Көгершіндіктер Асан Нұржанға құрметін көрсетті

51 Views

Асан Нұржанның есім-сойын күрес сүйер жанкүйерлер жақсы біледі. Ол 2021 жылы грек-рим күресінен 77 келі салмақ дәрежесінде Бразилияда өткен сурдлимпиадалық ойындарда қола медаль еншілеген спортшы. Биыл, яғни 2023 жылы Қырғызстанның астанасы Бішкек шаһарында өткен Азия чемпионатында 82 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, чемпион атанды. Негізінен Асан Нұржанның бір басына атағы жетерлік. Ол сондай-ақ, грек-рим күресінен Қазақстанның 3 дүркін жеңімпазы. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері. Біреу білсе, біреу білмейтін шығар. Асан Нұржан 2001 жылдың 4 маусымында Көгершін ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы Ақтоған орта мектебінде білім алған. Кейіннен Тараз қаласына қоныс аударған. Таразда күрестің қыр-сырын еркін меңгеріп, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған спорт мектеп-интернатына оқуға түскен. Қазіргі таңда Асан Нұржан еліміздегі таңдаулы спортшылардың қатарында екеніне сіз бен біздің көзіміз жетіп отыр.
Естіген де боларсыздар, жақында Асан Нұржан грек-рим күресінен Әлем чемпионы атанды. Теледидардан өзі сұхбат та берген болатын. Білуімізше, сурдлимпиадалық спортта бұл бұрын-соңды болмаған жетістік. Яғни, ол дегеніңіз – тарихи жеңіс! Сол жеңістің иегері – Асан Нұржан.
Жақында Асан Нұржан туған жеріне келді. Оны ауылдастары құшақ жая қарсы алды. Өзі де ағынан жарылып сөйлеп, туған жердің қасиеті жайлы оябы бөлек сөздер сөйледі. Көгершіндіктер оған дән риза. Жуырда ғана салтанатты ашылу рәсімі өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілген спорт кешенінде өткен кездесуде ауыл ақсақалдары жас спортшыға ақ батасын беріп, тілеулес екенін жеткізді. Көгершін ауылдық округінің әкімі Ернар Бағылбеков те өзінің ақжарма тілегін жеткізіп, спортшыға сәттілік тіледі. Асан Нұржанның өзі де арнайы шақырып, осындай кездесу ұйымдастырған барша ауылдастарына ризашылығын білдірді. Өзі де құр алақан келмеген екен. Туған жеріне деген құрметін білдіріп, жаңадан ашылған спорт кешенге арнайы құрал-жабдықтар ала келіпті. Кездесу соңында Көгершін ауылының азаматтары Асан Нұржанға ат мінгізіп, жас балуанға өздерінің кұрметін көрсетті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: