Заңды білу – заман талабы

323 Views

Құрметті оқырман! Әлемнің қай мемлекетін алсаңыз да, елдегі заңдар алдымен Конституция аясында әзірленеді. Дүние жүзіндегі барша мемлекеттер сияқты біздің еліміздегі заңдар да Ата Заңымызға арқа сүйейді. Алдымен қазақ халқының тарихына қысқаша көз салайықшы.

Жалпы қазақ халқының тарихын­да ел­дегі бірлікті белгілі бір ортақ тәртіптер арқылы сақтау үрдісі бұрын­нан қалыптасқан. Бұл ретте елдің есінде де, тарихтың хатында да ерекше орын алатын құнды құжат – «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен алғашқы заң жинағы. Бұл – бір. Екіншіден, Есім ханның «Ескі жолы» да қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкелді. Ал ХVII ғасырдың соңында Тәуке хан билік құрған кезде тұжырымдалған заңдар жинағы «Жеті жарғы» деген атпен баршамызға мәлім. Осы үш заң шеңберінде қайран бабаларымыз, дана хандарымыз бен ақылгөй билеріміз халқымыздың ішкі-сыртқы жағдайын реттеп отырған.
Елдің ішкі-сырт­қы тір­шілі­гіне қатысты негіз­гі заң­ды қалып­­тастыру мақ­сатында Алаш арыстары да аянып қалған жоқ. Олар Алаш Конституциясының жобасын жаса­ған бола­тын. Алаш арыстары дайын­даған негіз­гі заң жобасы демократия­лық тұрғы­дан алғанда өзгелерден әл­деқайда озық тұрды. Алайда, 1920 жылы арыстарымыз мақсат тұтқан еліміз үшін маңызды саналған демократиялық қағидаттарға қарама-қайшы «Қырғыз (Қазақ) АКСР еңбекшілерінің құқық декларациясы» қабылданды.
Жалпы Қазақстан тарихында ел Конституциясы бес рет қабылданған.Оның үшеуі 1926,1937,1978 жылдары Кеңес одағы кезінде қабылданса, кейінгі екеуі 1993 және 1995 жылдары Тәуелсіз Қазақстан кезеңін­де қабыл­данған. Біздің еліміз бірін­ші кезекте өз тәуелсіздігін заңдық тұрғы­да бекем­деу ісіне кірісті. Қазақстанның өз мемлекеттік егемендігін нақты жүзеге асыруы бағытында Республикалық Жоғары Кеңесте 1990 жылы 25 қазан күні тарихи маңызы зор құжат қабылданған болатын. Бірнеше жыл бойы аталмай келген осы 25 қазан күні 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Респуб­лика­сының мере­келік күндер тізіміне енгізілді.
Бұл Кон­сти­туция еліміз­дегі билік пен қара­пайым халық­тың арасындағы құқықтық қатынастарды, қазақ қоғамының өз азаматтары мен әлемдік қауым­дастықтар алдындағы басты мін­деттерін қалыптастыруға негіз болды. Еліміздің Ата Заңы – Конституция татулықтың іргетасы, барша қазақстандықтардың тең құқық­тары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып табылады. Конституция қағидаларын жүзеге асыру қоғам мен мемлекеттің өсіп-өркендеуіне, адам құқығының сақталуына, бірлік пен тұрақтылыққа жол ашады.
Заңды білу – заман талабы. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құруды жүзеге асыру үшін әрбір азамат өз құқықтарын жете білуі керек. Ол үшін біз секілді ардагерлер, қоғамдық ұйымдар жастарды заңды бұзбау, өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындау басты міндеті екендігін түсіндіруге атсалысуы керек. Заңның мықтылығы –адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаты – қоғамдағы әр түрлі мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
Ата Заңды құрметтеу – біздің мін­детіміз әрі парызымыз. Қазақстан­ның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын, Конституцияның қалыптасу тарихын жақсы білуі керек. Ата Заңымызды құрметтеу және сақтау арқылы оның тарихын, маңызын білуімізбен ғана еліміз­ді, Отанымыз­ды, тарихымызды, құн­дылық­тарымызды құрмет­тейміз және еліміздің дамуына, қоғам­дық келісімге, бейбіт өмір мен тыныштыққа қол жеткі­зе аламыз. Құрметті аудан тұрғындары, Конституция күні мерекесі құтты болсын! Отбасыларыңызға бақыт-береке, амандық, еңбекте табыс тілеймін.

Серік Өтегенов,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: