап түсуде. Бірақ тұрғындар бұл кездегі қарбыздардың көпшілігі қауіпті екендігін есінде сақтағаны жөн. Өйткені ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс болады. Мамандардың айтуынша, ең жылдам пісетін қарбыз сұрыптарының өзі шілде айының соңына қарай пісуге тиіс. Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңы мен тамыз айы. Бұл – өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады.
Айта кетейік, нитратсыз бұл дақылдардың өсуі қиындау. Сол себепті де, шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр. Талап бойынша, нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг болу керек. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыр ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады. Қарбыздан уланған адамның 1-2 сағаттың ішінде қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн.
Қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың бірнеше халықтық тәсілі бар. Егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеуге асығудың қажеті жоқ. Екінші тәсіл бойынша, қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға салған жөн. Су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен мүлде бас тартқан абзал.
Қарбыз бен қауындарды таңдау кезінде қателеспес үшін ең бірінші заңсыз ұйымдастырылған базарларда сауда жасамауды әдетке айналдыру керек. Сондай-ақ, қарбыздарды жол шетіндегі сауда орындарынан сатып алуға болмайды, өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады.
Мұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұрауды да естен шығармаған жөн. Алайда, елімізде мұндай талаптарға назар аударатындар шамалы.
Көкөніс, жеміс-жидек пен бақшалық өнімдерді сатып алу кезінде олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын, құрамындағы нитраттардың деңгейін анықтайтын ілеспе құжаттарын сұраған жөн.
Е.Джакияев,
ҚР ДСМ СЭБК ШЖҚ РМК «Ұлттық сараптама орталығы» Жамбыл облысы бойынша филиалының Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің зертхана меңгерушісі.
Ж. Дідаева,
«Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Жамбыл облысы бойынша филиалының Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің дәрігері.

Поделиться ссылкой: