Ұлттың ұстыны болған тұлға

195 Views

Жақында, яғни Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туылған күніне орай №5 шағын орталықты орта мектебінің акт залында «Ұлтының ұлы тұлғасы» деген тақырыпта портреттік кеш өтті. Аталмыш іс-шараны Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйі мен ауылдық кітапхана және №5 шағын орталықты орта мектебінің мұғалімдері бірлесіп ұйымдастырды.
Дінмұхамед Ахметұлы жайлы оқушылар көптеген деректерге қанық. Өйткені, олар көп оқиды, ізденеді. Осы іс-шара барысында оқушылар дүйім елдің Димашы атанған дара тұлға жайлы көп деректер білетіндігін ұқтырды. Шара барысында №5 шағын орта­лықты орта мектебінің тарих пәні­нің мұғалімдері Б.Бекібаев пен Ж.Бөрібаева ұзақ жылдар ел басқарған еңселі тұлғаның өмір жолы мен еңбек еткен жылнамасы туралы баяндама жасады. Содан соң «Еліне қастерлі есім» деген тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда кітапханашы Ж.Баягизова үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Қонаев­тың адамгершілік болмысы жай­лы сөз қозғап, тың деректермен бө­лісті. Шара барысында Дінмұхамед Ахмет­ұлы жазып қалдырған өнегелі сөздерді оқушылар да айтып, портрет­тік кештің мазмұны одан сайын ашыла түсті. Шара соңында Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Әлихан Әмреев дәл осындай мазмұнды шаралар легі бұл ауылда жиі өтіп тұратындығын айтып, Димаш Ахмет­ұлының адами болмысы мен ұстанған принципі қазіргі жастарға ауадай қажет екендігін жеткізді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: