Қарты бар елдің құты бар
1 қазан – Қарттар күні. Заманында әр түрлі салада қызмет етіп, 85 жылдық тарихы бар ауданымыздың экономикасы мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан барлық ардагер ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарды мерейлі мерекелерімен құттықтаймын.
«Жас жүрген жер мереке, қарт жүрген жер береке», «Қарты бар үйдің қазынасы бар» немесе «Қарты бар үйдің құты бар» деп дана халқымыз текке айтпаған. Біз өзі текті жұрттың ұрпағымыз ғой. Осы жазған сөздің астарының мазмұнында терең мағына жатыр ғой, шіркін!
Қазақстан халқына жолдаған былтырғы Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбегімен еленген адамдарды қазіргі буынның жастарына насихаттау қажеттігін атап өткен болатын. Жақында республикалық «Ардагерлер ұйымы» да ел халқына Үндеу тастады. Онда да «Қазыналы қарттарымыздың ерен еңбегі лайықты деңгейде бағаланса?..» деген мәселе айтылған еді.
Ауданымызда көптеген еңбек озаттары бар. Айталық, Райзо Шәділбеков, Санат Қырықбаев, Шорабек Атабаев, Омар Нұрмашев,Үтілдә Тойғанбеков, Қадірбек Жапарқұлов секілді әр салада еңбек еткен ағаларымыз бен замандастарымыз бүгінгі жастарға үлгі боларлық азаматтар. «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегендей, қазір бұл кісілердің барлығы да бейнетінің зейнетін көріп отырған сыйлы жандар. Әрқайсысы да ауданда өтетін кез келген қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Жалпы әр ауылдық округтің қариялары да ауданда өтетін мерекелік іс-шараларға ұдайы қатысып, белсенділік танытып отырады.
Адам қартайғанда не тілейді? Елдің тыныштығын тілейді, әрине. Елде тек береке-бірлік орнаса екен дейміз. Бізден кейінгі орта буын, жастарымыз, бүлдіршіндеріміздің әрі күні жақсылыққа толы болса деп тілейміз. Бұл менің ғана емес, елдің болашағын ойлайтын әрбір қарттың жүрек түкпіріндегі сөзі деп білемін. Қадірлі ақсақалдар, ардақты замандастар, өздеріңізді Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңіз сау болсын. Отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ел тұтқасын ұстаған азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп, тілекші болып отырайық. Заманымыз тыныш, азаматтарымыз қызметтеріне адал болсын. Елімізде тек жақсылық болсын.
Қожайхан БИЖАНОВ,
аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.