2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы

162 Views

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (Қор) жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін жүзеге асырады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, сондай-ақ, дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін ең төменгі бір жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5% мөлшерінде төленетін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасады.
2024 жылдан бастап ең төменгі жалақының 85 мың теңгеге дейін артатынын ескере отырып, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері айына 2 975 теңгені (3,5%*85 000 теңге), ал ең жоғары мөлшері – 20825 теңгені (3,5%*7*85 000 теңге) құрайтын болады.
Әлеуметтік аударымдардың уақтылы түсуі әлеуметтік тәуекелдердің 5 түрі – еңбек ету қабілетінен айырылуы, асыраушысынан айырылуы, жұмысынан айырылуы, жүктілікке және босануға, сондай-ақ, бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуы кезінде азаматтарға әлеуметтік төлемдер алуды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, атап өтетін жағдай жұмыскер үшін әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша Қордан ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемнің 2 түрі төленеді.
Қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезеңге тағайындалады және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан төленеді.
Қордан асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем асы­рауындағылар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда – 23 жасқа дейін төленеді.
Бұл төлемдердің мөлшері жыл сайын арттырылады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері автоматты түрде 7% — ға өсетін болады.
Жамбыл облысы бойынша 4 066 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайға және 2 723 асыраушысынан айырылған жанұяға төлемдер мөлшері ұлғайтылады.
Осылайша, жұмыс істейтін азамат­тар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады.
Бұдан басқа Кодекстің 85-бабының 2-тармағына сәйкес, бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері осы Кодекстің 76-бабына сәйкес, ұсталуға жататын мін­детті зейнетақы жарналарын қо­сымша есептей отырып, осы Кодекстің 82-бабына сәйкес, бала туу кезектілігіне қарай белгіленген бала күті­міне байланысты жәрдемақының мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Осыған байланысты 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне бай­ланысты кірісінен айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері міндетті зейнетақы жарналарын қо­сымша есептеу ескеріле отырып, мем­лекеттік жәрдемақы мөлшеріне дейін артты­рылады.
Сонымен қатар, төлемдерді қай­та есептеу, арттыру және ұзарту авто­маттандырылған режимде жүргізі­летінін, яғни алушыларға қосымша құжаттар жинаудың қажеті жоқ екенін ерекше атап өткім келеді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толығырақ ақпаратты Қордың gfss.kz интернет-ресурсы арқылы, сондай-ақ, Қор мен фи­лиал­дардың әлеуметтік желідегі аккаунт­тарынан алуға болады.

Н.Искаков,
Жамбыл облысы бойынша «МӘСҚ» АҚ филиалының директоры.

Поделиться ссылкой: