Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Шынайылық пен төзімділікті һәм сауаттылықты талап ететін мамандық түрі – тергеушілік. Аталмыш мамандықтың иелері қылмыскерлерді тек құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы, қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес, қозғалған істі жан-жақты зерттейді. Бұл қадамдар адам тағдырына немқұрайлы қарамай, ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай әділ шешім шығаруға сеп болмақ. Алдияр оқырман! Бүгінгі біздің мақаламыз маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген тергеушілердің бірі Нұрсейіт Метерқұлов жайында өрбімек.
Нұрсейіт Жұманғалиұлы 1987 жылы Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Қызылшаруа елді мекенінде дүниеге келген. Ауыл мектебін тәмамдағаннан кейін 2005 жылы Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне оқуға түсіп, қаржыгер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бірақ кейін жоғары оқу орнына түсер сәтте ойын өзгертіп, оқуын заңгерлік бағытта жалғастырып, 2009 жылы аталмыш мамандықты игеріп шығады. Дәл осы жылы Нұрсейіт әскерге аттанады. Алғашында бұрынғы Қапшағай қаласындағы №8-605 әскери бөлімінде болса, алты айдан кейін әскери борышын Отар қаласында өтейді.
Кейіпкерімізбен тілдесу барысында не үшін аталмыш мамандықты таңдағанын сұрадық. Нұрсейіт көп тосылған жоқ.
– Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Сонысымен де жұмысым қызық. Әрине басында оңай болған жоқ. Дейтұрғанмен, әріптестерімнің көмегі арқылы көп нәрсені үйрендім. Мол тәжірибе жинақтадым, – деген ол түрлі санаттағы қылмыстық істердің күдікті қылмыскерлерімен тілдескенде бірінші кезекте тергеушіге қаталдық пен әділдікті сақтап, талапшыл болу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, тергеушіге өз жұмысын жүзеге асыру барысында темірдей төзімділік қажет екендігін жасырған жоқ.
Шынтуайтына келгенде, біз Нұрсейіт Жұманғалиұлының бойынан жоғарыда атап өткен мінездің бәрін де байқадық. Аз ғана сұхбаттасу арқылы оның болмысынан тәжірибе мен біліктілікті тең ұстап, әділдіктің ақ жолынан таймайтынын, алдына келген әрбір жанның шынайы бет-бейнесін тани білетінін, психологиялық қарым-қатынасты дұрыс бағыттай алатынын аңғардық. Меніңше, дәл осындай адами капиталы дамыған азаматтар тергеуші болуға әбден лайықты.
Жәнібек Базылбек.