Шаруаның шаттыққа толы шаңырағы

123 Views

Аудандағы бір емес, екі аудандағы шаруа қожалықтарының қаржылай қолдаушысы атанған «Құлан-Дән» несие серіктестігі Жаңа жыл алдында өзінің 20 жылдық мерейтойын толайым табыспен атап өтті. 28-ші желтоқсан ақ түйенің қарны жарылған күн бол­ды. Алдымен осы серіктестіктің қабыр­ға­сын қалап, шаңырағын көтерген ардагер-құрылтайшыларға арналған құрмет тақтасын ашу рәсімі тікелей кеңсе ғимаратының ішінде өтті. Бас банкир, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Рахманалы Әбді­қады­ров жиналған жұртты қаржы ұйы­мының мерейтойымен құттықтай келіп, лента қию мәртебесін байырғы құрыл­тайшылар Санат Қырықбаев пен Бейсембай Таңбаевқа берді.
Құрмет тақтасы ашылған соң жи­налған жұрт Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйіне келді. Салтанатты жиында мемлекетіміздің Әнұраны орын­­далды. Жүргізушілер алғашқы сөзді баяндама жасау үшін «Құлан-Дән» несие серіктестігінің Басқарма төрағасы Р.Әбдіқадыровқа берді. Ол өз сөзінде серіктестіктің жиырма жылда қол жеткен табыстарын айтып, жиналған халық алдында жастары тоқ­­санды алқымдаған байырғы құрыл­­тайшылар Райзо Шәділбеков пен Мейірқұл Іскендіров сынды абыз­дар­дың батасын алды. Баяндамадан соң мінбеге аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов көтерілді. Одан кейінгі құттықтау сөздің кезегі аграрлық несие корпорациясының Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұрғали Сейітбековке берілді. Ол Р.Әбдіқадыров мырзаға республикалық аграрлық корпорация басшысының Алғыс хатын салтанатты түрде та­быс етті.
Салтанатты жиында облыстық несие серіктестіктері ассоциациясының өкілі Ерболат Досымбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов сөз алып, игі тілектерін білдірді. Осыдан соң Алматыдағы «Тоғанай Т» баспасынан басылып шыққан (авторы С.Қожеке) «Құт қонған – Құлан-Дән» кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсауын Е.Еспенов, Н.Сейітбеков және С.Қырықбаев кесті.
Салтанатты жиын барысында се­рік­­тестіктің Басқарма мүшелерінің ұйғаруы­мен Р. Әбдіқадыровқа «Құр­метті төраға» төсбелгісін Санат Отарым­бетұлы дүйім жұрттың көзінше табыс етті. Жиналғандар артынша несие серіктестігінің жүріп өткен жо­лын баяндайтын бейнероликті кө­ріп, тамашалады. Сондай-ақ, «Құр­метті құрылтайшы» және «Үлгілі құрыл­тайшы» атағы 28 адамға беріл­ді. Кеңсенің «Үздік қызметкері» де­ген мәртебеге бас есепші Жазира Құрамаева мен кепіл бағалау­шы Абдулхамит Кей­қуат лайықты деп табылды.
Айту ләзім, «Құрметті» деген атаққа ие болғандардың арасында марқұм Сыр­ға­тай Махамбетов, Асылбек Жайлы­баев, Шамшабек Қораласбаев, Асылхан Ақпанбетов, Кемел Азаматов та бар. «Үлгілі құрылтайшылардың» сапын байзақтық Ерболат Жүздікбаев, Сайлаубек Молдатаев, құландық Алпыс­бай Оңалбаев пен қарақыстақтық Аманкелді Қабылханов, ақыртөбелік Шубай Барлыбаев пен қызылшаруалық Елдос Әбутәліповтер толықтырып тұр.
Иә, айтуға тұрарлық мерейтой болды. Оған облысымыздың аудандарындағы аттас серіктестіктердің басшылары да келіп қатысты. Құрылтайшылар аудан­дық мәдениет үйі өнерпаздарының концертін көріп, соңынан «Шаңырақ» мейрамханасында жайылған мерекелік дастарханнан дәм татты.
Шаруаның шаңырағында өткен той «Құлан-Дәннің» жиырма жылда жеткен табысын тасытып, «Тайқазанының» ортаймағанын көрсетті.

С.Қожеке.

Суреттерде: мерейтой көріністері.

Поделиться ссылкой: