Татулықты ту еткен

657 Views

Татулықты ту еткен

Қазақ қашанда өзге ұлтты жатсынбай «өз бауырым» деп құшағына басқан дархан көңілді, бірлікті берік ұстанған халықтардың бірі. Оны аумалы-төкпелі заманда елімізге қоныс аударып, бүгінде бір үйдің баласындай ортақ шаңырақтың астында тату өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың айтқан алғыстарынан анық аңғаруға болады. Өзге ұлттардың құтты мекеніне айналған қасиетті Құлан жерінің тұрғындары осы қиын-қыстау заманның зардабын көрген қоныстанушылардың басына түскен ауыртпашылығын бірге көтере білді.

Мен өз ағайындарымыз өз бек ұлттық мәдени орталығы жайында жазуды жөн көріп отырмын. Аталмыш орталық 2006 жылы құрылған. Жетекшісі Мақпал Нұрмағанбетова – Құлан мектеп-гимназиясында шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген аяулы ұстаз.

– Ауданда 650-ден астам өзбек ұлты өмір сүреді. Ал, біздің этномәдени орталықтың құрамында 15-тен астам адам бар. Олардың ішінен Тойдық Алдиярова, Жанар Якупова, Ақпатша Қалдашева сынды мүшелерді бірлестіктің ең белсенділері деп айтар едім. Сонымен қатар, түрлі шараларда өзбек ұлтының мәдениетін халыққа насихаттап жүрген кішкентай бүлдіршіндеріміз де жетерлік. Олардың қатарына Динара Тапайхан, Еркежан Сансызбай, Ұлдана Ерболқызы, Зере Орынтай, Айжан Жеңіс, Бүбіназира Мәжит сынды талантты қыздарды жатқызуға болады.

Бүгінгі біздің атқарып отырған жұмыстарымыз келешек ұрпақ үшін керек. Дәлірек айтқанда, болашақ жастарға қазақ жеріндегі ұлттардың ұстанған татулығын барынша насихаттау, ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бірлікті берік ұстана отырып, ортақ Отанымыз Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосу. Бұл жайында Елбасымыз да өз сөзінде «Біздің қаншама замандастарымыз, қаншама Ассамблея белсенділері ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан, мемлекеттің қарыштап дамуына атсалысып келеді. Біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол – азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі», -деп нақты айтқан болатын. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір қанатты сөзін қаперімізде ұстап, алға қойған мақсаттарымыз бен жоспарларымызды алдағы уақытта іске асыратын боламыз, -дейді бірлестік жетекшісі.

Мақпал ханыммен тілдесе отырып, ол кісінің бойынан ұлт болашағына деген жанашырлықты байқадық. Кейіпкеріміз секілді азаматтар этномәдени орталықтарының тізгінін ұстаса, ұлттар арасындағы татулық одан әрі нығая түсетіндігіне сенімдіміз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: