Әлеуметтік сала – ел дамуының негізі
Біздің бүгінгі мақаламыз әлеуметтік сала қызметкерлерінің көзге көріне бермейтін, қиындыққа толы еңбегі туралы болмақ. Әлеуметтік мамандар – мүгедектігі бар азаматтарға, жалғызілікті қарттарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетеді.
Осы сала бойынша ауданымызда жұмыс атқарып отырған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қарақыстақ мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу» орталығы 2022 жылдан бастап 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетіп келеді. Орталықта мүгедектігі бар балаларға педагогикалық, медициналық және психологиялық қызмет көрсетіледі.
Біздің мақсатымыз – балаларды тұлға ретінде қалыптастыру, қоғамдық ортаға бейімдеу. Оңалту орталығы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Орталықта әртүрлі сала мамандары қызмет атқарады. Атап айтқанда, емдік дене шынықтыру маманы, дефектолог, логопед, психолог, музыка мұғалімі , еңбек мұғалімі және емдік уқалау маманы. Реабилитолог және невропатолог дәрігерлерінің нұсқауы бойынша балалар емдік тұз шахтасын қабылдайды.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбектері еленуге тұрарлық. Нардың жүгіндей ауыр міндетті арқалап жүрген қызметкерлер қашанда құрметке лайықты дер едім.
Қазан айының соңғы жексенбісі – республикамыз бойынша әлеуметтік сала қызметкерлері күні. Білімді де, білікті басшы Аденов Марлан Тұрғынбекұлы басшылық ететін берекелі ұжымды кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Сіздердің жанкешті еңбектеріңізге, ыстық ықыластарыңызға алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау барысындағы қиындығы мол, бірақ сауапты істе табыс, бақыт пен амандық тілеймін.
А.Мелдебек,
«Қарақыстақ мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу» орталығының дефектологы.
