Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі

109 Views

Президент «Алтын сапа» және «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын – ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсіміне қатысушыларды құттықтады.

– Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл, шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни, еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз. Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы әділдік қағидатына негізделуге тиіс екенін атап өтіп, бірқатар маңызды мәселеге назар аударды.
– Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады. Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақтылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейді.
– Жалпы, инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Қолға алынған істің нәтижесі мемлекеттік аппараттың жіті назарында болуға тиіс, – деп санайды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өзінің тапсырмасына сәйкес өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылатынын айтты. Сондай-ақ, бұрын-соңды мұндай жүйелі шаралар болмағанын әрі оның шешуші сипаты бар екенін, әйтпесе, инвестиция үшін өте жоғары халықаралық бәсекелестік қалыптасып тұрған жағдайда Қазақстанның көздеген мақсатқа қол жеткізуі қиынға соғатынын жеткізді.
– Өздеріңізге мәлім, бұған дейін отандық бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғау жөнінде тапсырма берген болатынмын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік саласындағы тіркелген қылмыстар саны екі есе азайды (837-ден 402-ге дейін). Ақтау негізі бойынша тоқтатылған қылмыстық істер саны шамамен бес есе қысқарды (416-дан 92-ге дейін). Инвестициялық жобаларды прокуратура органдарының сервистік қадағалауына баса мән беріледі. Инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі. Бұл инвесторларға рұқсат беретін құжатты алу ісін оңайлатады және жеделдетеді. Сонымен қатар оларға жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстарын жеңілдетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекет бизнес үшін әділ әрі ашық ойын ережесін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайды. Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллект жүйесін құру ісін тағы бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуына байланысты деп санайды. Сондықтан Президент бұл бағытқа өзі жетекшілік етеді және шетелдік, отандық мамандармен кездеседі, сондай-ақ, жүктелген міндеттердің орындалуын бақылайды.
Мемлекет басшысы елді индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыруымыз керек деп санайды. Бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып жатыр.

Екі жыл бұрын «Өнеркәсіп саясаты» туралы арнаулы заң қабылданды. Өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету өте маңызды. Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана, шикізатты экспорттай алады.
– Ауылды дамыту – түптеп кел­генде, бүкіл Қазақстанды дамыту де­ген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл ама­наты» жобасын бастадық. Ауыл тұрғын­дарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған бірың­ғай кешенді бағдарлама қолға алынады. Болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Яғни, мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіп­керлерге қолдау көрсетеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкімет пен бизнес-қоғамдастық бірлесіп, кәсіп­керлікті дамытуға кедергі келтіретін ар­тық талаптарды анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 10 мыңнан астам заң нормасы жаңа реттеуші саясаттың не­гізгі талаптарына сай келмейтіні анық­талды. Бүгінде оның 90 пайызы күшін жойды. Қалғаны жыл соңына дейін ретке келтіріледі. Сын-қатерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйе­сі бақылаушы органдардың бизнес­ке қысымын шектеудің маңызды құра­лы­на айналады. Ол 2024 жылдың 1 қаң­тарынан бастап іске қосылады және адамның қатысуынсыз тексеруді белгілеуге мүмкіндік береді. Нәти­жесінде, бизнеске жоспарлы инспекция жасау екі есе қысқарады. Ал айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды.
Сонымен қатар бизнес пен мемлекет ара­сындағы қатынастардың жүйелі түрде жаңғыруына қазір әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі ықпал етеді.
– Атап айтқанда, онда фискальды органдарды әкімшілендірудің сервистік моделіне көшіру мәселесі қамтылады. Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Көлік құралдарына арналған салық бойынша есеп айырысу мен декларация, сондай-ақ, жер мен мүлік салығына қатысты жүктеме бір миллион теңгеден аз болса, есеп айырысу алынып тасталады. Кәсіпкерлердің банктердегі шоттарын бұғаттау кезінде олардың салықтық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылады. Бизнесті дамытудың қазіргі ынталандыру тетігін сақтай отырып, қосымша қолдау шаралары қабылданады. Түсінікті және болжамды салық саясаты экономикалық өсімге тың серпін береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазір бүкіл әлем түбе­гейлі бетбұрыс кезеңіне қадам басқанын атап өтіп, адамзаттың аса күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды.
– Геосаяси текетірес және мемле­кеттер арасындағы бақталастық ушы­ғып барады. Осындай құбылмалы ке­зеңде біз стратегиялық бағдарымызға сай әрекет етуіміз керек. Жан-жақты жоспарлап, тиянақты жасалған шаруа ерте ме, кеш пе, жемісін беретіні сөзсіз. Мысалы, біз соңғы жылдары білім беру саласына баса мән беріп келеміз. Нақты шешімдер мен шаралардың арқасында мұғалім мәртебесі әлдеқайда көтерілді. Мектептегі орын тапшылығын жою үшін арнайы бағдарлама жүзеге асы­рылуда, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, биыл жүзге жуық білім ошағы бой көтерді. Қазіргі таңда осындай ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі бар. Атап айтқанда, халықаралық PISA рейтингі бойынша Қазақстандағы орта білімнің сапасы едәуір артты.
– Жақында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бұл – тарихи белес. Оған бүкіл ел болып қуандық. Халық санының көбеюі мемлекетіміздің дамуына қосымша серпін беріп, елімізге абырой әкелетініне еш күмән жоқ. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – барша жұртымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету. Былтыр еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жетті. Бұл – еліміздегі медициналық қызметтің сапасымен қатар, азамат­тардың әл-ауқаты жақсарып жатыр деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аймақтарда инвестиция тарту жұмыстары жүргі­зі­ліп жатқанын айтты. Биылдың өзін­де еліміз бойынша жалпы құны 376 миллиард теңгені құрайтын 91 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында 6 мыңнан астам тұ­рақ­ты жұмыс орны ашылды. Президент қосымша тұрақты жұмыс орындарын ашу жалпымемлекеттік міндет еке­нін, өйткені бұл жерде халықты жұмыс­пен қамту, қоғамдағы масылдық психо­логиядан арылу туралы айтылып отыр­ғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға әлемдік және аймақтық өнеркәсіп ал­пауыт­тары келіп жатқанына тоқталып, жақында Қостанайда Kia автокөліктерін шығаратын толық циклді зауыттың құры­лысы басталғанын мысалға кел­тірді.
– Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмек­тесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады. Кейбір өңірлердегі халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарда апаттардың жиілеп кетуі бүкіл еліміздегі ин­же­нерлік және энергетикалық инфра­құрылымдарды жаңғырту аса қажет екенін айқын көрсетті. Бұл мәселе ондаған жыл бойы назардан тыс қалып, шешімін таппай келеді. Мемлекет қысқа мерзімде ревизия жүргізіп, қолданыстағы генерациялаушы қуат көздерін жөндеуде, жаңа нысандарды іске қосуда, жылу және басқа да инже­нерлік желілерді жаңартуда жүйелі жұмыстарға кірісті. Атап айтқанда, биыл еліміздің батысында электр желілерінің өткізу мүмкіндігін екі еседен астам арттыруға ықпал еткен ауқымды жоба жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар перспективті цифр­лық индустрияға баса назар ауда­рылды. Президенттің айтуынша, Қазақстан электронды үкімет пен қаржылық-технологиялық даму индексі бойынша әлемде жетекші орын алады.
– Елімізде IT секторы қарқынды дамуда. Озық мемлекеттер эконо­микасындағы бұл саланың үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. Былтыр отандық IT индустрия экспорты бес есе өсті. Мен оның көлемін 2026 жылға қарай бір миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедім. Біз ірі өнеркәсіптік өндірістен бастап, шағын сервистік жобаларға дейінгі экономиканың барлық сала­сын одан әрі цифрландыруға баса мән береміз. Бірақ босаңсуға, жетіс­тіктерге тоқмейілсуге болмайды. Елі­міз жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайтуы керек. Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері орналасатын аумақ бола алады және болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушылармен кездесуде халқымыздың үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуы керек екенін, ал Қазақстан тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуы қажеттігін айтты.
– «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы. Сонымен бірге, бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ. «Парыз» бай­қауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жиын соңын­да «Алтын сапа» және «Парыз» бай­қау­ларына қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, лауреаттарға наградаларын тапсырды.
«Парыз» сыйлығының орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасындағы Гран-приі «Абай Дәулет» ЖШС-іне (Қызылорда облысы), ал ірі кәсіпкерлік субъектілері арасындағы Гран-приі «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-іне (Абай облысы) табысталды.
«Үздік индустриялық жоба» но­ми­нациясы бойынша «ДЕП» ЖШС (Қостанай облысы), «Үздік инно­вациялық жоба» номинациясы бойын­ша «CleanfieldKazakhstan» ЖШС (Маң­ғыстау облысы) «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары атанды.
Салтанатты шара алдында Мемлекет бас­шысы «Бір ауыл – бір өнім» жоба­сымен, сондай-ақ, «Global Safety», «CleanField Kazakhstan», «Borusan Cat» және «Med 365» секілді отандық компа­ниялардың өнімдері қойылған көрме­мен танысты.

AKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: