ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

692 Views

ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

 

№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Абдурахим Сұлтаншәріпұлы мен Айнұр Қаржаубаева таяуда таэквондодан Қостанай облысының Рудный қаласында өткен Қазақстанның ашық біріншілігінде үздіктердің үздігі атанды. 22 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған 8 жастағы Абдурахим де, 32 келіде сынға түскен 10 жастағы Айнұр да өз тобында қарсылас шыдатқан жоқ. Осындай жетістікке жеткені үшін қос өренімізге «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ беріліп отыр. Біз жасөспірім таэквондошылардың бапкері, аталмыш спорттан қара белбеу иегері Нұрсұлтан Қамбаровпен сөйлесіп, чемпионат барысы жайлы ақпарат алған едік. – Рудныйдағы ашық біріншілік өте тартысқа толы болды. Спортта ылғи жеңіске жете бермейсің. Кай спортшының дайындығы мықты болса, жеңіс соған тиесілі. Бұны көптеген республикалық додаларда көріп жүрміз. Абдурахим мен Айнұр турасында айтар болсақ, расымен де шәкірттерімнің жеңісі мен үшін үлкен қуаныш. Чемпионат қарсаңында мейлінше тиянақты дайындалдық. Негізінен, екеуі де бұған дейін жақсы көрсеткіштерге ие болып жүргенін білесіздер. Яғни, Абдурахим мен Айнұр жас болса да, мұндай жарыстарда әбден ысылған таэквондошылар. Әлі де еңбектенетін боламыз. Алда өтетін жарыстарда сәттілік жолдас болса, шәкірттерім еш аянып қалмайды деген ойдамын, -дейді бапкер.

 Оқушыларымыз жүгіруден жарап тұр

 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Жүніс Бектемишовтан тәлім алатын Данияр Аманқұл мен Саламат Әшім жүгіруден Меркі ауданында өткен облыстық чемпионатта жүлделі I орынға ие болды.  Аталмыш білім ошағының оқушылары жеңіл атлетикадан жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргенін біз бұған дейін де жазған едік. Жуырда ғана Алматыда ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінен жүлдемен оралған Елена Хуголь дәл осы мектептің оқушысы екенін атап өткен жөн. Енді міне, арада көп уақыт өтпестен Данияр Аманқұл мен Саламат Әшім облыстық чемпионатта қарсыластарын басып озып, тұғыр биігінен көрініп отыр.

Топтаманы дайындаған Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: