Шоқ тілді Шона
14 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Сағынбеков Қонысбай Оразханұлы мен Сұлтанова Айгүл Мөкенқызының есімдерін аудан жұртшылығы жақсы біледі. Қонысбай Оразханұлы 35 жылдан астам жол құрылысы саласында еселі еңбек етіп, елдің ықыласына кенеліп, «Ерен еңбегі үшін» және «Парыз – 2012 бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» конкурсының «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы дипломының иегері, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасының, ауданның «Құрметті азаматы» секілді көптеген марапаттардың иегері атанған абыройлы да сыйлы азамат болатын. Бұдан бөлек, Қонысбай Оразханұлы елге де болысып, қарапайымдылығын, мақтан сөздің емес, нағыз адал еңбек етудің өнегесін көрсеткен жанашыр жан еді. Тірі кезінде ол кісімен сан мәрте сұхбаттасқанбыз. Әрқашан күліп жүретін. Ең бастысы, елдің есінде «Жақсы адам» деген бейнесімен есте қалды.
Қонысбай Оразханұлының Құдай қосқан жары Сұлтанова Айгүл Мөкенқызы да мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар қызмет істеп, әріптестерінің шуағына бөленген азаматша болды. Ол аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы болып 18 жыл еңбек етіпті. Осы жылдар еншісінде қаншама азаматтар ауданның тізгінін ұстап, басшылық етті. Солардың барлығымен тіл табысып, бірлесе жұмыс жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына сүбелі үлесін қосқан Айгүл Мөкенқызының да еткен еңбегі ерен. Әттең, қазір осы екі жақсы адамдар арамызда жоқ. Мына дүниеден фәни жалғанға аттанып кетті. Амал нешік! Құдайдың ісіне ешкім қарсы тұра алмасы анық. Дегенмен, олардың арамызда өздері болмағанымен, артында қалған ұрпақтары бар. Қонысбай Оразханұлы мен Айгүл Мөкенқызының ұлдары Руслан Оразхан да мемлекеттік қызметте жұмыс жасап, өзінің кәсіби біліктілігін ұқтырған азамат. Қазіргі таңда Руслан Қонысбайұлы әкесі негізін қалап кеткен «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тізгінін ұстап, жол құрылысы саласында еңбек етіп жатқан жайы бар. Оның да бар көздегені – әке жолынан таймай, елге болысып, ұрпақ қамы үшін қызмет ету.
Тірі кезінде Қонысбай Оразханұлы да, Айгүл Мөкенқызы да көптеген марапаттардың иегері атанды. Оны олардың замандастары, бірге қызмет істеген әріптестері білгенімен, қазіргі жастар біле бермеуі мүмкін. Сондықтан Руслан Қонысбайұлы ата-анасының барлық марапаттарын аудандық тарихи өлкетану музейіне тапсыруды жөн деп тапқан екен. Оның бұл ұсынысын аудандық атқарушы билік өкілдері де қостап, аудандық тарихи өлкетану музейінен арнайы бұрыш ашуға мұрындық болған екен.
Сәрсенбі күні аудандық тарихи өлкетану музейінде іс-шара ұйымдастырылып, сол арнайы бұрыштың лентасы қиылды. Шараға Қонысбай Оразханұлы, Айгүл Мөкенқызымен бірге қызметтес болған жора-жолдастары, әріптестері, замандастары қатысып, сөз сөйледі.
Марат Диханбай.