Өр рухты өрт сөндірушілер
Әлемдегі ең қауіпті мамандықтың бірі – өрт сөндіру қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батырлықты талап ететіні айтпаса да белгілі. Себебі, олар күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып, адамдарды құтқару, мүлікті көшіру, биіктікте, түтінде және жоғары температураларда жұмыс істеу, күрделі жағдайларда түрлі кедергілерден өту сынды міндеттерін бұлжытпай орындап келеді. Осы үшін де оларды бар өмірін өртке қарсы күреске арнаған нағыз батырлар деуге болатын шығар. 1995 жылдың 19 қазанында Мемлекет басшысының №2541 Жарлығымен Қазақстан Республикасы төтенше жағдайларға қарсы қызметі құрылған болатын. Сол сәттен бастап 19 қазан «Құтқарушылар күні» болып аталып өтуде. Аталмыш мереке қарсаңында біз өз әріптестерімізді төл мерекелерімен құттықтап, мазасыз мамандықтың аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталуды жөн көрдік.
67 мыңнан астам халқы бар ауданымызда №10 Өрт сөндіру бөлімі өңір игілігі үшін қызмет атқаруда. Бүгінде аты аталған өрт сөндіру бөлімінде 27 қызметкер ерінбей еңбек етуде. Сондай-ақ, өрт сөндіру бөлімі қос бірдей жоғарғы жүрісті жол талғамайтын өрт сөндіру автокөлігімен және көп қабатты үйлердегі өртті сөндіруге, адамдарды құтқаруға арналған АЛ-32 автосаты көлігімен жабдықталған. Олардың барлығы да 2023 жылдың 9 айының ішінде орын алған 34 өрт оқиғасына қатысты. Оның ішінде өрт сөндірушілер 9 жеке меншік санатындағы үйлерді, 8 автокөлікті, 14 шөпханада орын алған өртті ауыздықтаған. Айта кетейік, өрттен келген материалдық шығын 3 млн. 950 мың теңгені құрайды.
Ең бастысы – ауданда өрт сөндіру кезінде адам шығыны тіркелген жоқ. Оның да өзіндік себебі бар шығар. Өйткені, аудан аумағында «Өрт қауіпсіздігі» айлығы сәт сайын ұйымдастырылып тұрады. Ақпараттық-танымдық материалдар да аудандық «Құлан таңы» газеті және әлеуметтік желілер арқылы жарияланады. Сондай-ақ, бөлім қызметкерлері және №10 Өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы тұрғын үйлерді аралау жұмыстарын жүргізу барысында 2785 тұрғын үйлердің иелеріне өрт қауіпсіздігін сақтау бағытында үгіт-насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізіп, 11 090 адам қамтылды. Аралау барысында 11200 дана жаднама таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар тек жеке меншік тұрғын үй секторларында ғана емес, кәсіпкерлік нысандар мен мекеме ғимараттарында да жүргізілді. Сонымен қатар, біздің бөлім аудандық «Жастар ресурстық орталығының» еріктілерімен бірлесе отырып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау аясында дайындалған жаднамаларды таратып, «Құлан – Луговой» бағытында жүретін қоғамдық көліктерде өрт қауіпсіздігіне арналған плакаттарды іліп, тұрғындар назарына ұсынды.
Жоғарыда аталған жұмыстар біздің қызметтің бір бөлігі ғана. Аудандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар көктемгі су тасқыны кезінде де ерекше қызмет етті. Одан бөлек шомылу маусымында да дамыл таппай, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мектеп пен балабақшаларда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, түрлі тақырыптарда семинарлар, форумдар ұйымдастырды. Өрт сөндіру бөліміне оқушыларды шақырту арқылы экскурсия жүргізілді. «Ашық есік» күнін өткізу барысында мектеп жасындағы балаларға, қызметкерлер мен жұмысшыларға қажетті өрт техникалары мен құрал-жабдықтар толығымен таныстырылды. Қадірлі аудан тұрғындары! Мұның бәрі жай ғана ақпарат болып естілуі мүмкін. Дегенмен, оның артында толассыз тірлік, екпінді еңбек, атқарылған ауқымды жұмыстар бар екенін мен өз басым жақсы білемін. Осы сәтті пайдалана отырып, мен өз әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын. Әр қызметкердің отбасына береке-бірлік, саулық тілеймін. Ең бастысы – бастаған ісіңіз берекелі, әр күндеріңіз мерекелі болсын. Ел алдындағы абыройларыңыз ешқашанда түспесін!
Нұрболат Қадырханов,
аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.