Өршіл рухты оятқан өрендер

773 Views

Өршіл рухты оятқан өрендер

Жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен «Жамбыл облысы «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен көп тілді меңгерген жастарға қолдау көрсету мақсатында «EDU­CATION.COMPETITION.FU­TURE» («Білім.Бәсеке.Болашақ») атты шеберлік сыныбы өтті. Жиынға облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасындағы талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы Жұлдызай Матжанова, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ғылым және халықаралық қарым-қатынас бөлімінің бас маманы, 7 тілді жетік меңгерген аудармашы Сабина Жақсылықова, сондай-ақ, Астанадан ат арылтып жеткен “Болашақ” бағдарламасының түлегі, «100 жаңа есім» жеңімпазы, Нью-Йорк киноөнері академиясының магистранты Айдие Ұланбекұлы Айдарбеков пен «Қазақстан жастарының конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің  республикалық жастарды дамыту орталығының басшысы Ерғазы Әзімханұлы Әбдіманат қатысты. Құрметті қонақтарға өздерінің ұсыныс, пікірлерін, санасында қонақтаған сауал дарын жолдаған аудан жастары тұщымды жауап алып, естелік суреттерге түсті. Жиын алдымен Құлан ауылшаруашылық колледжінде өткізіліп, кейін Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінде жалғасын тапты.

Әрине, жаңа өркен жайған жасөспірімдердің жігерін жанып, рухын көтере білетін, жас ұрпақты ізгілікке бастар көшбасшы жастардың ауданымызға жиі табан тірегені бәріміз үшін де тиімді болары анық. Мен өз пікірін білдірген Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Бекзат Әбілданың жиында айтқан сөзін тыңдап, біраз ойланып қалдым. Ол «Бізге үлкен кісілер үнемі ақылын айтады, біз сондай жоқшылық кезеңінде өмір сүрдік, сендер бақыттысыңдар, сендерде бәрі бар. Сендер осы қолдарыңда бардың қадірін біліп, қанағат тұтып, шүкірлік етіңдер. Біздің кезімізде мұндай болмаған» дейді. Бұдан кейін кейбір жастар «Бізде бәрі бар, біздің жағдайымыз жақсы осыған қанағат дейік» деп, өз мүмкіндіктерін дамытпай, қарайып қала ма деп қорқамын. Бізге сіздер секілді көпшілікке үлгі болатын, жастардың рухын көтеріп, келешекке деген құлшынысын оятатын, бәсекеге қабілетті, жарқын болашаққа жетелей білетін жастар жиі келіп, осындай тренингтер ұйымдастырып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді ол. Рас, әр кезеңнің өз ұлысы бар, әр дәуірдің өз данасы бар. Әсіресе, Ерғазы Әзімханұлының «Егер біз қазіргіге қанағат деп, осы қалпымызда отыра беретін болсақ, ештеңеге де жетпейміз. Адамзат бүгініне қанағат етіп, күнделікті күйбең тірлікпен уақытын өткізе беретін болса, онда тас ғасырында қалып кетер еді. Қанша дегенмен, ірі қалалардағыдай жағдай ауылдарда жасалған дей алмаймыз. Сол қала жастарының білімімен ауыл балалары бәсекеге түсе алады деу де қателік болар еді. Сондықтан, бірінші өз білімдеріңізді жетілдіріп, сол ірі қалалардан білім, тәжірибе жинап, ауылға әкелсеңіздер – осы ерлік болып саналады» деген үндеуі жастардың бойында өршіл рухты оятқандай болды. Міне, жастар осындай азаматтардан үлгі алады. Демек, мұндай жиындар аудан көлемінде жиі өткізіліп тұруы тиіс.

Салтанат ҚАРАСАЙ.

 

Поделиться ссылкой: