Өлеңі – өмірі
27 ViewsАстанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ, адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп…
Зымыран уақытта тоқтау жоқ, әрине. Күн артынан күндер, жыл артынан жылдар жылжуда. Сынаптай сырғып 2023 жыл да өте шықты. Бұл жыл біздің Құлан ауылдық ардагерлер ұйымы үшін де жемісті жыл болды. Қатарымызға ондаған жаңадан зейнетке шыққан ардагерлер легі келіп қосылды. Біз оларды әдеттегідей қатарымызға салтанатпен қабылдап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға тартып отырмыз. Олардың өмірлік тәжірибелері бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болары даусыз.
Жыл қорытындысы бойынша аудандық ардагерлер Кеңесі облысымызда оза шауып, қарттар бірлестіктері арасында бірінші орынға ие болып, алғы шептен көрінді. Ортақ іске аудандағы ең ірі де іргелі ұйым болып табылатын біздің Құлан ауылдық округі ардагерлер Кеңесі де сүбелі үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Екі мыңға жуық мүшесі бар біздің ұйым орталықта болғандықтан ауданда өткізілетін барлық мәдени іс-шараларға белсене атсалысып келеді. Ауданаралық спорттық жарыстарда біздің ардагерлер ұйымымыз бас жүлде «Алтын белгіні» жеңіп алды. Мәдениет үйінде өткізілген «Батагөйлер» сайысында да көпті көрген көне көз қарияларымыз үлкен белсенділік танытып, көзге түсті. Тау бөктеріне қоныс тепкен Қарақат ауылына апаратын күрежол бойына ағаш отырғызу сенбілігіне қатысқан ардагерлеріміз бұл игілікті іс-шарада белсенділік көрсетіп қана қоймай, табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау жөнінде келелі әңгіме қозғады.
«Мәдениет – асыл қазынам» атты Жамбыл облысының мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған «Қымызмұрындық-2023» этно фестивалінің жоғарғы деңгейде өткізілуіне де барынша атсалысқанымызды айта кеткен орынды. Жалпы ардагерлер барлық мерекелік іс-шараларға белсене қатысып, аудан тұрғындарының ыстық ілтипатына бөленуде.
Бүгінде ауданның барлық елді мекендерінде жастар ұйымдары құрылған. Біздің ауылдық округімізде де сондай ұйымдар бар. Осыған орай, округ аумағында тұратын қазыналы қарттарымыз олармен тығыз байланыс жасап, жастарымызды отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизммен, имандылық рухында тәрбиелеуге үлкен ықпалын тигізіп келеді. Атап айтқанда, Ауған соғысы және Желтоқсан ардагерлерімен дөңгелек үстел форматында өткізілген кездесуге де біздің қарттарымыз белсене атсалысып, айтулы шараның тартымды өтуіне үлкен үлестерін қосты.
Ауыл ардагерлері ұйымы қызметінің басты мақсаты – зейнеткерлердің құқығын қорғауға, олардың қоғамдық өмірге белсене қатысуын қамтамасыз етуге және әлеуметтік тұрмыстық жағдайларына көңіл бөлуге бағытталған. Осы орайда Құлан ауылындағы 90 көшеге белсенді 23 ардагер бекітілген. Олар өз көшелерінде тұратын зейнеткерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын ұдайы зерделеп, көмек қажет болса тиісті орындарға жеткізіп отырады. Ал, біз өз тарапымыздан ардагерлеріміздің көңіл-күйінің ұдайы көтеріңкі болуына, өмірге деген құштарлығының арта түсуіне тұрақты түрде көңіл бөліп отырамыз. Осы мақсатпен жаз айында аудан, ауыл әкімдерінің және демеушілердің қолдауымен қазыналы қарттарымыз киелі Түркістан, көне Тараз шаһарлары мен Өзбекстан Республикасындағы Самарқанд және Ташкент қалаларына саяхат жасап қайтты. Қыста Сұлутөр шатқалындағы табиғат аясына шықты. Жыл қорытындысы бойынша 35 ардагеріміз түрлі мерекелік медальдармен марапатталып, бірқатар зейнеткеріміз «Ауданның Құрметті азаматы» атанды.
Құлан ауылдық ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да аттан түспей, ел бірлігін нығайтуға, адамгершілік пен имани қасиеттерді насихаттауға, Егемен еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуына өз үлестерін қоса беретін болады.
Берік Әліпбаев,
Құлан ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.