Бақытты отбасы – ел тірегі

300 Views

Бақытты – бала, бақытты – ана, бақытты – отбасы. Соңғы кездері осы бір үш ұғым медиакеңістікте көп қолданылып жүр. Бұл нені білдіреді? Бұл – аталмыш салада проблеманың барлығын, оны ортақ іске ойысып, оңтайлы шешу жолдарын қарастыру қажеттілігін анық аңғартады.

Иә, бүгінде бала мен ананың арасындағы қарым-қатынасты нығайту, отбасындағы тәрбиені күшейту, әкені де ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жүйесіне кіріктіру – аса маңызды іс. Мақтағанымыз емес, ашығын айтайық, кейінгі кездері ауданымызда осы бағыттағы жұмыстар жаңаша жаңғырып, ілкімді істер қолға алынып келеді. Оның бәрі аудан әкімдігінің қолдауымен іске асырылып жатқан жұмыстар.
Мәселен, өткен жылы аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен бұрынғы «Халыққа қызмет көрсету» орталығы күрделі жөндеуден өтіп, «Достық» үйі ретінде қайта ашылды. Бұл – бір.
Екіншіден, аудандық ардагерлер ұйымының жанынан «Әкелер» және «Аналар» кеңесі құрылып, бүгінде олар тыңғылықты әрі тиянақты түрде жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, бұл тізімге республикалық «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің аудандық өкілдерін де қосып, олардың бүгінде атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалауға да болады.
Құрылған кеңестер мен бірлес­тіктердің ұстанған бағыты да, мақсат-міндеті де ортақ. Ол – отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беру. Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстарға тек аудандық әкімдік қана емес, облыс әкімдігінің де қосып жатқан үлесі һәм қолдауы орасан зор.
Сәрсенбі күні жоғарыда аталған мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін Мұратбек Арыстанбеков басшылық ететін Абай ауылдық округінде «Елдің күші – бақытты отбасы» тақырыбында үлкен форматтағы іс-шара өтті. Оған этнос өкілдері, ақ жаулықты аналар, кеңес және бірлестік мүшелері, әкімдер және мұғалімдер қатысты. Сондай-ақ, құрметті қонақ ретінде облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен мен аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов бастаған ардагерлер де қатысып, шарапаты мол іс-шараның көрігін қыздырды.
Шара барысында ең алғашқы сөздер аудандық аналар Кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзоваға, облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен мен аудан әкімі Ернар Есіркеповке берілді. Кеңес төрайымы Түзел Селбайқызы жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндаса, облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мейірбекұлы отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын күшейту, саналы ата-ананың мәдениетін қалыптастыру, олардың бала тәрбие­сіндегі рөлін арттыру жөнінде оябы бөлек ой айтты. Ал аудан басшысы Ернар Есіркепов болса, аудан көлемінде ата-анаға және балаға жайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп берді. Сондай-ақ, іс-шарада ауыл әкімі Мұратбек Дәкенұлы да сөз сөйлеп, Абай ауылы осыдан бірнеше жыл бұрын «Үлгілі ауыл» атанғанын, өзіде ауыл әкімдеріне арналған жарыстың аудандық, облыстық кезеңдерінде әріптестерінен оқ бойы озып, жеңімпаз атанып, республика көлемінде үздік үш ауылдық округ әкімдерінің қатарына іліккенін жеткізді. Сондай-ақ, Мұратбек Дәкенұлы ауыл аумағында жастардың белсенді екенін, қоғамдық әрі қамқоршылық ұйымдардың жұмысы жүйелі қалыптасқанын, соның нәтижесінде ауылда жастардың ажырасу деңгейі және қылмыс саны азайғанын мәлімдеді.
Баяндамашылардан кейін шараны республикалық «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Есенкүл Мұхтарова жалғастырып, ой сергіту үшін ата-аналарға бірнеше сұрақтар қойды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар шара барысында үлгілі ауылдың бетке ұстар отбасылары туралы түсірілген бейнероликтерді көрсетті.
Жиын соңында мектептің, ауылдың атын асқақтатып, мәртебесін көтеріп жүрген оқушылардың ата-аналары мен шараны ұйымдастырушылар аудан және ауыл әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: