166 Views
Өткен сенбіде волейболдан Жаңатұрмыс ауылында даңқты механизатор, үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы», «Құрмет белгісі» ордендерінің және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, «Ауданның Құрметті азаматы» Ермек Әбдірәсіловті еске алуға арналған турнир өтті. Осы турнирді өткізуге диқанның ең соңғы өзі еңбек еткен «Құлбарақ» шаруа қожалығының ұжымы демеуші әрі ұйытқы болды. Турнир әдеттегідей салтанатты жағдайда ашылды. Жарыс туы көтеріліп, Әнұран айтылып, қолдобы бәсекесінен үміткер сегіз команда сапқа тізілді.
Еске алу турнирінде аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Ерекеңмен бірге еңбек еткен байырғы диқан, «Ленин» орденінің иегері Келіс Нүсіпәлиев, ауыл әкімі Ерсайын Қуандық, ауыл ақсақалдары Өмірзақ Шыңқожаев, Бақыт Молдақұлов, Батырбек Теңізбаев тағы басқалар сөз сөйледі. Осы жерде «Құлбарақ» шаруа қожалығының басшысы, ауданның Құрметті азаматы Кәдірбек Фәйзінұлына «Тұрар Рысқұлов ауданының құрылғанына – 85 жыл» деген мерекелік медаль табыс етілді.
Сонымен жарыс туы көтеріліп, көрші Мұхтар Әуезов және Қаныш Сәтбаев мектептерінің спорт залдарында волейболшылар жарыс алаңына шықты. Тартысты бәсекеде Ермек Әбдірәсіловты еске алу турнирінің бас жүлдесін жаңатұрмыстықтар жеңіп алды. Екінші орын Меркі ауданының №48 мектебіне, үшінші және төртінші орынды Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназиясы мен №36-шы мектептің командалары иеленді. Жеңімпаздарға турнир кубогі мен бағалы сыйлықтар берілді. Жанкүйерлер осы Жаңатұрмыс ауылынан шыққан даңқты волейболшы (марқұм) Таңат Қамбаралиевтің ізбасарларының ойынына тәнті болды. Бұл жерде олардың жаттықтырушы ұстазы Балтабек Күшікбаевтың еңбегін бөле жарып атаған жөн. Келешекте бұл турнир үзбей өткізіліп тұратын болады.
С.Қожеке.
Суретте: Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп.
Турнирден көрініс.
Поделиться ссылкой: