Адал іс азаматты абыройлы етеді

183 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Өрнек ауылдық округінің халқымен кездесті. Өздеріңіз білесіздер, аудан әкімінің кездесуі бұрынғыдай қатып қалған қағида бойынша өтпейді қазір. Яғни, бір кездесу Өрнек ауылында өтсе, келесі кездесу ауылдық округке қарасты өзге елді мекенде өтеді. Бұл да бір – «Жаңа Қазақстанға» бет алудың өзгеше сипаты деп түйген жөн шығар.

Жаңа да жаздық қой, аудан әкімі Ернар Есіркеповтің Президенттің №826-шы Жарлығына сәйкес, Өрнек ауылдық округінің халқымен кездесуі бұл жолы Жарлысу ауылында өтті. Жарлысуды да білесіздер, бірлігі жарасқан, халқы ұйымшыл ауыл. Талай адамға көмек қолын созған, «Шәушен» шаруа қожалығын басқарып, Қазақстанның Еңбек Ері атанған Сайрамбай Дөнен­баев (бұл күні арамызда жоқ) дәл осы Жарлысу ауылында дүниеге келген.
Оны кездесу барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы да назарға алып айтып өтті. Жарлысу ауылындағы Айтқұл Шынәсілов атындағы шағын орта­лықты орта мектептің акт залында өт­кен кездесуде аудан әкімі Ернар Есіркепов аудан бойынша атқарылып жат­қан толайым тірліктерді баяндап берді.
Содан соң жарлысулықтар сұрақ қойды. Соның ішінде өзектісі әрине – ауыз суға қатысты сұрақ болды. Ауыз су мәселесіне қатысты аудан басшысы құр қарап отырмай, осы қызметке келген күннен бастап қарекет қылғанын, әлі де болса жұмыстар жүргізіп жатқанын, қа­лың көпшілік шыдамдылық таны­тып, атқарушы билікке сенсе, «жұрт­ты дүрліктірген» мәселе де оңды бо­лып, ауыл халқы сапалы ауыз суды тұты­на­тын кез келеді деп сендірді жиылған жұртшылықты.
Түс мезгілінен соң дәл осындай кездесу Құмарық ауылында өтті. Құмарық ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуді аудан әкімінің орын­басары Ерғазы Еспенов жалғас­тырып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, денсаулық, білім, мәдениет және спорт салаларында атқарылып жатқан игі тірліктерді баяндады.
Ерғазы Жұмабекұлы өз сөзінде Құмарық ауылдық округіне биыл 169,0 миллион теңге қаражат қарастырылып отырғанын айтты. Яғни, Құмарық ауы­лындағы Жібек жолы көшесін ас­фальт­ты орташа жөндеуге 8,2 миллион теңге, осы Жібек жолы көшесінің бұрылысын ас­фальтты орташа жөн­деу­ге 38,4 мил­лион теңге, Жібек жолы көшесіне жарық­шам орнатуға 9,1 миллион теңге, Абай көшесіне жарықшам ор­натуға 1,5 миллион теңге, ауыл ор­та­лы­ғына демалыс алаңын жасауға 5,8 миллион теңге, «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы бойынша Құмарық ауылындағы сая­бақты абаттандыру жұмыс­тарына 3,5 миллион теңге, Қанаев көшесіне жарықшам орнатуға 3,7 мил­лион теңге, М.Мәметова көшесіне жарықшам орнатуға 3,9 миллион теңге және Құмарықтағы орталық саябақты абаттандыру жұмыстарына 5,0 миллион теңге бөлініп отырғанын жеткізді. Құ­марық ауылдық округіне қарасты 2 елді мекен бар. Бірі – Қаракемер болса, екіншісі – Алғабас ауылы. Бұл 2 елді мекенге де назар аударылған. Мәселен, Қаракемер елді мекеніндегі Ақназар көшесін асфальтты орташа жөндеуге 44,7 миллион теңге, Жамбыл көшесіне жарықшам орнатуға 4,7 миллион теңге, ал, Алғабас ауылындағы Игисинов көшесіне асфальтты орташа жөндеуге 37,5 миллион теңге және Алғабас ауылына балалар ойын алаңын орнатуға 3 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: