Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
«Тайдың жүргені, баланың істегені білінбейді» дейді көнекөз қариялар. «Құлан-Дән» де қоржынын қомдап, тапқанын пұлдап 15-ке келіп қалыпты. 15 жылда Рахманәлі Әбдіқадыров басқарып отырған банк қаржылық қоржынына бір миллиард үш жүз миллион теңге қаражат салып, төрт жүз он жеті құрылтайшысының қалтасына үш миллиард жүз миллион теңге болатын несие үлестіріпті.
Күні кеше ғана өмірден озған заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза: «Таусылмайтын байлық, ол – Құдай «о» баста пешенеңе берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады» деп еді. 2003 жылы «Құлан-Дән» несие серіктестігі шаңырақ көтергенде шаруаның аяғы шатқаяқтап тұрған. Сол кезде оларға қолдаушы керек болды. Дәлірек айтқанда, шаруа қожалықтары қызыл сөзге емес, «қып-қызыл» ақшаға зәру еді. Міне, сол тұста қожалықтарға қолдаушы болып «Құлан-Дән» келді. Содан бері серіктестіктің жұлдызы оңынан туып, шаруасы көкке өрледі. Қазақша айтқанда, табыстың тайқазаны ауыл адамдарына жұмыс істей бастады. Осынау ауылдағы шаруа қожалықтарының көсегесін көгерткен несие серіктестігі өткен аптада өзінің 15 жылдық мерейлі мерекесін атап өтті. Оған Астанадан, Алматы мен еліміздің өзге де облыстарынан, аудандарынан қонақтар шақырылды. Ең бастысы аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйіне ауданымыздың бетке ұстар тауар өндірушілері мен қаржыгерлері келді.
Мереке ұжымның 15 жылдық тарихы жазылған «Табыстың тайқазаны» атты кітаптың тұсаукесерімен ашылды. Кітаптың авторы, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, байырғы журналист Сейсен Қожеке кіріспе сөз сөйлеп, кітаптың мазмұнына тоқталып өткен соң қып қызыл лентаға байланған туындының тұсауын Қазақстан Республикасы Аграрлық несие корпорациясы Басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қонысбайқызы Ерғалиева, Аграрлық несие корпорациясының ең алғашқы Басқарма төрағасы болған Асқарбек Райсұлы Қаражігітов пен аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әшімәліұлы Әлпейісов қиды.
Осыдан соң жиналған жұрт «Құлан-Дән» несие серіктестігінің басқарма төрағасы Рахманәлі Әбдіқадыровтың мазмұнды баяндамасын тыңдады. Баяндамашы өз сөзінде серіктестіктің жүріп өткен жолына жан-жақты тоқталып өтіп: -2001 жылғы 23 қаңтарда мемлекетіміздің №137-ші қаулысының негізінде «Аграр лық несие корпорациясы» құрылды. Оның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне пилоттық программаға сәйкес жеңілдетілген несиелерді тек кредиттік серіктестіктер арқылы ұсыну болатын. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында жер жерлерде кредиттік серіктестіктер ұйымдастырылып, олар өмірден, дәлірек айтқанда, нарықтық қатынастардан өз орнын ойып тұрып ала бастады. Серіктестіктер Аграрлық секторлардағы тауар өндірушілердің ең қолжетімді қаржыландырушысы болса, елдегі жылжымайтын, жылжымалы мүліктерді кепілге алып, халықтың несие ұсына тын беделді институтына айналды, — деді. Р.Әбдіқадыров серіктестікті ұйымдастыруға, оның жұмысының алға басуына өздерінің күш-қайратын аямай жұмсаған құрылтайшылардың есімдерін елден ерек бөле-жарып атап өтіп. Олардың ішінде Б.Таңбаев, С.Қырықбаев, Қ.Дәулетов, С.Махамбетов, К.Азаматов, Р.Әділбеков, Р.Бақтыбаева, Е.Белгібаев, С.Серікбаева, Ж.Естемесов тағы басқалар бар Баяндамашы өз сөзінде корпорацияны республика, облыс көлемінде басқарған азаматтардың есімдерін де ерекше бір ықыласпен еске түсірді. Дәурен Сәбитұлы Мақажанов пен Нұржан Қайыржанұлы Садықов, Нұрғали Еңсебекұлы Сейітбековтердің аграрлық секторға қосқан үлестері зор екенін баса айтты.
Мерекелік жиынға Қазақстан Республикасы Агроөндірістік кешендері кредиттік серіктестіктер ассоциациясы басқармасының төрайымы Альмира Сайындолдинқызы Сағатова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов, республикалық Аграрлық несие корпорациясы басқармасы басшысының бірінші орынбасары Г.Ерғалиева, Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданы аграрлық несие корпорациясының басшысы Жазылбек Шардарбеков пен Төле би ауданынан Еркінжан Күздікбайұлы, сондай-ақ, Талдықорған облысынан келген Николай Алексеевич Урузгалиевтер серіктестік мүшелерін мерекелерімен шын жүректен құттықтады.
Мереке болған соң марапаттаулар да болады ғой, көптеген қаржыгерлер мен құрылтайшылар республикалық, облыстық несие корпорациясының және аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды. «Құлан-Дән» несие серіктестігі басқармасының төрағасы Р.Әбдіқадыров өз кезегінде құрылтайшыларға және келген қонақтарға 17 теледидарды сыйға тартты.
Мереке соңы үлкен концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған жұрт аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының өнерін ғана тамашалап қоймай, Тараз қаласынан келген Әріпбай Мұсақанов басқарған «Мерей» ансамблінің де өнерін қызықтады. Артынша қонақтарға «Алтын сарай» мейрамханасында мерекелік дастархан жайылды.
Сейсен ҚОЖЕКЕ.
СУРЕТТЕ: «Табыстың тайқазаны»
атты кітаптың лентасын қию сәті.
Суретті түсірген Т.ДОСБЕМБЕТОВ.