Еткен еңбегі – ел есінде
23 ViewsЕткен еңбегі – ел есінде Өзі өмірден өтсе де, оның есімі мен адамгершілік қасиеті аңыз болып айтылып жүретін адамдар болады. Аз әрине ондай жандар.…
Еткен еңбегі – ел есінде
Өзі өмірден өтсе де, оның есімі мен адамгершілік қасиеті аңыз болып айтылып жүретін адамдар болады. Аз әрине ондай жандар. Дегенмен өзінің туған жерінің азаматтарына барынша қолдау көрсетіп, адамдарды жұмыспен қамтып, ауданымыздың экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, сөзі мен ісі бір-біріне сай, айтқан уәдесін екі етпейтін бір жан болса, ол – Сүлейменов Пазыл Әбілдаұлы еді. Пазыл Әбілдаұлы расымен де уәдесіне берік адам болатын. Айтты ма, соны міндетті түрде орындайтын. Ол бір жылдары аудандық мәслихаттың хатшысы болды. Ол кезде солай аталатын. Қазір аудандық мәслихат төрағасы болып айтылып, жазылады. Кейіннен Қоғамдық кеңес төрағасы да болды. Бұл жерде біздің айтпағымыз, сол кезеңдерде Пазыл Әбілдаұлының жанында жүріп, онымен қызметтес болған аға буын өкілдерінің оның жаңағы біз жазған уәдеге беріктігін, көп сөйлемей, әрқашан дөп сөйлейтін қасиетін айтып қалып жатады. Осындай кесек мінезді адамдардың қызметтік өмір жолы мен ғибратты ғұмыры өзі өмірден өтсе де көмескіленбей, аңыз болып айтыла береді екен ғой…
Жуырда «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, Тұрар Рысқұлов ауданының «Құрметті азаматы» болған арда азамат Сүлейменов Пазыл Әбілдаұлын еске алуға арналған волейболдан ерлер арасында аудандық ашық турнир өтті. Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбек, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, ауданның Құрметті азаматы, Д.А.Қонаев атындағы қоғамдық қорының Тұрар Рысқұлов аудандық бөлімінің төрағасы Мұратхан Стыбаев қатысып, сөз сөйледі.
Сүлейменов Пазыл Әбілдаұлын еске алуға арналған ерлер арасындағы аудандық ашық турнирге 16 команда қатысты. Турнирдің бас демеушісі – Сүлейменов Данияр Пазылұлы екенін де айта кетейік. Бұл турнирге Байзақ ауданы және Тараз қаласынан да командалар келіп, бақ сынады. Турнир қорытындысы бойынша жүлделі төртінші орынды Байзақ ауданының командасы иеленсе, жүлделі үшінші орынды Көкдөнен ауылының жігіттері өз еншілеріне жазды. Ал жүлделі екінші орын Тараз қаласы командасының жігіттеріне бұйырды. Жаңатұрмыс ауылының командасы осы турнирде топ жарып, жеңімпаз атанды. Жеңімпаз бен жүлдегер болған командаларға арнайы кубок, дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Марат Жолдасбекұлы.