Еңбегімен еленген жандар
Бүгінгі күні қоғамдағы тәртіп пен берекені бұзып, айналаны дүрбелеңге салатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтар қатары жеткілікті екені сізге де, бізге де мәлім. Ал, қылмыскерлердің жасаған қылмысының ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді анықтап, қоғам тыныштығын күзету жолында қызмет ететін сала мамандарының еңбектері ерен деп айтсақ артық болмас.
Өздеріңізге белгілі, соңғы кездері Жамбыл облысы ішкі істер департамент басшысының және аудан әкімі Ернар Есіркеповтің тікелей тапсырмасымен жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері мереке және демалыс күндері қауіпсіздікті екі есеге ұлғайту мақсатында алдын алу шараларын жүргізуде. Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстар санын азайту мақсатында қолға алынған аталмыш акцияға аудандық жол патрульдік полиция қызметкерлері де өз үлестерін қосуда. Олардың қатарында талай жылдан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан Береке Темірәлі мен Рауан Атабаев сынды азаматтар бар.
– Біздің шағын ұжым жол қауіпсіздігіне жауапты. Ережелерге бағынбай, есерсоқтық іске ерік беретіндер біздің ауданымызда жоқ емес, бар. Оларды құрықтап, тиісті заң талаптарына сәйкес жазасын беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу – біздің басты міндетіміз. Шыны керек, біз жұмыс барысында жағымсыз фактілермен жиі кездесіп жатамыз. Сондықтан да бізге эмоцианалды тұрғыдан тұрақты, ұстамды әрі төзімді болуы қажет. Сондай-ақ, жол патрульдік полиция инспекторлары заңды мықтап меңгерген, заңнама талаптарын жақсы білетін жандар болуы керек, – дейді өз мамандығының қыр-сырын меңгеріп үлгерген жас полицейлер.
Жәнібек Сұлтан.