Алпыстан асқаннан ақыл сұра, адаспайсың!

222 Views

Әлемнің екінші ұстазы, түркі ой­шыл­дарының ең атақтысы атанған Әбу Насыр әл-Фараби өзінің бір сөзінде «Ақыл-парасат күші адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғы­нуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» деген екен. Расымен де, ақыл кез келген мәселені оңтайлы шешуге келгенде таптырмайтын құрал. Ол аз десеңіз, қазақтың ауыз әдебиеті қоржынында «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деген құнды тәмсіл бар. Бала кезден санаңызда толысқан ақыл­ға тағы да ақыл қосудың қандай тиім­ді тәсілі бар дейсіз ғой? Оған да жауап дайын. Ол – көпті көрген, көпті білетін үлкендерді тыңдау. Ел арасында «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» деген сөз тіркесі де бар еді ғой. Соны қаперіне түйген болуы керек, соңғы кездері аудан басшысы Ернар Есіркепов ауыл-ауылды аралап, ардагерлермен жиі кездесіп жүр. Өткен айда луговойлық қарттармен кездесіп, хал сұрасса, бұл жолы аудан әкімі Қорағаты мен Қызылшаруа қарияларының басын қосып, кең көлемде кездесу өткізді.
Еркін форматта өткен жиын ең алдымен Бақытбек Жақсымбетұлы жетекшілік ететін Қорағаты ауылында ұйымдастырылды. 20-ға жуық қария аудан әкіміне ауылдағы қордаланған мәселелерді тізіп берді. Ақсақалдар аудан орталығынан шалғайда орна­ласқан елді мекенде ағын су мәселесі өзекті екендігін алға тартты. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы да бұл проблемамен толық таныс екендігін, сондай-ақ, аталмыш түйткілді тек Қора­ғаты да ғана емес, әлем аренасында орын алып жатқан табиғи құбылысқа балады.
– Ғалымдар 2050 жылға қарай Орта­лық Азия елдерінде су тапшылығы орын алатынын мәлімдеп отыр. Көрші ел Қырғызстаннан келетін су биыл айыр қалпақты ағайынның өзіне де жетпей қалды. Сондықтан да екі ел арасындағы ынтымақтастықты әрмен қарай дамыту үшін ауқымды жобалар қолға алынуда. БАҚ беттерінен оқыған боларсыздар, қазір елімізде аталмыш проблемамен тыңғылықты айналысатын арнайы министрлік те құрылды. Қуанышты хабарды бөліспеске болмас, Үкімет біздің «Қарақат» каналына қатысты жобамызды мақұлдап, қолдап отыр. Оған алдағы уақытта 1 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Біз онымен шектеліп қалмаймыз. Суармалы жерлерге тіршілік көзін жеткізу үшін бірнеше каналдарды жөндеу, тоспалар мен байламаларды ретке келтіреміз. Осы үшін де бүгін аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижа­нов пен аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы менімен бірге ке­ліп отыр. Мәселені жан-жақты зер­делеп, Сіздердің жинақтаған тәжіри­белеріңізге, көріп-біліп, естіген мә­лі­меттеріңізге жүгінбекпіз. Өйткені, ауыл-аймақты бізден гөрі Сіздер жақсы біле­сіздер. Тіпті, алдағы уақытта бізбен бірге ауылдың белсенді ақсақалдары шығып, өзен-көлдерді араласа, нұр үстіне нұр болар еді, – деп елді бірлікке, ынтымақтастыққа, біріге жұмыс жасауға шақырды. Ақсақалдар да тосылып қалған жоқ. Керісінше әкімнің баянды бастамасын қолдайтынын айта келе, өзге де мәселелерді жеткізді.
Ағын су тек қорағатылықтарды ғана емес, Қызылшаруа елді мекенінің тұрғындарын да алаңдатады екен. Ол туралы аудан әкіміне ауыл ақсақалдары мәлімдеді. 1700-ден астам тұрғыны бар елді мекенге көше және жаяу жүргіншілер жолын салу, мектепке апаратын асфальтті ретке келтіру, мәдениет үйін соғу керек екен. Тіпті, қариялар Қызылшаруаны өз алдына бөлек округ ретінде құру керектігін айтты. Аудан әкімі барлық сауалдарға толық жауап беріп, аталмыш мәселелер тұрақты бақылауда болатынын айтты.
Айта кетейік, сапар соңында аудан басшысы қос ауылдағы мектептердің жылыту маусымына дайындығын да пысықтады.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: