Бірлігі жарасқан ауылдық округ

134 Views

Дана қазақта «Қыстың қамын жаз ойла» деген тәмсіл бар. Осыны санасына мықтап құйып алған аудан басшылығы көктем мезгілінде орын алатын келеңсіз жайттарға жаз мезгілінен бастап қамданып, тиісті шараларды қолға алып келеді. Нақты атқарылған толымды тірліктердің нәтижесі де жаман емес, көңілге қонымды.
Бүгінде аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен су басу қаупі бар елді мекендерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық округ әкімдеріне, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілген болатын. Сондай шаралардың бірі – Жақсылық ауылында жүзеге асырылуда.
Көкдөнен ауылдық округіне қарасты аталмыш ауылда шешімін күткен мәселе көп. Соның ішінде ең өзектісі – су тасқынының алдын алу мәселесі. Жақсылық ауылының тұрғындары жыл сайын су тасқынының зардабын көріп жатады.Мәнді мәселені түбегейлі шешу үшін биыл аудан басшысы Ернар Серікәліұлы қажетті қаражатты бөліп, бүгінде ауыл аумағында арық-атыздар қазылыпты. Бұл туралы бізге Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев мәлімдеп берді:
– Тасқын судың алдын алу үшін осындай арық қазу жұмыстары жүргізілді. Одан кейін ауыл бойынша комиссия құрылып, солардың шешімімен әрбір арықтың көлемінің ұзындығы белгіленді, – деді ауылдық округ әкімі.
Ауыл халқымен ұзақ пікір алмасқан аудан басшысы елді мекендегі өзге де мәселелерге назар аударды. Кездесу барысында көше жолдарын реттеу, инфрақұрылым тарту, жер телімдерін беру секілді мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, аудан әкімі өз сөзінде Көкдөнен мен Жақсылық үлкен жолдың бойында орналасқан ауыл болғандықтан, көркейту, абаттандыру жұмыстары да қолға алынғанын сөз етті.
Абаттандыру демекші, бүгінде «Жасыл белдеу» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда ілкімді істер атқарылуда. Атап айтар болсақ, Жаңатұрмыс және Қарақат ауылдарында кішігірім саябақтар құрылып, он мыңнан астам тал-тарақтар отырғызылды. Саябағы жаңадан құрылған ауылдардың тізімінде бірлігі жарасқан Көкдөнен ауылы да бар. Іссапар барысында аталмыш демалыс аймағына алғашқы жасыл- желектерді отырғызу шарасына аудан әкімі де қатысып, бас бармақпен бағалауға тұрарлық тірлікке сәттілік тіледі. Айта кетейік, бұл бастамаға аудандық мәслихат депутаты Тұрсынбек Досаев та қатысып, бірлігі бекем ауылдың азаматтарына өз ризашылығын білдірді.
– Мінеки бүгін, Көкдөнен ауылының саябағы ашылып жатыр. Ата-бабаларымыздан «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз қалған. Ауыл тұрғындарына, кәсіпкерлерге көп-көп рақмет. Жерін беріп жатыр, ауыл жастары келіп, тал тігіп жатыр. Ауызбіршілігі бұрыннан жарасып келе жатқан бұл ауылдың осындай тірлігі өзге елді мекендерге де үлгі деп білемін, – дейді Тұрсынбек Досаев.
Иә, алдағы уақытта көкжиегі кеңейген Көк­дөнен мен жағымды жаңалығы көп Жақсылықтың әлеу­меттік жағдайы бұдан да зор болатыны бел­гілі. Ол үшін әрине, ең бірінші елдің бірлігі керек.

«Qulan_media» ақпарат.

Поделиться ссылкой: