Ән әлемінің Мэлсі
Биыл қазақ ән өнеріне өзіндік леп әкелген сыршыл композитор Мэлс Өзбековтің туылғанына – 85 жыл толып отыр. Оның үстіне Тұрар Рысқұлов ауданының құрылғанына да биыл 85 жыл. Осыған орай, кеше атақты сазгердің есімін еншілеген аудандық мәдениет үйінде «Келші Құланға» атты V облыстық әншілер байқауы өтті. Аталмыш байқауға жерлесіміз, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Досымжан Таңатаров бастаған дүлдүл өнерпаздар қазылық етті.
Байқау шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев сөз сөйлеп, ашып берді. Өз сөзінде Әлібек Мамытжанұлы:
– Қазақ ән өнерінің майталманы Мэлс Өзбеков әрдайым біздің мақтанышымыз болып қала береді. Өйткені, ол көптеген сыршыл әндер жазып, қазақ ән өнеріне өзінің зор үлесін қосты. Бүгінгі біздің жастарымыз Мэлс Өзбековтей маэстроның әндерін зор ықыласпен тыңдап, келешек ұрпаққа насихаттау керек деп есептеймін. Біз бүгінгі байқауды да осы мақсатта ұйымдастырып отырмыз. Қазақ әні жасай берсін. Мэлс Өзбековтің әндері отандық сахналарда жиі шырқалсын, – деді. Одан соң «Құрмет» орденінің иегері, ұзақ жылдар бойы мәдениет саласына сүбелі үлес қосқан композитор Дүйсеналы Бықыбаев та сөз сөйлеп, Мэлс Өзбековтің сазгерлік қыры мен адами болмысы жөнінде оябы бөлек сөздер айтты.
Екі кезең бойынша өрбіген аталмыш байқауға Сарысу және Қордай аудандарынан да әншілер келіп қатысты. Алғашында өнерпаздар Мэлс Өзбековтің әндерін шырқаса, екінші бөлімде еркін тақырып бойынша, яғни өздері таңдаған өлеңді орындады.
Байқау қорытындысында Тұрар Рысқұлов ауданының өнерпаздары Ерболат Құлышев пен Айшабибі Орманова, сондай-ақ, Жуалы ауданынан келген Назерке Ахмет конкурсқа қатысқаны үшін алғыс хатпен бірге 30 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал, ынталандыру сыйлығын, яғни 50 мың теңгелік сертификатты Тұрар Рысқұлов ауданының өнерпазы Сұлтан Әуелбеков иеленді. Жүлделі ІІІ орынды Қордай ауданынан келген Ерқанат Тәжібаев еншілесе, жүлделі екінші орын Сарысу ауданының өнерпазы Мейіржан Омаровқа бұйырды. Ерқанат Тәжібаевқа 70, Мейіржан Омаровқа 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Ал, жүлделі бірінші орынды Қордай ауданынан келген Айдай Жанай жеңіп алды. Әнші Айдай бұл байқауда Мэлс Өзбековтің «Келші Айым», Шоқан Уәлиханның «Туған ел» әнін шырқады. Осылайша оған жүлделі бірінші орынмен бірге 150 мың теңгелік сертификат сыйға берілді.
Марат Диханбай.