Құры сөздің емес, нағыз істің адамы
93 ViewsҚазір өкінішке орай, елдің қамын ойлағаннан гөрі өзінің жеке мүддесін ойлайтын адамдар көбейді, шыны керек. Сөйлесе кетсең, дүние-байлықты сөз етеді көбісі. Болмаса шыққан әулетін…
Осы аптада ауданымыздың 85 жылдығына орай Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде керемет байқау өтті. Тақырыбы да ерекше. «Ақ жаулықты – ақ әже» деп аталған аудандық байқаудың мақсаты да бізді тәнті қылды. Яғни, бұл байқау қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін насихаттау әрі ардақты асыл әжелеріміздің өнерін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған екен.
Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен байқау 3 кезең бойынша өрбіді. Әуелі «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» (Таныстыру), содан соң «Өнерпаз әже», бұл кезеңде әжелер өз өнерін көрсетсе, үшінші кезең «Бармақтары майысқан» деп аталды. Байқаудың бұл кезеңінде әжелер қолөнер бұйымдарының көрмесі бойынша бақ сынады. Айта кеткеніміз жөн, «Ақ жаулықты – ақ әже» байқауына әр ауылдық округтен 17 әже қатысты.
Біздің ойымызша, әлеуметтік желінің «қызып тұрған шағында» осындай байқаулар көбірек өткені дұрыс. Жастар ақ жаулықты әжелеріміздің өнерін көріп, өздеріне өмірлік сабақ түйгені абзал. Әйтпесе, қазіргі жастар сөз тыңдаудан қалып барады. Жөн сөзге емес, жел сөзге әуес көбісі. Неге екенін қайдам, байқауды тамашалап отырып, шақшадай басқа осындай ойлар келді. Бірақ мына заманда оны түсініп жатқан кім бар дейсіз. Біздікі айтып, жазу. Ой салу. Қалғанын ұшқыр уақыт өзі көрсете жатар.
Қош. Сонымен аудандық аналар кеңесінің мүшесі Ұлту Жайлышева, «Құлан Нұры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыт Мырзалиева, мәдениет саласының ардагері, зейнеткер Нұрсулу Топатаева қазылық еткен байқаудың нәтижесі төмендегідей болды.
Жүлделі үшінші орынға луговойлық Тұрсынкүл Сағымбекова, құмарықтық Зауреш Құрманғалиева, шолаққайыңдылық Рзакүл Исакова және қызылшаруалық Оңалкүл Мандибаева ие болса, жүлделі екінші орын қарақаттық Мейрамкүл Жапарқұлова, тереңөзектік Бибінұр Сейдуақұлова, қарақыстақтық Ирита Молдосанова және жарлысулық Мырзанкүл Сатаева әжелеріміздің еншісіне бұйырды.
Ал жүлделі бірінші орынды көпшілікті өз өнерімен тәнті еткен көгершіндік Нұрбаева Қанипа әжеміз жеңіп алды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге алғыс хатпен бірге бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Байқау соңында қазылар алқасы сөз сөйлеп, әжелер арасында осындай керемет байқау ұйымдастырған Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.
Марат Диханбай.