99 Views
Білім – ел болашағының ең басты кепілі. Жас ұрпақтың сапалы білім алып, өз қабілеттерін шыңдауы – мемлекет дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осы орайда дәстүрлі түрде өткізілетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада – дарынды оқушылардың білімін саралап, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін танытатын маңызды алаң болып табылады. Биылғы оқу жылында аталған республикалық білім додасы облысымыздың орталығы – Тараз қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Елдің әр өңірінен жиналған үздік оқушылар өзара бақ сынасып, білім мен біліктіліктің шынайы бәсекесін көрсетті. Олимпиада барысында қатысушылар тек пәндік білімдерін ғана емес, сондай-ақ, логикалық ойлау қабілеттерін, тапқырлықтарын және жан-жақты дайындықтарын дәлелдеді. Осындай маңызды білім бәсекесінде ауданымыздың намысын қорғаған №6 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Кәусар Қашқынбай ерекше жетістікке қол жеткізді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қатысқан ол жоғары деңгейдегі дайындық пен терең білімінің арқасында жүлделі І орынды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл – үлкен еңбектің, табандылықтың және үздіксіз ізденістің айқын нәтижесі. Кәусардың жетістігі – тек жеке жеңіс емес, бұл – ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегінің жемісі. Оқушының білімге деген құштарлығын оятып, бағыт-бағдар берген мұғалімдерінің кәсіби шеберлігі мен жанашырлығы да бұл жеңісте айрықша орын алады. Сонымен қатар ата-анасының қолдауы мен сенімі де жас дарынның биік белестерді бағындыруына ықпал еткені сөзсіз. Мұндай жеңістер – ауданымыздың білім саласындағы жетістіктерінің жарқын көрінісі. Жас ұрпақтың осындай табыстары өзгелерге үлгі болып, олардың да білімге деген ынтасын арттырады. Әрбір жетістік – болашаққа бастар сенімді қадам, ел ертеңіне салынған берік негіз.
«Құлан таңы» ақпарат.
Поделиться ссылкой: