Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана

17 Views

Бұған дейін 24 қазан – Кітапханашылар күні болып келген. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен кітапханашылар күнін атап өту тәртібіне өзгерістер енгізілген болатын. Енді кәсіби мереке 23 сәуірге белгіленді. Ол жөнінде әлеуметтік желілерде ақпараттар да тарады. Сондықтан жұрттың көбі хабардар деген ойдамыз. 23 сәуір – Ұлттық кітап күні.  Кітапханашылар күні де биылдан бастап осы күні аталып өтіледі. Біз аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айнақұлов Мереке Ержанұлына жолығып, сұхбаттасып, бірқатар сауалдар қойған едік. Аудандық газетте де өнімді еңбек етіп, осы күні іскерлігімен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымын басқарып отырған Мереке Ержанұлымен болған блиц-сұхбатты газетіміздің осы нөмірінен оқи аласыздар.

– Мереке Ержанұлы, қазіргі таңда «кітап оқылмайды» деген пікірлерді жиі естіп жатамыз. Осы пікір қаншалықты орынды…

– Менің ойымша, бұл пікір – жаңсақ пікір. Себебі өзің секілді кітап оқуға құштарлығы бейім адамдармен жиі пікірлесемін. Барлығы да көркем әдебиеттер болсын, детектив және мемуар жанрында жазылған шығармаларды оқығандарын айтып жатады. Жай айтып қана қоймайды, талдап отыратын азаматтарды да көргенмін. Бұндай пікірді газет не болмаса кітап бетін мүлде ашпайтын, күнделікті өмірі әлеуметтік желіде өтіп жатқан адамдар шоғыры айтқан болар деген ойдамын.

– Өте әсерлі жауап болды. Жасыратыны жоқ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та қайбір жиында «Кітап – оқитын ұлт» мәселесін көтерген болатын. Мына жауабыңыздан келесі қояр сұрағымыздың да жауабын алғандай болып отырмын…

– Ол енді әркімнің қабылдауына байланысты. Біз бір нәрсені ашық айтуымыз керек. Мемлекет адам баласына кітапты күштеп оқытпайды. Өз басым әр адам парасатты ой биігінен көріну үшін, сауатты сөз сөйлеу үшін, жанын жақсылыққа, ізгілікке толтыру үшін кітап оқу керек деп есептеймін. Қазіргі таңда кітап оқимын деген адамға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті аудио арқылы да тыңдай алады. Бұдан басқа қандай мүмкіндіктер қарастырылуы керек. Бастысы, кітап оқуға деген ниетің болса, болды.

«Мына екеуі пәлсапа соқты ғой» деп жұрттар ойлап қалмасын. Білемін, атқарып жатқан жұмыстарыңыз көп. Солардың басым көпшілігін өз көзіммен көріп те жүрмін. Сонда да болса, осы жылдың I тоқсанында қандай іс-шаралар өткенін айтып өтсеңіз?  

– Маратжан, мен бұл сұраққа жауап бермес бұрын ауданымызда 1 аудандық, 4 ауылдық балалар, 26 ауылдық кітапхана бар екенін айтқым келеді. Ұзын-саны 31 руханият ордасында еңбек етіп жатқан әріптестеріміз құтты құндылық мекенінің шырағын сөндірмей, тұрғындардың рухани тұрғыдан кемелдене түсуі үшін қолдан келгенше жаңашылдықпен жұмыс істеп жатыр. Оның да астын сызып айта кеткен жөн. Енді тікелей сұрақтың өзіне келетін болсақ, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша атаулы күндерге 2026 жылдың І тоқсанында  398 мәдени рухани іс-шара өткізілді. Оның біразы газет бетінде де жазылды. Мәселен, аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен 5 ақпан күні ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай, «Жырларым, жылдарыммен жалғасар» атты әдеби-этно кафе форматындағы рухани кеш өтті. Жақында Луговой ауылдық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өлең сөздің дүлділі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай, «Ғасыр куәсі, жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби қойылымдық кеш өтті.  Құлан ауылдық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен жерлес ақын Әдібай Табылдының 100 жылдық мерейтойы аясында «Мен де ақынмын» атты шығармашылық шеберхана өтті. Луговой ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Алаш» қозғалысының негізін салған, қазақтың заманауи, демократиялық мазмұндағы тұңғыш үкіметі – «Алашорданың» көшбасшысы болған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай, «Ұлты үшін туған тұлға» атты Podcast Live өткізілді. Тізе берсек, көп. Осының өзі жеткілікті болар деген ойдамын.

Қазір аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қорында қанша кітап бар екенін айта кетсеңіз? Көпшілік те біле жүрсін…

– 2026 жылдың І тоқсанында  кітап қоры – 234 602-ге жетіп отыр. Оның 163 529-сы мемлекеттік тілде. Жалпы оқырман саны – 6966.

Мереке Ержанұлы, көкейде жүрген сауалды қойдық. Нақты жауап бергеніңізге рахмет. Жақын арада оқыған бір кітабыңызды атап, сөзімізді сонымен қорытындыласақ деймін…

– Марат інім,  елеп-ескеріп, газетке сұхбат жазып жатқаның үшін өзіңе де ризашылығымды білдіремін. Әріптестерімді төл мерекемен құттықтаймын. Әкем марқұм кітапты көп оқитын. Менің кітапқа деген қызығушылығым әкемнен бастау алды.  Сонау бала кезден кітап оқып өстім десем де оқыған кітаптарымнан оқығым келетін кітаптардың саны басым. Соңғы уақыттарда жерлес ақын Хамит Есеманның «Құдіретке құштарлығын», жазушы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романын оқып шықтым. Алдағы уақытта заңғар жазушы Мұхтар Мағауиннің «Жармағын», Оралхан Бөкейдің ертеректе оқыған «Атау кересін» қайта оқуға ниеттеніп жүрмін. Айта берсе оқығым келетін кітап көп. Кітап менің бала күнімнен келе жатқан серігім.  Оқырмандарға да оқуға кеңес беремін. Сөз соңында әрбір шығарма жазған қаламгерлерге құрметіміз артып, кітап оқи жүрейік дегенді айтқым келеді.

     Сұхбаттасқан Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий