Ерсен сөзінде тұрды

132 Views

Біздің газет Ерсен Станбек туралы кө-ө-ө-өөөп жазды. Жас спортшының жан дүниесіне үңілген сәтіміз жетерлік. Ерсен көп адамға сыр да ақтара бермейді. Адамды алдымен зерттейді. Дұрыс қой, оныкі. Беталбат лепіріп сөйлеп, артынан бармақ тістеп қалып жүргендер де жоқ емес қой. Ерсен соны санасымен түсінген. Сондықтан ол көп сөйлемейді. Бір сөйлесе, нық сөйлейді.
Газетіміздің алдыңғы нөмір­лерінің бірінде Ерсеннің пара пауэрлифтингтен Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатыса­тыны туралы мақала жазғанбыз. Дәл осы чемпионат қазір Дубайда өтіп жатыр. «Ерсің сен, Ерсен» деген тақырыппен жазылған сол мақалада жас спортшы «Дубайдан жүлдемен ораламын» деп бізге уәде еткен еді.
Сейсенбі күні Ерсен өнер көр­сетті. Қуанғанымыз, Ерсен сол уәде еткен сөзінде тұрып, пара пауэрлифтингтен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Біз кеше Ерсенмен сөйлестік. Қуанышында шек жоқ. «Бәрінен бұрын елдің абыройын асқақтатып, қарға тамырлы қазақтың туын жерге жықпай, марқайып қайтатын болдым» деп ақтарыла сыр айтты бізге. Шыны керек, Ерсеннің мына сөзі тасжүрек адамның өзін де ойландырмай қоймасы анық. Біздің де жүрегіміз жібіп сала берді.
– Дубай өте керемет қала екен. Осы қалада елімнің намысын қорғаған менде арман жоқ. Пара пауэрлифтингтен өтіп жатқан Әлем чемпионатында 59 келі салмақта бағымды сынадым. Жүлдеге 20 спортшы тайталасты. Польша елінен келген спортшы жігіт жақсы дайындықпен келген екен. Менің де дайындығым жақсы болды. Алдыма мақсат қойдым. Осы чемпионатта 107 келілік зілтемірді көтеріп, үздік 3 спортшының қатарына ендім. Сіздердің газет арқылы анам Жанатқа үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Бұйыртса, Олимпиада ойындарында да елімнің абыройын көтеріп, анамның маған артқан сенімін ақтаймын деп ойлаймын. Мені қолдаған барша жамбылдық жерлестерімізге де шексіз ризамын, – дейді Ерсеннің өзі.
Сөз басында Ерсен туралы көп жазғанымызды айттық. Ол талай сынақты бастан кешкен спортшы. Соның қай-қайсысын болса да, темірдей төзімнің арқасында жеңе білді.
Марқұм Бекзат Саттарханов ағасының «Арманым 3 дүркін Олимпиада чемпионы болу» деген сөзін бізге айтқан еді. Әлем чемпионатындағы қола жүлде Ерсеннің сол арманының бір пұшпағы деп білеміз. Тағы да жазудан танбаймыз. Өткенде де осы сөзді жазғанбыз. Ерсенге сеніңіздер! Ол сенімдеріңізді ақтайды.
Ерсеннің бай-бағлан көкесі жоқ. Әкесі өмірден өтіп кеткен. Анасы жай ғана шаруа адам. Анда не болмаса мұнда жетектейтін «қалталы тамыр-танысы» да жоқ. Ол өз-өзін қамшылап, осындай тура жолда келе жатқан жас спортшы. Түкке пайдасы жоқ, болмайтын атақтарын тізіп әкеліп, газетке жариялағысы келетін ауданда белгілі бір адамдар бар. Міне, өздеріңізде көріп отырсыздар ғой. Сондай адамдар мен Ерсеннің жетістігін саралап көріңізші енді. Ерсен бүтін бір ұлттың намысын асқақтатып тұр. Сонда да газетке қайырылып, «Мені жазыңызшы» деген емес. Өйткені, ол – айтқан сөзін екі етпей, іс жүзінде дәлелдейтін нағыз спортшы.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: