Қатты жерге қақ тұрар, Ынтымақты жерге бақ тұрар Өткен аптада Тұрар Рысқұлов ауданының мәдениет күні өтті
Ұмытпасам, 2002 жылы болу керек. 4-ші сыныпта оқимыз ол кезде. Сол жылы әнші Досымжан Таңатаровтың Көгершін ауылдық мәдениет үйінде концерті өтті. Зал лық толы болды. Әлі есімде, 100 теңгеден билет алып, отбасымызбен барғанбыз. Ақшаның да құны бар кез ғой. Мына мақаланы 2000 жылдан кейін дүниеге келген жастар оқыса, күлуі де мүмкін. Дегенмен, солай болғаны шындық. Қазір 100 теңгеге концерт көрмек түгілі, ел ішінде жиі қолданылатын сөзбен айтсақ, «мысық та бетін
көрсетпейтіні» рас.
Айтатын ойымыз ол емес негізінен. Сол жылы Көгершін ауылындағы мәдениет ошағының келбеті тәуір болатын. Қанша дегенмен, екі қабатты зәулім ғимарат қой. Әй, содан кейін осы ғимаратта концерт мүлде өтпеді-ау! Есімде жоқ. Содан соң бұл ғимарат жекелеген адамдардың қолына өтті. Өзі жөндеуді қажет етіп тұрған мәдени нысан тіпті «құлдырай» түсті. Іргетасы ажырады, терезелері сынды не керек, сөйтіп, ғимараттың әбден тозығы жетті.
Ауылда түрлі тақырыптағы жиындар өтеді. Облыстан, ауданнан келген атқарушы билік өкілдеріне ауыл тұрғындары тарапынан осы сұрақ жиі қойылатын. Бізде ол жөнінде газетке проблемалық мақала жаздық. Қуантатыны сол, былтыр сол мәселе шешімін тауып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Көгершін ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Жоба – 2023 жылға өтпелі болды. Бұл расымен де жағымды жаңалық көгершіндіктер үшін. Өйткені, олар бұл сәтті көп күтті. Мінеки, бүгінгі таңда ауылда ішкі және сыртқы безендірілуі келісті 90 орындық жаңа мәдениет үйінің ғимараты салынып, халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Бұл туралы сәлден соң сөз етеміз. Әзірше, мына детальды жазып өтейік.
Білесіздер, біздің газет бұған дейін де орталық стадионда 21 қазанда «Мәдениет – асыл қазынам!» деген тақырыппен Тұрар Рысқұлов ауданының мәдениет күні өтетіндігі туралы хабарландыруды оқырмандар назарына жариялаған еді. Осыны кейбір оқырмандарымыз түсінбей қалуы мүмкін. Ол – Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқау. Бұл байқауға өңірдегі барлық аудандар қатысып жатыр. Бас жүлдеге «Спринтер» автокөлігі сыйға беріледі. Бірінші және екінші орын иеленген аудандар да жүлдесіз қалмайды. Сондықтан бұл байқауға Тұрар Рысқұлов ауданы жоғары деңгейде дайындалды. Атқарушы билік өкілдерінен бастап, түрлі деңгейдегі мекемеде қызмет істейтін еңбек адамдарына дейін тайлы-тұяғымен атсалысты. Ол туралы да кейінірек жазамыз. Уәде еткеніміздей, алдымен Көгершін ауылындағы қуанышты жаңалықты сіздермен бөлісейік.
Көгершін ауылындағы мәдениет үйінің ашылуына облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай бастаған бір топ азаматтар мен азаматшалар келіп қатысты. Келген қонақтардың құрметіне ауылдық «Асыл әжелер» ансамблі халық әні «Ой бұраң бел-ай!»-ды шырқап берді.
Содан соң салтанатты шара басталды. Ауданымыздың 85 жылдығына орай ашылған ауылдық мәдениет үйінің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Ерлан Нұрманұлы:
– Құрметті ауыл тұрғындары! Бүгін біз сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасып отырмыз. Әжелеріміздің де әндері керемет шырқалды.
Ауылдарыңызда жаңа мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілгелі отыр.Өзімнің атымнан құттықтауды қабыл алыңыздар. Аймақта мәдениет саласында ілкімді жұмыстар атқарылуда. Соның бір айқын дәлелі ретінде бүгінгі ауылдық мәдениет үйінің ғимаратын айтсақ болады. Алдағы уақытта бұл ғимаратта көптеген үйірмелер ашылып, ауыл тұрғындары мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене атсалысады деген ойдамыз. Мәдениетіміз жасай берсін. Мәдениет саласында қызмет істеп жүрген азаматтар мен азаматшалардың беделі артып, абыройлары асқақтай берсін, – деді. Содан соң аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Еспенов те сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарына құттықтау сөзін арнады. Ерғазы Жұмабекұлы өз сөзінде:
– Барлықтарыңыз білесіздер, биыл ауданымыздың құрылғанына – 85 жыл толып отыр. Алдымызда 25 қазан – Республика күні. Бұнымен бұл іс-шарамыз тоқтап қалмайды. Бұдан соң, аудандағы орталық стадионда Тұрар Рысқұлов ауданының мәдениет күні өтеді. Жаңа Ерлан Нұрманұлы да атап өтті. Бұл – облыстық деңгейде ұйымдастырылып отырған байқау. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, ауданда ұйымдастырылған сол байқауды тамашалауға арнайы қонақтарымыз да келіп отыр. Сондықтан да Көгершін ауылындағы мәдениет үйінің ашылу рәсімін біз осы күнге жоспарладық. Жаңа ғимараттың ішкі және сыртқы безендіруінің келісті екені көзге де көрініп тұр. Құрылысты жүргізген мердігер компания өкілдеріне де өз атымнан ризашылығымды білдіремін. Елімізде әрдайым тыныштық болсын. Мәдениет саласы өркендей берсін, – деді.
Содан соң аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов сөз сөйлеп, бата берді. Одан кейін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай мен Көгершін ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Серік Өтегенов жаңа ғимараттың лентасын салтанатты түрде қиды.
Содан кейін, келген қонақтар ұлтына қалтқысыз қызмет еткен таутұлға, алаш арысы Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды. Содан соң Тараздан келген делегация өкілдері орталық стадионды бетке алды. Бардық орталық стадионға. Және тамаша көріністердің куәсі болдық. Бұл көрініс Ерлан Жүнісбай бастаған делегация өкілдеріне де ұнағаны анық. Өйткені, барлығы үйлесім тапқан.
Ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық ойындар жарысы, салт-дәстүр бейнеленген этно ауыл көрінісі мен әр түрлі тақырыптық көрмелер болды. Ақшаңқан қазақ үйлер тігілді. Осының барлығынан бейбітшілігі жарасқан, татулығы қыр асқан, бірлігі бекем болып, ұлардай ұйып отырған халықтың тыныс-тіршілігін көрдік. Сездік. Түсіндік.
Ерлан Нұрманұлы бастаған топ барлығын тұтастай аралап болған соң, мерекелік салтанатты думан басталды. Думанды кеште аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Еспенов сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті алда келе жатқан Республика күнімен және ауданымыздың 85 жылдығымен құттықтады.
Содан кейін концерттік бағдарламаға кезек келді. «Батырлар жерін қорғаған, Абыздарын халық қолдаған» композициялық театрландырылған көрінісі көрермен көңілінен шықты. Бұл композициялық театрландырылған көріністе Асқар Тоқпанов атындағы облыстық Қазақ драма театрының актері, жерлесіміз Жүніс Әлімбеков те өнер көрсетті. Аудан өнерпаздарының да көрсеткен өнерлеріне орталық стадионға келген тұрғындар ерекше ықыластарын көрсетіп отырды.
Әсіресе, эстрада жұлдызы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Досымжан Таңатаров сахнаға көтерілгенде халықтың қошеметінде шек болмады. Досымжан Таңатаровтан кейін ән салған елімізге танымал дуэт «Астана» тобына да, әнші әрі сазгер Руслан Мамытовтың да өнеріне жиналған қауым тәнті болды. Біз де риза болдық. Сөзіміз жоққа шықпас үшін Тұрар Рысқұлов ауданының мәдениет күнін тамашалауға келген зейнеткер ұстаз Есенгүл Мұхтарованың пікірін де жазайық.
«Бүгін керемет іс-шараның куәсі болып отырмыз. Өз басым риза болдым. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Жаңа ғана өзіміз көріп шыққан ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық ойындар жарысы, салт-дәстүр бейнеленген этно ауыл көрінісі мен әр түрлі тақырыптық көрмелердің барлығы маған ұнады. Әнші Досымжан ініміз де келіп, туған жеріне деген ілтипатын білдіріпті. Осының барлығы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай бастаған делегация өкілдеріне ұнады деген ойдамын» деді зейнеткер ұстаз.
Біз мақаламыздың басында осы іс-шараға «Атқарушы билік өкілдерінен бастап, түрлі деңгейдегі мекемеде қызмет істейтін қарапайым еңбек адамдарына дейін тайлы-тұяғымен атсалысты» деп жазған едік. Ол расымен де солай. Осы іс-шараны өткізу үшін қаншама энергия кетті. Қарбалас дайындық. Аудан әкімдігіндегі мемлекеттік қызметшіден бастап, ауылдық округ әкімдері, білім, мәдениет, спорт салаларында қызмет істейтін қаншама адам жүр осы іс-шараның маңайында. Ұйымдастырушы тараптың, яғни аудан әкімдігінің ұсынысын жерге тастамай, туған жерге келіп ән салған Досымжан Таңатаровқа да, «Астана» дуэтіне де, Руслан Мамытовқа да ерекше алғыс. Осындай жоғары дайындықтың барлығы ескеріліп, «Мәдениет – асыл қазынам!» атты облыстық байқаудан жүлде еншілеп жатсақ, оны да газет оқырмандарының назарына жариялайтын боламыз. Мақаламыздың қорытынды сөзін ақын, журналист Сейсен Қожеке жазған «Киелі менің – Құланым» өлеңімен түйіндейміз.
Киелі менің – Құланым
Сұлутөр таудың етегі,
Махалла шаһар кешегі.
Шаншар хан салған қамалды,
Сәулетті қала деседі.
Қайырмасы:
Киелі менің – Құланым,
Қонысы жайлы тұрағым.
Тәбәрік болсын өзіңе,
Бәсіре баулы бұл әнім.
Шөлдеп бір сусын сұрадым,
Шәрбәт қой кәусар бұлағың.
Мың кісі келіп, бір күнде,
Мың кісі кеткен Құланым.
Бесігім бала кездегі,
Ай қала аспан, жердегі.
Алысқа ұзап кетсем де,
Түсімде көрем мен сені.
Жасарған жаңа Құланым,
Сөнбесін мәңгі шырағың,
Жерұйық іздеп қайтемін,
Жұмақтай жерде тұрамын.