Қамаризада мен Орынбай тапқан таңғажайып таңқурай

157 Views

Әңгімеміздің әлқиссасын ер адамды «пірім» деп жүрген Бекназар келіні Қамаризададан бастамай тұрып, отаудың отағасы Орынбайдың өзінен бастағым келіп отыр. Өйткені, оның өзі бір таңғажайып адам. Олай деуімнің себебі бар. Орынбайды Еңбекші мен Көкарық халқы, қала берді Қарақыстақ жұрты білікті де білімді, көрікті әрі көсем сөзімен ғана емес, тындырымды ісімен көзге түсіп жүрген қарапайым құрылысшы ретінде таниды. Оның тумысынан ақты – ақ, қараны – қара деп танып, қандай тірлікті қолға алса да аяғына дейін жеткізбей қоймайтын табанды да тиянақты қасиеті бар. Ол «өмір» атты үлкен өзенге ес біліп, етек жия салысымен «гүмп» етіп қойып кеткен жоқ. Алдымен табиғаттың тылсым да тұңғиық күшін тану үшін ілім мен білімге жүгінді. Ол расында көп оқитын. Құрылыс техникумында ұстаздарынан дәріс ала жүріп спортпен шұғылданды. Арагідік бозкілемге шығып, өзінің білек күші мен айла-тәсілін шыңдады. Сонда да ол айды аспанға шығарған айтулы ғалымдардың, дүниежүзі классиктерінің еңбектерін оқудан бір жалықпайтын.
Орынбайдың өмірге деген қызығушылығы, «өнерді үйрен де, жирен» деген салбаурын салтты ұстануы оны қандай да тығырықтан алып шығатын еді. Өйткені, ол адамдармен тіл табыса білу психологиясын жақсы білетін. Бәлкім, сондықтан болар, ол сол кездегі «Абай», «Путь к коммунизму» колхоздарының төрт төрағасымен үзеңгі қағыс жұмыс істеді. Орекең құрылыс шебері, прораб бола жүріп қарамағындағы құрыш білекті әріптестерінің бірде біреуін жұмыстан шығарып, сергелдеңге салып көрген емес. Оның пайымында: «Әр ер адам отбасының асыраушысы». Сондықтан, оны жұмыссыз қалдыруға болмайды» деген қағидасы бар. Ол студент кезінде спортпен көп шұғылданғандықтан ба кейін кеңселік қимылсыз жұмыс оны етжеңді етіп жіберсе керек. Тіпті салмағы 120 келіге дейін өсіп кеткен ғой. Сонда ол салмақ түсірудің сан тәсілі туралы кітаптарды ақтарып, қайтадан бәз баяғы қалпына келеді.
Біздің бағанадан бері айтайын деп отырғанымыз оның бизнеске қалай келгені ғой? Табыс табуды әр­кім әрқандай жолмен ойлайды. Ал, Орынбай көп шығын шығармай, таза пай­да табу жолын жатпай-тұрмай ойланды. Көптеген оқулықтарды ақта­рып, теледидардан өсімдік шаруа­шылығының қыры мен сырын тың­дап, тіпті Германия, Америка, Гол­ландия, Жапония сынды дамыған мемле­кеттердің тәжірибесіне зейін қойды. Сондағы тапқаны – таңқурай, кәдуілгі – «малина» болды. Сонымен үй іргесіндегі шағын бақшалыққа голланд­тық және америкалық мол өнім беретін таңқурайдың көшеттерін әкеліп отыр­ғызып, тікені қолыңды шағатыны бол­маса, табысы әжептәуір қып қызыл ши­қандай, дәмі тіл үйіретін таңқурайды өсі­ріп, табысқа кенеле бастады.
– Тоқсаныншы жылдардың басында кол­хоздардың шаруасы шатқаяқтап, жет­піс төрт жыл бойы жиған-терген байлық талан-таражға түсе бастады. Осы тұста ғой маған осы ойдың келгені. Турасын айтсам, екі мыңыншы жылдың басында үй іргесінде жүріп таңқурай өсіруді қолға алдым. Өз ауламдағы алақандай отыз сотық жерден сексен мың теңге табыс алғанымда жан жарым Қамаризада да, алты балам да қатты қуанды. Шағып алатын тікені бар демесеңіз, осы азын-аулақ таңқурайдың өзі отбасымыздың қажетіне жарады. Оны айтасыз келе-келе жылына екі тоннаға жетеқабыл жеміс жинап, 2-3 миллион теңге табыс табатын халге жеттік. Ең бастысы, ерінбедік. Балаларымды да еңбекке үйреттім. Соның арқасында қорамыз қойға, табынымыз жылқыға тола бастады, – дейді Орынбай Бекназаров.
Иә, кейбіреулер сияқты қарыз­данып-қауғаланып жүріп бизнес құрайтындарды ол онша ұнатпайды. Алайда, ел қатарлы бір шаруа қожалығын ашу оның көптен бері ойында жүрген. 2001 жылы осы ойын жүзеге асырып, «Кенел» шаруа қожалығын ашты. Алға­шында ұлы Кемелдің ныспысын алған қожалық кейін «Кенел» деп аталып кетті. Тегі, ұлы Кемелді де ауылдас­тары «Кенел» деп атай бастады. Қазақ ұғымында «кенел» деген сөз – «бай­лыққа кенел» дегенді білдірсе керек қой.
Сонымен бүгінде қожалықтың ша­руасы шалқып тұр. Орекең жүрегіне ота жасатқалы қожалық қазір зайыбы Қамаризаданың атында. Ауыл ірге­сіндегі фазендада төрт жарым мыңнан аса гисар қойы мен елуден аса қыл құйрығы бар осынау кәсіп иелерінің бүгінгі тыныс-тіршілігін өздері құ­рыл­тайшы болып жүрген «Құлан-Дән» несие серіктестігі мекемесінің қыз­меткері Абдулхамитпен бірге ара­лап көрдік. Әдетте, қай қожалыққа бар­маңыз: «Малшымыз тұрақтамайды» деген келеңсіз уәждер естіп үйренген біз қожалық жетекшісі Қамаризада Қырықбайқызының шопандары мен жылқышылары туралы жылы лебізін естіп, бір марқайып қалдық. Осындағы малшыларға Асхат Ахметов деген азамат сегіз жылдан бері баскөз болып, қойдың өрісін, қойшының қонысын тауып беріп жүрген жайы бар екен. Ол: «Қожалықта төрт мыңнан аса гисар қойы бар десек, соның мың басы қазір бордақылау алаңында семіртілуде. Төрт жүз еркек тоқты мен екі жүз саулық қазіргі заман талабына сай салынған кешенге қойылған. Оларға мың тонна көкпеңбек жоңышқа түктеліп, 70 тонна жем әзірленді. Қалған малдың барлығы өрісте. Осыншама малға аға шопандар Жанат Қалменов және әкелі-балалы Бақтыбек пен оның ұлы Дулат Жұмашевтер бас болып жүр. Қожалық басшысы ай сайын әрқайсымызға екі жүз мың теңге көлемінде айлық жалақы, науқандық жұмыс қорытындысы бойынша бір-бір жылқы, азық-түлігімізді беріп тұрады. Әр малшының өз баспанасы бар. Мәселен, маған ауыл орталығынан зәулім шатырлы тұрғын үй салып берді. Осының барлығы қожалық басшысы Қамаризада мен оның жұбайы Орынбай ағаның қамқорлығы дер едім» дейді аға шопан Асхат Ахметов риза пейілмен.
Иә, қожалықтың өркендеуіне Бек­назаровтар әулетінің қалада тұратын ұлы Жамбыл мен ауылдағы ұлы Кенелдің қосып жүрген үлесі зор деу керек. Ерлі-зайыпты кәсіп иелерінің кіндігінен тараған үш ұл мен үш қыздың бәрі жоғары білімді мамандар, үйлі-жайлы. Міне, таңқурай өсіріп, сол жемісті өсіруден өздеріне бизнес жасап алған Бекназаровтардың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Орекең де, Қамаризада да өздерінің қолдарын ұзартып, кәсібінен мол нәсіп табуға себі тиген таңқурай өсіруді олар бүгін де негізгі табыс көзі деп санайды.

Сейсен Қожеке.
Сурет­терде: «Кенел» ша­руа қожалығының жетекшісі Қамаризада Қырықбайқызы мен оның жұбайы Орынбай Бекназаров және аға шопан.

Поделиться ссылкой: