Еңбегімен жұртқа сыйлы болған Мырзабек

112 Views

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылы Президент бола салысымен «Еңбекқорлық ұлт сипатын анықтайтын қасиет болу керек» деген тамаша ой айтты. Бұл дегеніңіз – дүниежүзі елдері қазақ халқын «Еңбекқор» деп білуі керек деген сөз. Тәуелсіздік жылдары әр ауылдарда халыққа ең бірінші қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар шықты. Кейбіреулер «Қазір батырлар жоқ» – деп айтып жүр. Президент айтқандай, батырлар бар. Олар арамызда әр салада еңбек етіп жүрген еңбек адамдары. Оларды біз күнделікті өмірде байқамауымызда мүмкін. Соның бірі – Өрнек ауылының азаматы Мырзабек Батырбеков баламыз. 1980 жылы туып, 1997 жылы кеншарлар мен ұжымшарлар тарап, отар-отар қойлар, табын-табын сиырлар ұстағанның қолында кеткен қиын кезде мектепті жаңадан бітірген он жеті жастағы жас баланың алдында «Не істеу керек?» – деген мәселе тұрды. Сол қиын жылдары Ақыртөбе ауылының батыс жағын халық «Шанхай» деп атап кеткен. Өткен-кеткен коммерсанттарға тамақ дайындайтын жолдың екі бетін- де қаптаған дүңгіршектер пайда болды. Сол жерде ең алғашқы кәсіптерін бастаған Тереңөзек ауылында тұратын нағашылары ағайынды Сұлтанбаевтар жақсы табыс тауып, қор жинап алған соң «Береке» атты шаруа қожалығын ашты. Мырзабек еш ойланбастан осы қожалыққа барып алғашқы еңбек жолын бастады. «Үйдің жақсы болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан» дегендей, еңбекқор, іскер нағашыларының қолында 9 жыл еңбек етті. Шаруа қожалықты қалай жүргізудің қыр-сырына қанықты. Содан кейін Мырзабек 4 жыл Алматыда дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Сол жақта жүріп тапқан табысынан мал сатып алып, ауылға келіп мал басын көбейтті. Енді не істемек керек. Біреудің малын біреу баға ма? Жаны аши ма? Оның үстіне малшыға ақы төлеу керек.
Содан құмнан мал қора соғып, 3 жыл мал бақты. Мал басын көбейтті. Қаржы жинады. Сол кезде ең алғашқы болып шаруа қожалығын ашқан «Ленин» орденді Даянов Қазақбайдың қарамағында 2 жыл «Урал» деген вездеход машинасын айдады. «Талапты ерге нұр» жауар дегендей, осының бәрін еш жерде оқымай-ақ өз бетінше игерді. Осы жылдарда жинаған тәжірибесі бар, қаражаты бар, мал басы бар Мырзабек «Байбол» атты шаруа қожалығын құрды. Қожалықтың жұмысы техникасыз жүре ме? Әкесі марқұм Мырзахмет ұзақ жыл кеңшарда көлік жүргізуші болып жұмыс істеген. Содан үйренгені болар, қалған-құтқан темір-терсектерден өзі Беларусь тракторын, соқа, сеялка құрастырды. «Жігітке жетіөнер де аз» дегендей, осы тірліктің бәрін ешкімге жалынбай-ақ өзі атқарды. Екі аяғына нық тұрып алған соң екі қуатты «К-70г» тракторын, егін оратын комбайн лизингке сатып алды. Алдында ожауы бар жер тегістейтін, жүк салатын трактор, одан кейін қызылша жинайтын техника сатып алды. Бірер жылдар бұрын 25 гектар жерді арендаға алып, қызылша егіп, өнімін Меркіге апарып қыркүйек айының 18 күні барып, ақпан айының 17 күні әрең өткізіп қайтқанын, қатты қиналғанын айтады.
Ал былтыр қызылшасын 3-ақ күнде жинап, Меркіге 2-ақ күнде өткізіп қайтыпты. Мұнымен қоса Мырзабек мал сатумен де айналысты. Сенбі күндері түн ішінде Шымкент жақтағы «Қара-бұлақ» базарынан жылқы әкеліп, Меркінің базарына апарып сатып жүрді. Тіпті сонау Шығыс Қазақстанның Қатон-Қарағайынан мал әкеліп, семіртіп табыс тапты. Бір жолы құмда көлігі бұзылып, түн ішінде қырық шақырым жерден ауылға жаяу келген. Не деген еңбекқорлық. Қазіргі заманның батыры деген осылар емес пе? Бір сөзінде «Бізге қарап жатуға болмайды» дегені бар. Шындығында нағыз еңбек адамы бос қарап отыра алмайды. Былтыр ауа-райының қолайсыздығынан біздің аймақта егін нашар болды. Комбайнмен шабуға да татымайды. Бос қарап жүргенше 3 ай Көкшетауға 2 «Камаз» көлігімен егін жинауға барып қайтты. Нағыз еңбек адамы осы емес пе? Осы жерде Мырзабектің анасы Хафизаның еңбегін ерекше атап өтуге болады. Жұбайынан ертерек айырылып қалса да балаларына дұрыс тәрбие беріп, адал еңбек етуге үйреткен, кейбіреулер сияқты жаман жолға түсіп кетпеуіне жағдай жасаған, тура жолмен жүруге тәрбиелеген Хафиза анасын қалай мақтасақ та жарасады. Үлкен ұлы Есен мектепті жақсы бітіріп, өз күшімен Алматы политехникалық институтын бітіріп, инженер болып жүмыс істейді, кіші ұлы Мырзатай да Алматыда құрылысшы. Ал қасиетті қарашаңырақта Мырзабек отыр.
Жалпы ер-азаматтың үй-ішіне алаңдамай емін-еркін шаруашылықпен айналысуы үшін отбасының мықты, ұйымшыл берекелі болуы өте маңызды. «Берекесіз үйдің мерекесі де болмайды» дегендей, бүкіл үйдің тіршілігін тап-тұйнақтай етіп құдайдың берген 4 ұл, 1 қызының ас-суын, киім-кешегін, оқуын, 76 жастағы енесін Хафизаның бар жағдайын жасап отырған Айсұлу келіннің еңбегі ерекше. Үлкен ұлы Мырзакелді Отан алдындағы борышын өтеп келсе, одан кейінгі қызы Айжан Алматыда Қонаев атындағы Еуразия заң университетінің студенті. Мырзабек ауыл жігіттерінен тағы да 80 гектар жер алып, оның 20 гектарына қызылша, 60 гектарына пияз егуді жоспарлап отыр. Артезиан құдығын қазып дайындап қойған. Су атқылап тұр. Техника бар. «Алғашқы кезде дүнгендерді шақырып қалай себу керек, қалай баптау керек екенін үйренеміз. Ары қарай өзіміз-ақ алып кетеміз» дейді. Мұның бәрін неге жазып отырмын. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жастармен болған бір кездесуде «Университет бітірмей-ақ жақсы өмір сүруге болады» деді. Мен осы сөзді қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Оның жарқын мысалы әңгіме етіп отырған Мырзабек баламыз. Өзінің таудай талабымен, өжеттілігімен, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын қайсарлығымен, адал еңбегімен ауылдағы ең бақуатты азаматтың біріне айналды. Ең алғашқылардың бірі болып зәулім үй соқты. 150-200 тонна қамба мал бордақылайтын қора бар. Астында темір тұлпар. Қазақта «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды», «Үйленбей жатып бала сұрағаннан без, еңбек етпей байлық сұрағаннан без» дейді. Мырзабектің тірлігі басқаларға үлгі болсын. «Алма піс, аузыма түстің» заманы өткен. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген мақаламен келіспеймін. Бақ аспаннан түсе қалмайды. Абай атамыздың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде «Бес нәрсеге асық бол» – дейді. Сол бесеудің ең бірегейі – талап. «Талаптыға – нұр жауар» дейді. Қазақтың әрбір азаматы алдына таудай талап қойып, соған әкелу үшін аянбай еңбек еткені жөн. Кейбір азаматтардың басына жоғарыда отырған көкелерінің арқасында бақ қонуы мүмкін. Көкелері кеткен соң ол бақ ұшып кетеді. Ешқандай қолдаушы көкесі жоқ Мырзабек баламыз адал еңбегімен, таудай талабымен үлкен жетістікке жетті. Бұл басқа да жастарға үлгі болуы керек.

Кенжебай Аманқұлов, зейнеткер ұстаз.
Өрнек ауылы.

Поделиться ссылкой: