Алтайдың Кербұғысы

249 Views

Биыл қазақтың қабырғалы қаламгері Оралхан Бөкейдің туғанына – 80 жыл толып отыр. Ұлт руханиятында оның тұлғалық болмысы ерекше құрметке ие. Қазақ прозасына ерекше леп әкелген жазушының мерейтойы биыл республика көлемінде дүркін-дүркін аталып өтілуде. 

Халық арасында «Алтайдың Кербұғысы» атанған белгілі жазушы Оралхан Бөкей Шығыс Қазақстанның шұрайлы өлкесі Қатон­қара­ғайда дүниеге келіп, орақ тілді әкесі Бөкей мен ақ жарқын мінезді анасы Күлияның отбасында тәрбиеленген. Сұлу табиғат, ата-анадан алған рухани тәрбиенің жемісі Оралханды шебер жазушыға айналдырған.
Оралханның шығармашылығы маған, ең алдымен, мектеп оқулық­тарында берілген «Тортай мінер ақ боз ат», «Атау кере» шығармаларымен таныс. Сондықтан болар, Оралхан дегенде көз алдыма қандай күйге түссе де, жақсылыққа ұмтылып, армандай білетін, жан тазалығын, ар тазалығын, маңдай термен нан табудың рақатын көксейтін, ұлттық мүдделерді биік қоятын, әрқилы тағдыр кешіп жатқан кейіпкерлерді жағымды-жағымсыз қалпымен, дәл өмірдегідей боямасыз суреттейтін және қоғамның өзекті тақырыптарын тап басып жазатын жазушы елестейді. Жазушы кейіп­кер­лерінің сырын, мұңын, нәзік жүрек­терін жан-тәніммен түсінгендей күй кешемін. Шығармаларынан ел тарихын танып, рухани күш-қуат сезініп, жаныма жылу табамын. Өрелі де, өрісті жазушы екендігіне сүйсінемін және төл әдебиетімізде осындай қуатты жазушының барына мақтанамын. Оның қаламынан туған тұшымды дүниеге таңданып, шығармаға тереңірек үңілген сайын жазушының асқақ тұлғасы санамда биіктей түседі.
Бұл Оралхан Бөкей шығар­ма­шы­лығының мен танысқан бір бөлшегі ғана. Одан бөлек Орағаң журна­лис­тика саласында өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырған. Шерхан Мұртазаның сүйікті шәкірті болды. Сондай-ақ, жазушы драматургияға да қалам тербеді. Еліміздің және алыс-жақын шетелдің іргелі өнер орда­ларында оның пьесалары қойылып, көрермен көзайымына айналған. «Адам армандай білуі керек, армандаса – қол жеткізеді. Мен жазушы болуды армандадым, жазушы болдым», – деп өзі айтқандай, бала арман адамды биікке жеткізетініне жазушы мені сендірді.
Мен де Оралханның кейіп­кер­­леріндей өз арманыма адал болып, болашақта биіктерді бағын­дырғым келеді. Оралхан Бөкейдің сан қырлы талантының бір сәулесі сізге де түсері анық. Сондықтан, Оралханды оқыңыз!

Айгерім Бахытбек,
Құлан мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: