Жыл қорытындысымен барлық жоспарлы көрсеткіштер орындалуы тиіс

124 Views

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен ке­ңесте облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштердің ағымдағы жылғы қаңтар-қараша айларының және жыл қорытындысымен орындалуының күтілу мәндері талқы­ланды.
Басқосуда экономика және бюд­жет­тік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баян­да­ма жасап, облыс әкімдігінің басқар­ма­ла­рының және аудандар мен Тараз қа­ласы әкімдіктерінің мәліметтері не­гізінде қалыптастырылған күтілу көр­сет­кіштеріне тоқталды.
– Өнеркәсіп, құрылыс, сауда, бай­ла­ныс, көлік салаларында өсім күтілуде. Бұл көрсеткіштер, экономикалық өсім­нің, тиісінше, 101,6 және 101,3 пайыз дең­гейінде қалыптасуын ықпал етеді. Негіз­гі капиталға тартылған инвестиция кө­лемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыс­тырғанда 11 айда 13 пайызға, ал жыл қорытындысымен 7 пайызға, пайда­лануға берілген тұрғын үй көлемі, тиі­сінше, 1,4 пайызға және 0,7 пайызға өсіммен қалыптасады деп күтілуде, – деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, жиында қала және аудандар бөлінісінде көрсеткіштер мен кемшіліктер де назарға алынды. Бұдан бөлек, облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары мен белгіленген индикаторлардың 2023 жылғы жоспарлы мәндерінің орындалмау қаупі туралы да айтылды.
Облыс әкімі тиісті басқарма басшылары және аудан әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді.
Аймақ басшысы жауаптыларға жыл қорытындысымен барлық жоспарлы көрсеткішердің орындалуын қамтамасыз ету, кемшіліктерді реттеу керектігін баса айтып, жұмысы сылбыр басшылар үшін қабылданатын шешімнің қатаң болатынын ескертті.
Сонымен қатар, кеңес барысында құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшыларының да есебі тыңдалды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: