161 Views
Өткен сейсенбіде аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті тоғызыншы сессиясы өтті. Аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліповтің модераторлығымен өткен сессия отырысына аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауыл әкімдері, мекеме басшылары, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында 3 мәселе қаралды. Алғашқы сөз тізгіні аудан әкімі Ернар Серікәліұлына берілді. Аудан басшысы аудан аумағында атқарылып жатқан толайым тірліктерді баяндап берді.
– Біз алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Соған жету үшін тынбай еңбек етіп те жатырмыз. Ауданда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс бар екенін өздеріңіз де көріп, біліп отырсыздар. Биыл Жаңатұрмыс, Қазақ, Сәлімбай ауылдарына су іркуіш имараты салынып, құбырлары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Дәл сондай су іркуіш имаратын салу жобасы Құлан ауылында басталып кетті. Жобаның құны – 630 миллион теңгені құрайды. Бұл әрине, 2024 жылға өтпелі. Жаз мезгілінде Құланда ауыз судан проблема кездеспейді емес, кездеседі. Жаңа су іркуіш имараты салынып бітсе, ол мәселеден проблема туындамауы тиіс. Бұдан бөлек 2024 жылы Мамайқайыңды, Сөгеті ауылдарына дәл осындай су іркуіш имараты мен ауыз су құбырын, Әбілқайыр және Сұмқайты елді мекендеріне кешенді модульды блок орнатсақ деп отырмыз. Газ мәселесінде білесіздер, біздің аудан өзге аудандардың елді мекендеріне қарағанда, әлдеқайда көш ілгері. Шолаққайыңды елді мекенінде ғана газ жоқ еді. Оның ретін біз таптық. Осылайша, Шолаққайыңдыға газ кіргізіліп жатыр. Жақын күндері біз оны іске қосатын боламыз. Одан бөлек, биыл Ақыртөбе ауылында 140 орындық мәдениет үйінің, Жаңатұрмыс ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталады. Былтыр біздің ауданда 3 спорт кешенінің құрылысы басталған еді. Көгершін ауылындағы спорт кешені мерзімінен бұрын аяқталып, ел игілігіне берілді. Ақыртөбе мен Р.Сәбденов ауылдарындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталса, оны да біз халық игілігіне беретін боламыз, – деді Ернар Есіркепов.
Содан соң аудан аумағындағы денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, құрал-жабдықпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұлова, ал ауданда қылмыспен күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбы бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Шалқар Дәулетқұлов баяндама жасады. Қос баяндамашыны да аудандық мәслихаттың депутаттары сұрақтың астына алды. Депутаттар қойған сауалдарға Раушан Көшербекқызы да, Шалқар Аяпбергенұлы да дәйекті, нақты мысалдарға сүйене отырып, тұшымды жауаптар қайырды.
Содан соң жарыссөзге шығып сөз сөйлеген аудандық мәслихат депутаттары Серік Айтбаев пен Сұлукүл Дәлібаева түйткілді мәселелерді сөз етіп, ой қозғады. Аталған мәселеге аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өз ойын білдіріп, айтылған мәселелерді қаперге алып, белсенді жұмыс жасау қажеттігін айтты. Сессияда басқа да мәселелер талқыланып, оның орындалу барысы қаралды.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: