Қартын сыйлай білген елде қасиет бар, Олар берген бата-тілекте өсиет бар
Өткен сейсенбіде аудан әкімі Ернар Есіркепов Луговой ауылдық округінің ардагерлер кеңесі мүшелерімен кездесті.
Жасырып керегі не, қазір қоғамда ұлттық құндылықтарға қатысты және бала тәрбиелеу ісі жайында қордаланған мәселе көп. Қазір жұрттың көбі әлеуметтік желіні «айнымас серігіне» айналдырып алған. Құдды бір сол арқылы мәселе шешілетіндей көрінеді. Қазір екінің бірі – «блогерсымақ».
Үйінде жарық сөніп қалса да, аудан әкімін себепсізден-себепсіз «кінәлайтындар» бар. Шын мәнісінде, үйдегі жарыққа өзіміз жауапты емеспіз бе? Ең бастысы, елде ынтымақ, бірлік болса екен деп тілейік, ардақты ағайын!
Неге десеңіз, сөнген жарық жанады, жөнделмеген жол асфальттанады, тіпті ауылда жоқ болса, мектепте салынар, ауыз су да тартылар, ең бастысы пейіл тартылмаса екен. Сонда біздің елдің де жағдайы жақсы болады, мемлекеттің де мерейі артады.
Луговой ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесуде аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші туралы сөз қозғады. Оның әрбір сөйлеген сөзінен жұмысқа ысылғаны көрініп тұрды. Расымен де, аудан әкімінің қызметіне тағайындалғанына 1 жылдан енді ғана асса да, көптеген жұмыстар атқаруда. Оны кездесуде Луговой ауылдық округі ардагерлерінің өздері де айтты.
– Иә, рас. Жасалған жұмыстарда кемшіліктер болуы мүмкін. Себебі, сүйексіз балық, кемшіліксіз адам болмайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана қазақ. Әрбіріміз мемлекет басқарып отырған Президентіміз бен Ернар Серікәліұлы секілді іскер азаматтарға сеніп, бір-бірімізді бағалауымыз керек, – деді кездесуге қатысқан аудандық ардагерлер кеңе сінің төрағасы Қожайхан Бижанов.
Кездесу соңында Луговой ауылының ардагерлері бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Оған аудан басшысы Ернар Есіркепов еш мүдірмей, жазылған қағазға қарамай-ақ үн қатып, нақты әрі дәйекті жауаптар берді.
М.Жолдасбекұлы.