Тоғыз жолдың торабында

339 Views

Қазіргі Луговой ауылы Кеңес өкіметі тұсында «Тарты» деп аталған екен. Өйткені елді мекеннің оңтүстік жағын ми батпақ басып, Қарасу өзенінен жылғаланып аққан судың әсерінен бірнеше көлдер пайда болған. Ауылдың солтүстігі де тұзы шығып жататын сазды, ойпатты болып келеді. Ілгергі кезде малы көп байлар бұл сазды қысқы жайылым ретінде, яғни тепсең етіп пайдаланған. Себебі, саздың шөбі өлеңді, шүйгін, қамысы мен құрағы көп болғандықтан қалың қарлы қыс болған жылдары мұнда жабайы құландар келіп мекендейді екен. Сондықтан Тартыға тиіп жатқан оңтүстік беттегі қамал төңірегін «Құлан қобы» деп атап кеткен. Ал, Тарты атауының шығуының да өзіндік сыры бар. Ол заманда байлар бір-бірінің табын-табын жылқысын барымталап алып кетіп отырған. Кейде ұрлық мал әшкере болып қалады. Сол кезде байлар: «Онда бұл мал саған да, маған да бұйырмасын» деп, баланың еңбегіндей болып жатқан батпаққа әлгі жылқыларды әкеп иіреді екен. Сол кезде ми батпақ бүкіл жылқыны тереңге тартып әкететін болған. Сондықтан бұл жерді жергілікті халық «Тарты» атап кеткен көрінеді.
1927 жылға дейін бұл жер байлардың қонысы болып келді. «Тартының» іргесінде тұрған Құлан қаласы олар үшін нағыз күнкөрістің, тіршілік етудің көзі болғаны айтпаса да түсінікті. Қаланы жоңғарлар басып алып, тып-типыл еткенге дейін ол шығыс пен батыс мәдениетінің, сауда-саттықтың орталығы болғанын біз жақсы білеміз. Демек, тартылықтар да қалаға барып қол өнерімен айналысып, қыш құмыралар мен тұрмысқа қажетті заттар жасап, сатты. Жүзім өсіріп, одан тәтті шәрбәт пен шарап шығарды. Ендеше Тарты мен Құланның тарихын біз бір-бірінен бөле жарып қарай алмаймыз. Ал, «Түрксіб» құрылысы басталысымен Тарты ғасыр құрылысының көмбесіне айналды. Құрылыстың басшысы Шатов та, Халық комиссары Тұрар Рысқұлов та, оның бас инженері болған Мұхаметжан Тынышбаев та «Тартыны» өздерінің бас штабына айналдырды.
Бізге жеткен деректерге сүйенсек, сол бір қилы кезеңде Құлан мен Ақыртөбе өңірінен ағылған жұрт теміржол салуға білек сыбана кірісті. Переселен орыстар ол кезде Құланның да, Тартының да атын өзгертіп, оны өздеріне ыңғайлап – «Луговой» деп атай бастаған болатын. Өйткені олардың арасында Дон казактары мен ұлты украин славян халықтары да болды ғой. Бәлкім олардың, кейін: «Не забудьте станцию Луговая!»деп жүргені де сол жершілдіктің әсері болар. Өйткені Украинада да «Луговая» деген темір жол бекеті бар ғой. Қалай десек те, өткен күннен қалған белгі бар. Құлан өзінің тарихи атауын алды. Ал, Тарты Луговой боп аталып жүр.
Кеңес өкіметі орнап, ауыл-ауылда большевиктердің қызыл жалауы желбірей бастаған шақ. Ал, бұл кезде Луговой үлкен қалашыққа айнала бастаған. Тұрар Рысқұловтың басшылық етуімен жолшыларға арналған ең алғашқы тұрғын үйлердің нобайы да жасалды. Ол қазіргі Смат Есімов көшесі бойына (шынымды айтсам бұл көшеге Мұхаметжан Тынышбаевтың есімін берген дұрыс болар еді. С.Қ) салына бастаған. Поселкелік кеңестің үйі сол Т.Рысқұлов отырған бас штаб болғанын байырғы тұрғындар әлі күнге ұмытпай айтып жүр. Бұл туралы біз ең алғашқы «Түрксіб» құрылысшылары болған Ырысты Шормановтың, Темірқұл Қалғаевтың, Тілеуқұл Ауғамбаевтың, Әлмахан Әбдіманапов пен Дүйсенбай Тоқтыбаевтың, Николай Кустоваров пен А.Калимуллиндердің естелігінен жақсы білеміз.
Сол жылдардың айқын жәдігері әрі белгісі ретінде 1940 жылдары салынған су мұнарасы күні бүгінге дейін бұзылмай әлі тұр. 1934 жылдары теміржол бекеті бойына салынған мектеп үйінің ғимараты да күні кешеге дейін бұзылмай келген болатын. Ол мектепте атақты композитор Сыдық Мұхаметжановпен бірге абайлық Мұсақұл Тәтібеков те оқыған екен. Пушкин атындағы бастауыш мектептің іргетасы да сол соғыс жылдары қаланыпты. Қазір кентте үш мектеп бар. Олардың үшеуіне де халықтың аяулы ұлдарының есімдері берілген. Мәселен, қазақ мектебі Алаштың арда ұлы Тұрар Рысқұловтың есімімен аталса, орыс-қазақ мектебі Максим Горькийдің есімін алған. Ал, әскери горнизондағы мектепке тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің есімі берілген. Қазақ мектебі 1980 жылы, орыс мектебі 2003 жылы, Әубәкіров мектебі 2001 жылы ашылды.
Теміржол – тоғыз жолдың торабы болған соң оған қызмет көрсететін мекемелер де көп. Тек жол қозғалысына қызмет көрсететін байланыс-шнур бөлімшесі, жол дистанциясы (ПЧ), жол қозғалысы (ДС), жолға қызмет көрсету бөлімшесі (ПТО), әскерилендірілген күзет қызметі (ВОХР), желілік полиция бөлімі (ЛОМ), сондай-ақ, «Транстелеком», «Қазпошта», «Қазақтелеком» сияқты мекемелер бар. Болат жол бойындағы паравоз бен тепловоздардың орнын электровоздар алмастырған соң біздің Луговой бекетінде тұрған Депо жабылып, Шуға көшті. Сондай-ақ, кеденшілер де қызмет саласындағы өзгерістерге ұшырап, кенттегі кеден ғимаратының үйі босап қалған болатын.
Ауылымыздың бұрынғы жылдарға қарағанда келбеті мен бет-бейнесі де анағұрлым өзгерді, көріктенді, көгеріштендірілді. Байырғы Теміржолшылар клубы жанынан ойын алаңы, саябақ ашылды. Көшелерімізге жаңа су құбыры тартылып, халық ауыз суға кенелді. Ең бастысы, кентке газ келіп, көптеген көшелерге тас, асфальт жол төселді. «Бала біздің – болашағымыз». Сондықтан болар, қазір ауылымызда 280 орындық «Алтын сақа», 165 орындық «Балбөбек» бөбекжайлары ашылып, халыққа қызмет көрсетуде.
Ауыл болған соң малсыз болмайды. Қала типтегі кент десек те бізде кейбір азаматтар жеке ауласында мал ұстайды. Қазір ауылдық округте есепте 1006 бас ірі қара, 5515 қой, 168 ешкі, 337 жылқы, 15 шошқа мен 7176 құс бар. Оларға жергілікті әкімдік 846 гектар жайылымдық жер бөліп берген. Жалпы округтің аумағына 1768 гектар жер берілген. Оны жеке кәсіппен айналыссам деген әр ауыл тұрғыны ала алады. «Эделби» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі солардың бірі.
Айту керек, 2003 жылы елді мекенде 7-8 баллдық күші бар зілзала болды. Оның эпицентрі, яғни кіндігі осы біздің Луговой кенті еді. Кентте 10 мыңнан аса халық бар. 2250 тұрғын жайдың 1277 –і жарамсыз болып қалды. 771 үй құлаған орнынан қайта тұрғызылды. Сондай-ақ, кенттің территориясынан 302 жаңа тұрғын үй бой көтерді. 204 отбасы басқа елді мекендерге қоныс аударды. 1006 үй күрделі жөндеуден өтіп, 150 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Максим Горький атындағы мектеп пен емхана, мешіт, пошта үйі жаңадан салынды. Әкімшілік үйі, вокзал, тағы да бірқатар мекеме үйлері күрделі жөндеуден өтті. Сол бір жүрек толқыған күндері бізге республикамыздың түкпір-түкпірінен көмекке көптеген құрылысшылар келді, қолы ашық, жүрегінің иманы бар жандар демеушілік көрсетті. Үкіметтен гуманитарлық көмек келді.
Қазір кентте 9546 қарға тамырлы қазақ ұлтының өкілдері тұрып жатыр. Кейінгі кезде Өзбекстанның Газли, Түркменстан мен Қарақалпақстаннан төрт жүзге таяу отбасы көшіп келді. Қандастарымыз мемлекет тарапынан берілген көші-қон квоталары мен жәрдем ақшаларын алып, өздеріне үй-жай сатып алып, үй салуда. Егер бекетте 557 орыс ұлтының өкілі тұрып жатса, олар осы мекенге осыдан 300 жыл, кейінгілері 90 жыл бұрын көшіп келіп, жергілікті ұлт өкілдерімен тонның ішкі бауындай болып, етене жақын араласып кеткен. Бұдан өзге 261 азаматтың ішінде ұлты қырғыз, өзбек, татар, украин, неміс, қарашай, чечен, черкес, түрік, мордва, хакас, балкар, құмық, қалмақ ұлыстары да бар. Біздің қазақтар оларды ұлтына, түр-түсіне қарап, ешқашан бөлген емес, қайта меймандос дастарханынан дәм-тұз татқызып, Наурыз мейрамын бірге қарсы алып жүр.
Мен өзім де осы ауылда туып, дүние есігін ашқанмын. Сондықтан бұл ауыл маған әрқашан ыстық көрінеді. Кент көшелеріне Ұлы Отан соғысының ардагерлері Саяқ Құйқабаев пен Сәбден Құлмаханбетовтың есімдері беріліпті. Ал, медицина ғылымдарының докторы Қанат Әбіқұловқа өзі тұрған көше бойына ескерткіш тақта орнатылыпты. Біздің кенттегі мектептердің бірінде Ленин орденді сауыншы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Алмагүл Әбдірайымова да оқыған екен. Менің есімде қалған ауылдық кеңесті басқарған азаматтардың ішінде Әбілқасым Нұрмағамбетов пен Ақжақ Райымқұлов, Тоқтаналы Құлмахамбетов, хатшы Әділ Самарқанұлы, ауыл әкімі Әбіш Базарқұлов жақсы сақталыпты. Округтен рельс дәнекерлеу кәсіпорнының ашылуы да біздің Луговой бекетінің атын бүкіл елімізге танытты. Сондықтан бүгінде Қытай мен Иранды болат жолмен байланыстырып отырған халықаралық деңгейдегі теміржол бекетінің еліміздің тарихына қосып отырған оймақтай болса да үлесі бар ғой деп ойлаймын. Біз тұңғыш машинист, «Ленин» орденінің иегері Жәбира Жүсіпқызымен, «Түрксіб» тарландары, Социалистік Еңбек Ерлері Әлмахан Әбдіманапов пен Телтай Дәуітовтардың, «Ленин» орденінің иегерлері Сары Ахметовтың, Әлімқұл Итбаевтың, Уәзбек Байқазақовтың, Әбдімомын Аққұлиевтің есімдерін мақтан етеміз. Олардың ортасынан 103 жасап, өмірден өткен осы ғасыр құрылысының майталманы, құрметті теміржолшы Дүйсенбай Тоқтыбаевтың, есімдерін ерекше құрметпен атай аламыз.

Мақала С.Қожекенің «Жаңғырған өңір»
атты кітабынан
алынды.

Поделиться ссылкой: