Жалғыз рет берілген бұл фәниде, Бір-біріңе сыйлаңдаршы қуаныш!

178 Views

Ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, жерлесіміз Шырын Мамасерікованың бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз..

Батагөй

(Қ.Бижановқа)
Тілде – Құран, жүректе иман нұры бар,
Табанында тайғақтамас бүрі бар.
Абыроймен орындаған жұмысын,
Азаматқа бақыт құсы бұрылар.

Қыдыр келіп босағаңа қонсын деп,
Дастарханға түрлі тағам толсын деп.
Бата беріп қуантасың, Қожайхан,
Таң шуақты, тән қуатты болсын деп.

Әкеңді өлең періштесі жебеген,
Сондықтан ол бақытсызбын демеген.
Жамбыл, Кенен сарқытынан дәм татқан,
Жүзіп өткен өнер атты кемемен.

Даналардың лебізіне бас ұрдың,
Себебі сен, сынығысың асылдың.
Құландағы Ардагерлер үйінде,
Қазыналы қарттар даңқын асырдың.

Құлқындары құныққаннан қашасың,
Құшағыңды адал жанға ашасың.
Қатері мол сан белестен сүрінбей,
Өткен сайын аяқты нық басасың.

Көңілінен күн шығардай арайлап,
Көкейге ұнар сөз тосамыз қарайлап.
Бабалардың үні естілсе батадан,
Бағы жанып құлпырады бар аймақ.

Мұны жақсы түсінесің өзің де,
Айбыны асқақ сәуле ойнайды көзіңде.
Ата-салттың мәртебесін көтерген,
Ақ батаның киесі бар сөзіңде!…

Жалпақсаз

Жалпақсазым – жүрегісің анамның,
Жібек байлы қанатысың баламның.
Жерұйықсың Асан Қайғы іздеген,
Жақұтындай он сегіз мың ғаламның.

Ошағының мақтан тұтар көптігін,
О туған жер, биік болсын шоқтығың!
Сенде туып өскеніме, мың тәуба,
Одан басқа айтар сөзім жоқ бүгін.

Шеттерінен парасатты, жаны ізгі,
Жақсылардың бәрі осында тәрізді.
Құлшылық қып Құдайына бес мезгіл,
Ұмытпайды мұсылмандық парызды.

Сүттей ұйып ынтымағың, бірлігің,
Ыждағатпен атқарады тірлігін.
Шыр айналып мен де сенен шықпаймын,
Босағаңа байланған соң кіндігім.

Самал желмен, жауған қармен сырласқан,
Сенде өткізген әрбір күнім – жыр-дастан.
Шабытымды шақырады үнемі,
Шарбы бұлтын шүйкелеген нұрлы аспан.

Сенсің менің керегемді кеңейткен,
Сенсің менің достарымды көбейткен.
Бұтағы алтын бәйтерегім өзіңсің,
Бесіктен-ақ көсегемді көгерткен!..

Құланым – алтын бесігім

Мөлдіреп кәусар бұлағы,
Жәудіреп жасыл құрағы.
Маңдайын Күнге сүйгізген,
Құланым – жердің жұмағы.

Тарихтың көне көзіндей,
Таппадым өлке өзіңдей.
Қымбатсың Дулат бабамның,
Шежіре тұнған сөзіндей.

Қарттары дана, көреген,
Ұлдары батыр, ер екен.
Адамдар түгіл тұлпары,
Атақ пен даңққа бөлеген.

Әлемге аян Құланның,
Ғажайып аймақ екені.
Отанның туын көтерген,
Чемпиондардың мекені.

Жайқалса бидай егісте,
Жайылған малы өрісте.
Қыздары қайран калдырар,
Түскендей көктен періште.

Құтханам ашқан есігін,
Құланым – алтын бесігім.
Терегі болсам арман жоқ,
Туған жер торқа төсінің!..

Ауылым

Жеткіншекке, уыздай жас өрімге,
Тәлім берген әдет-ғұрып жөнінде.
Ғибратты өнеге айтар қарттар бар,
Қыдыр қонған туған жердің төрінде.

Ауытқымас адалдықтың шешімі,
Айқара ашық қонақтарға есігі.
Атажұртым татулықтың тұғыры,
Берекелі бірлігімнің бесігі.

Ыстық маған қарлы боран, дауылың,
Ыстық маған нөсерлеткен жауының.
Ырыс-құттың, бақ-дәулеттің бекеті,
Аман болшы, алтын қазық ауылым.

Ұғымпаз ғып жөргегінен баптаған,
Ұрпақтары ұлт дәстүрін сақтаған.
Ата-бабам ізі жатқан киелі,
Топырақта туғаныма мақтанам.

Жөргегінде иман гүлі көктеген,
Үлкендердің алдын кесіп өтпеген.
Бал шекердей жастарынан айналдым,
Бір күні жоқ, тынымсыз тер төкпеген.

Бір құрбым бар Құланда

Тұңғиықтан маржан теріп жүретін,
Маңдай термен адал өмір сүретін.
Галя деген бір құрбым бар Құланда,
Іскер әйел санатына кіретін.

Падишасы парасатты ананың,
Сіңлісі еді Айдакүлдей дананың.
Анда-санда жолыққанда өзімен,
Жеңешемді көргендей боп қаламын.

Жанарында мейірім оты лаулаған,
Жан сарайы Айдакүлден аумаған.
Жылы жүрек аналардың қасында,
Аласа боп көрінеді тау маған.

Тәрбиелеп қызғалдақ қыз, нар ұлды,
Ұстаз болдың парасатты, дарынды.
Бағып -қағып аяладың күндіз-түн,
Қаншама жыл төсек тартқан жарыңды.

Қалса да алыс жастық шақтың ауылы,
Қорқыта алмас кәріліктің дауылы.
Жақсы ене боп келін жұмсап отырсың,
Саған риза сиқымдардың қауымы.

Ата-баба салт-дәстүрін сақтаған,
Әже атандың, ауыл-аймақ мақтаған.
Әлдилей бер, тербете бер бесікті,
Сұңқар болсын балапаның баптаған!

Ей, адамдар!

Мейірімді Аллаһ кұдіретімен жаралған,
Адам Ата – Хауа Анадан таралған.
Ей, адамдар! Ағайынбыз бәріміз,
Туған жердің топырағынан нәр алған.

Бауырлардай ұқсас біздің түріміз,
Ән шырқасақ бірдей шығар үніміз.
Түрлі ұлттың тілі басқа болса да,
Бір Құдайды мойындайды діліміз.

Адамдарға ай, күн ортақ, ауа ортақ,
Өзен, көлдер, жасыл орман, тау ортақ.
Бірақ бүгін дүрліктірген ғаламды,
Болып отыр коронавирус жау ортақ.

Тұрса да ел ғарыштарға көз қадап,
Денсаулықтан артық емес өзге бақ.
Әлем халқы жұдырықтай түйіліп,
Дертке қарсы құру керек ізгі одақ.

Ынтымақтан арман оты жағылар,
Өмір-өзен арнасымен ағылар.
Жер-жаһанның барлық жұрты біріксе,
Қауіпті індет дәрісі де табылар!

Ей, адамдар, бойларыңда бұла күш,
Жақсылықтар жасау үшін құрақ ұш.
Жалғыз рет берілген бұл фәниде,
Бір-біріңе сыйлаңдаршы қуаныш!!!

Алғыс айтам

Жиреншедей даналығын байқалтқан,
Қара ормандай жапырағын
жайқалтқан.
Алғыс айтам қазыналы қарттарға,
Тамырларын терең жайып таңғалтқан.

Түрлі ұлттың керегесін кеңейткен,
Құшағына ап терезесін тең еткен.
Алғыс айтам халқымызға кең пейіл,
Тату-тәтті мүддесі бір ел еткен.

Жан жүрегін құндақтаған жөргекпен,
Ақ сүт беріп әлпештеген, ерке еткен.
Алғыс айтам аналарға ардақты,
Түнде тұрып тал бесікті тербеткен.

Атқан таңның арайына қуанып,
Тап-таза ауа жұтқаныма жұбанып.
Алғыс айтам рақымы зор Раббыға,
Маңдайыма жазылғанды құп алып.

Жыр патшасы ұлы Абайды сүйгізген,
Сөз атасы Майқыға бас игізген.
Мың-миллион алғыс айтам Аллаға,
«Ақын бол» деп өлең тәжін кигізген!..

Поделиться ссылкой: