Жолдау аясындағы жиын жалақы мәселесіне арналды

663 Views

Жолдау аясындағы жиын жалақы мәселесіне арналды

 Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау мақсатында келелі жиын өтті. Жиынның басты тақырыбы – жалақы мәселесі.

Жамбыл облысы әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов қатысқан жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейсен Әлпейісов төрағалық етті. Ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларының басын қосқан жиын барысында Серғали Өмірзақұлы Елбасы Жолдауында айтылған жалақы мәселесіне жан-жақты тоқталды.

– Бұл – халықтық Жолдау болғаны рас. Біздің ендігі міндетіміз – осы Жолдауда  көрсетілген нақты мәселелер бойынша халықтың әл-ауқатын, жалақы мөлшерін көтеру болмақ. Өткен жылдан бастап осы жылдың 9 айына дейін жалпы өзектендіру мәселесі бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Естеріңізге сала кетсек, Жамбыл облысы бойынша 63 828 азамат өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Олар салық жүйесіне тіркелді. Соған сәйкес зейнетақы қорына түскен қаржы биылғы жылы екі есеге артты деуге болады. Өзектендіру жұмысының нәтижесінде бірқатар азаматтарымыз табыс көзін айқындап, мемлекеттік тұрғыда оң шешімін тапты деп айта аламыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың ішінде жылдың басынан бастап ең төменгі айлық көрсеткішінің 50%-ын ауыл тұрғындары төлейтін болады. Ал қала тұрғындары

 1%-ын төлейді. Сонда бұл топтағы азаматтар бұрынғы салық жүйесінен босатылады. Мақсат – олардан түсетін қаржы көлемінде емес, сол азаматтардың шынында да өзін-өзі жұмыспен қамтығанын айқындау, — дейді. Сонымен қатар, облыс бойынша 1847 кәсіпорын бар екені, оның ішінде 10-ы мемлекеттік кәсіпорын болса, онда жұмыс істейтін азаматтар саны бүгінде 63 666-ға жеткені, оның 16 940-ы ең төменгі жалақыдан төмен мөлшерде айлық алып отырғандығы айтылды. «Мысалы, ең төменгі жалақымыз – 28 284 теңге болса, мемлекет меншік иесіне қарамастан, бюджетте бекітілген ең төменгі жалақыны төлетіп беруге міндетті. Яғни, 28 284 теңге алатындардың жалақысын 1 жарым есеге көтергенде, 42 426 теңгені құрайды», — дейді еңбек инспекциясы басқармасының басшысы. Келесі кезекте аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Берік Шамаев баяндама жасады. Осылайша жалақы мәселесіне қатысты өткен жиында көптеген өзекті мәселелер қозғалды.

Салтанат ҚАРАСАЕВА.

Поделиться ссылкой: