Әр өлеңім – бір әлем
Кеше Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде қара өлеңнің құлагері атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай дәл осындай тақырыпта поэзия түні өтті. Аталмыш поэзия кешіне Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мереке Айнақұлов қатысты. Біз де бұл кешке қатыстық. Адалын айтайық, жүректі тебіренткен ерекше кеш болды. Аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен поэзия кешінен шалқар шабыт, рухани қазына алдық. Поэзия дейтін құдіреттің парасаттылығын түсіндік. Мұқағали жырының ерекшелігі де осында емес пе?
Бұл іс-шарада тек қана оқушылар емес, кітапхана қызметкерлері де өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, оқушылар Мұқаң жырларын мәнерлеп оқыған сәтте тұла бойымыз шымырлап сала берді. Кітапхана қызметкерлері Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың», «Ұнатамын мен сені» атты әндерін орындағанда залға жиналған көрермен ерекше күйге бөленді. Ерекше шабыттың әсерімен дем арада мен осы мақаланы жазып, жеке компьютерімнен Мұқағали Мақатаев әндерін тыңдай бердім, тыңдай бердім…
Гүлнұр Аманжол.