Абырой арқауы – азаттық
Сонау Атыраудан Алтайға, Жетісудан Арқаға созылған сайын далада тұлпар мініп, ту ұстаған ата-бабамыз сан ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуды армандады. Егемен еліміздің тарихы сан қилы шайқастарға куә. Ғасырлар бойы ел азаттығы үшін күрескен хандарымыздың арман-үміті мен батыр бабаларымыздың сан шайқастағы ерлігін тарих парағын оқығанда зердеңе түйесің. Батыр әрі шешен, Сырым Датұлы бастаған көтерілісте қаншама қазақтың батыл ұлдары қолдарына қару алып, ел азаттығы үшін басын бәйгеге тікті. Жоңғарлармен өткен шайқаста үш жүздің басын біріктіріп, қарулы қол жиған Абылай ханның көсемдігі, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай батырлардың ерлігі ел есінде. Қазақ елінің егемендігі мен жерінің тұтастығы үшін он жыл 1837-1847 жылдары жан аямай күрескен Кенесары Қасымұлының көтерілісі мен оған қатысқан батырларымыздың батылдығы ұрпақ жадында сақталуы тиіс. Осы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан Нысанбай жырау «Кенесары-Наурызбай» жырында Кенесарының ерлік бейнесін зерделейді. «Еділ үшін егестік, Тептер үшін тебістік» деп жырлап, «Егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған» Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлы да 1836-1838 жылдардағы көтерілісте айбынды ұран салып, ел егемендігі үшін күресті. Егемен ел болу үшін 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматы қаласында Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова секілді аға-әпкелеріміздің қарусыз ереуілге шыққаны, олардың даусы қызыл империяны қақыратып, қаусатқаны анық.
Тәуелсіздікті мақтан ету – азаттықты ардақтау, байтақ даланың бай тарихымен, тәуелсіздік жолында қазақ халқының тар жол, тайғақ кешулі тағдырымен, бүгінгі баға жетпес бақытымен мақтану деген сөз.
Тұлпар мінген ұлы даламыздың тарпаң мінезді оғландары сан ғасырлар бойы арман еткен тәуелсіздігі қазақ еліне 1991 жылы бұйырды.
– Аталардың ақжолтай
Арманы боп,
Тәуелсіздік!
Алдымен, өзің келдің! – деп ақын Серік Тұрғынбекұлы жырлағандай, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды.
Мен – тәуелсіз Қазақстанымның ұрпағы екенімді мақтан етемін. Менің ойымша, Қазақстанда туып, қазақ атану – зор бақыт. Ақын Күләш Ахметова:
– Мақтан ет Қазақстан деген Елді,
Қандастар қайтсын Елге егеменді – деп егемен елімізді мақтаныш етуді насихаттап, барша қазақтарды ата жұртқа оралып, бейбіт әрі бақытты қазақ өлкесінде өмір сүруге шақырады. Сөзімді қорытындылай келе:
– Мойынымда,
Сақтайтын қойынымда,
Тәуелсіздік,
Мәңгілік тұмарымдай! – деп Серік Тұрғынбекұлы жырға қосқандай, тәуелсіздік әрбір ұлтжанды ұл мен елжанды қыздың қасиетті тұмары болады деген сенімдемін. Осы бір жолда барымызды салып, ел жолында аянбай еңбек етіп, ұлттың ұстынына айналуымыз керек.
Әліби ЖҰМАБЕК,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің І курс студенті.