Сөз жетпеген жерге музыка жетеді

15 Views

«Музыка – жас азаматтардың ішкі жан дүниесін байытып, өмірді дұрыс түсінуге көмектеседі» депті қазақ музыкасының аңызы, композитор Ахмет Қуанұлы Жұбанов. Рас сөз. Меніңше, осы сөзді қазақ қара сөзінің құнын түсінетін, музыка десе ойы мен телегей білімі өзгелерден ерек көрініп тұратын абыройлы азамат Бердіхан Орынбасарұлы Бабасов басшылық ететін Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы өздерінің өмірлік қағидаттарына айналдырғандай көрінеді. Өйткені аталмыш мектепте еңбек ететін ұстаздар кез келген сахнада өнер көрсеткенде алдымен жауапкершілікті сезініп, нағыз кәсібиліктің шынайы үлгісін ұқтыртып жататын кездерді көзімізбен көп көрдік. Бұны әрине өз басым өнерге деген өлермендік деп түсінемін. Енді ойлап қараңыз? Осындай өз жұмыстарының шеберлерінен музыкаға, өнерге деген көзқарасты саналарына түйіп, үйренген, түсінген тәрбиеленушілердің қалай ғана өресі биік болмайды. Әрине биік болады. Ол сөзсіз – қазақ музыкасының құдіреттілігін күллі әлемге танытқан композитор Мұқан Төлебаевтың есімін еншілеген осы музыка мектебіндегі әрбір үйірме оқытушыларының ерен еңбегінің арқасы деп білеміз.

Ө

өздеріңізге белгілі, ауданымызда қосымша білім беретін 5 ұжым бар. Солардың арасында жұмыстары көзге көрініп тұратын, ауданымызда өтетін кез келген мерекелік  іс-шараларда төбе көрсететін, балаларды өнерге баулып, оларың бойына музыка дейтін эстетикалық құндылықты сіңіріп келе жатқан киелі шаңырақ – Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің шоқтығы әрқашан биік тұрады. Биыл Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің құрылғанына – 50 жыл толып отыр.

Менің ойымша, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі мен газет редакциясының атқарып жатқан миссиясы бір. Ол – ағартушылық бағыт. Бұл сөзге барлығы кіреді. Сондықтан осындай ағартушылық бағытта жұмыс жасап жатқан ұжымдарды біз қолдамағанда кім қолдасын! Біз 50 жылдық мерейтойды жазбаққа ниеттеніп, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Орынбасарұлы Бабасовқа хабарласқан едік. Ол әдеттегідей сабырлы қалпымен телефон тұтқасын көтерді. Лебізімізді жеткізіп, мән-жайды түсіндірдік. Ол жайдарыланып, қуанып кетті. Содан Бердіхан Орынбасарұлымен әңгімелесіп, жазар мақаламызға қажетті ақпараттарды алған едік.

– Аудандық еңбек депутаттары кеңесінің атқару комитетінің шешімі бойынша 1975 жылдың 1 қазанында аудан орталығынан 100 орындық музыка мектебін ашуға шешім шығарылып, облыстық атқару комитетіне ұсынылған екен. Осы ұсыныс негізінде 1976 жылдың  13 тамызында Қазақ ССР министрлер кеңесінің №387-ші қаулысы бойынша музыка мектебі ашылған. Мектебіміздің алғашқы директоры Тілеулиева Бибізура Дәндібайқызы болған.  Ол кісі Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі. Мінеки алғашында домбыра, фортепиано, аккордеон сыныптары бойынша Абдикадировa К.К., Физлова З.С. үшеуі 40 оқушымен жұмысын бастаған киелі орда осы күні береке-бірлігі артқан үлкен ұжымға айналды. Мектебіміздің атауы 1995 жылдан бастап, қазақ музыкасының классигі, көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың есім-сойымен аталады. Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінде Әуес Әріпбайқызы, Еркінкүл Нұрғазықызы, Данияр Берікұлы, Сейсен Бейсеуұлы секілді ұстанымына берік, өнердің қадірін ұғатын адамдар басшылық қызмет атқарған. Мен бұл мектептің басшылығына 2002 жылы келдім. Талай кезеңдерді бастан өткердік. Менің риза болатыным, бұл киелі шаңырақта еңбек ететін оқытушылардың барлығы бір-бірімен тату-тәтті. Бәзбір ұжымдар ұқсап, бір-бірін сотқа сүйрелеп жүрген ешкім жоқ. Әріптестердің үлкені –кішісіне, кішісі – үлкендеріне ізеттілік көрсетеді. Құдайға шүкір, бірлігіміз жарасқан ұжымбыз. Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздары халқымыздың төл өнерін дәріптеп, ел ертеңі жас өрендерді өнердің қыр-сырын меңгеруге баулып, бойындағы таланттарын ашуға күш-қуаттарын жұмсап, ауданымыздың ғана емес, облысымыздың да мәдениеті мен өнеріне аянбай еңбек етіп келеді, – дейді Бердіхан Орынбасарұлы.

Қ

қазіргі таңда Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінде ұлт-аспаптар, фортепиано, вокал бөлімдері бойынша домбыра, баян, қобыз, аккордеон, фортепиано, дәстүрлі ән, вокал сыныптары және Ақбұлақ, Жамбыл атындағы орта мектептері жанынан ашылған фортепиано, домбыра сыныптарында 422 оқушы дәріс алып жатыр екен. Бұл мектепте жұмыс істейтін 36 оқытушының 26-сы жоғары білімді, 10-ы арнаулы орта білімді оқытушылар. Осы 50 жыл бедерінде аталмыш музыка мектебінен бастауыш кәсіби білім алған 936 түлектің көпшілігі өз білімдерін музыка саласында жалғастыра отырып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, мемлекетіміздің мәдениеті мен өнеріне өз үлестерін қосу үстінде. Бұл қосымша білім беру ұйымындағы «Керемет» хор ұжымы, «Балдәурен» домбырашылар ансамблі, «Биби» вокалдық тобы аудан, облыс, республикалық, тіпті халықаралық байқаулар мен іс-шараларға белсене қатысып, дипломант, лауреат атанғанын сіз бен біз жақсы білеміз. Саз мектебінің оқытушыларынан құралған «Акапелла», «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі және ұстаздардың басым бөлігі аудандық мәдениет үйі жанындағы «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің мүшесі ретінде аудандық, облыстық мәдени іс-шаралар мен байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп, өнер сүйер қауымның қошеметіне бөленіп жүргенін де көріп, біліп жүрсіздер.

К

кез келген нәтиженің артында ерен еңбектің тұратыны белгілі жайт. Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебіндегі әр оқытушымен жақын араласпасақ та, барлығының жасап жатқан жұмыстарына құрметпен қарап, еңбектеріне бас иетін азаматтың қатарынанбыз. Біреулер жай жүріп жұмыс жасауы мүмкін. Бірақ ондай жандардың жұмыста қадірі де болмайды. Ал осы Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы туралы сөз қозғағанда, біз әрине ондай пікірді айтпақ түгілі, ойламас та едік. Өйткені барлығы көрер көзге көрініп тұр. Сол жүйелі жұмыстың нәтижесі ғой, қайсысын жазарымызды білмей, парақтап отырғанымыз. Мінеки, кәсіби мамандардың атқарған жұмысы әрқашан осылай болады. Бердіхан Орынбасарұлынан жетістіктер туралы ақпарат сұрап едік. Алдымызға қат қабат қағаз бумаларын жайып салды. Барды – бар дейтін қазақпыз. Жетістіктер жетерлік енді. Біз қайта екшеп жазып отырмыз. Газет макетіндегі суреттерден де көріп, білген боларсыздар. Сондықтан сөзді созбақтай бергенше, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің  жетістіктерін жазайық.

М

мәселен, 2017-2026 жылдар аралығында мектеп ұжымы мен оқушылары облыстық, республикалық,   және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге белсене қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген екен. Атап айтар болсақ, 2017-2019 жылдары 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, Тараз қаласында өткен республикалық балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері және ансамбльдерінің шеруіне домбыра, қобыз, үрмелі аспаптар, вокал, барабаншылар номинациялары бойынша 120 оқушы қатысып, дипломант атаныпты. 2017 жылы жеңімпаздар дайындап, өскелең ұрпақтың шығармашылығын дамытуға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін мектеп ұжымы республикалық қосымша білім беру ұйымының Алғыс хатымен марапатталыпты. Сонымен қатар халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында Тараз қаласындағы «Керуен сарай» тарихи кешенінде «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблі мен «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі қала тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынған. Ол ұмытпасам – сол жылдары газетке де жазылды. 2018 жылдан бастап, Ұлттық домбыра күніне орай аудан орталығындағы «Дендро» саябағында және орталық алаңда мектеп оқытушылары мен оқушыларынан құралған 100-ге жуық домбырашылар бір мезгілде бірнеше күй орындап, ұлттық домбыра аспабын кеңінен насихаттап келеді. 2018 жылы бірқатар ұстаздар мен мектеп ұжымы марапаттарға ие болыпты. Домбыра сыныбының оқытушысы Перизат Умбетова облыстық «Үздік қосымша білім беру педагогы – 2018» байқауында жүлделі ІІ орынды иеленіпті. Мектеп директоры Бердіхан Бабасов Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталыпты.

2019 жылы Тараз қаласында өткен «Talents of Kazakhstan» атты I республикалық байқауда мектеп оқушылары 3 бас жүлде, 11  жүлделі І орын және 2  жүлделі ІІ орын иеленіпті. Сол жылы облыстық «Жас музыканттар» фестиваль-байқауында домбыра сыныбының оқушылары жүлделі орындарға ие болыпты. XV облыстық Жастар Дельфийлік ойындарында Рамазан Илесов ІІ дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Ұстаздар арасында өткен «Үздік ашық бейне сабақ», «Үздік қосымша білім беру педагогы» байқауларында да педагогтар жүлделі орындарды иеленген екен.

2020 жылы «Жас музыканттар» облыстық фестиваль-байқауында фортепиано бөлімінің оқушылары жүлделі орындарға ие болыпты. Педагогтар облыстық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, тәжірибелерімен бөлісіпті. Сонымен қатар облыстық «Елбасы – ел тірегі» атты үздік сценарий байқауында мектеп психологы жүлделі орынға ие болған екен.

2021 жылы Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі директорының орынбасары Жанат Абилгазина республикалық «Үздік педагогикалық идея» байқауында «Музыкалық сауаттылық» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Осы жылдары мектеп оқушылары халықаралық «Tobyl art», «DIGI TALENTY», «Русская мозаика» фестивальдері мен байқауларында бас жүлде және жүлделі орындарға ие болыпы. 2022 жылы республикалық және халықаралық байқауларда мектеп оқушылары жоғары нәтиже көрсеткенін естідік. «Oner kerueni», «Шабыт шыңы», «Жас музыканттар» облыстық фестиваль-байқауларында бірнеше бас жүлде, жүлделі І, ІІ және ІІІ орындар иеленген. Сонымен қатар ұстаздар облыстық «Жаңа есім», «Үздік өнер сабақтары» байқауларында марапатталған. 2023 жылы «Jambyl» телеарнасының «Кеш жарық» бағдарламасының облыстық байқауында «Құлан сазы» домбырашылар триосы бас жүлде иеленіпті. Сонымен қатар ұстаздар «Ең үздік авторлық бағдарлама», «Үздік сабақ контенті» байқауларында жүлделі орындарға ие болыпты. Осы жылы облыстық «Жас музыканттар» фестивалінде фортепиано сыныбының оқушысы І орын иеленген. 2024 жылы республикалық және халықаралық байқауларда мектеп оқушылары жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Қазақ музыкасында есімі алтын әріптермен жазылған композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған республикалық байқауда бас жүлде және бірнеше жүлделі орындар иеленіпті. «Dara Bala» тележобасына мектеп оқушысы шақырту алып, үздік өнер көрсеткені үшін марапатталыпты. Ташкент қаласында өткен «Шығыс жұлдыздары» халықаралық байқауында оқушылар бас жүлде мен жүлделі орындарға ие болыпты.

2025 жылы мектеп оқушылары халықаралық «Балауса жұлдыздары», «SOUND OF ASIA», «MELOFIESTA», «Жас жұлдыз» байқауларында бас жүлде және жүлделі орындарды иеленген екен. «Балдаурен» домбырашылар ансамблі республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы атаныпты. Дубай қаласында өткен халықаралық байқауда оқушы Арон Қадыржан бас жүлде иеленіпті. 2026 жылы 59-шы облыстық «Жас музыканттар» фестиваль-байқауында фортепиано бөлімінің оқушылары жүлделі орындарға ие болыпты. Республикалық «Жұлдызыңды жақ» байқауында Айбар Ерғали жүлделі ІІІ орын алса, «Жүректегі әуен» облыстық хор байқауында «Керемет» хор ұжымы жүлделі ІІ орын иеленіпті. Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының қолдауымен өткен «Қобыз үні ғасырлық» республикалық байқауында оқушылар  жүлделі І және ІІІ орындарды иеленіпті.

М

міне, бұл біз екшеп жазған жетістіктер ғана. Жазылмай қалғаны қаншама?  Бір нәрсе анық. Мақаламыздың кіріспе сөзіндегі «Музыка – жас азаматтардың ішкі жан дүниесін байытып, өмірді дұрыс түсінуге көмектеседі» деген қазақ музыкасының аңызы, композитор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың айтқан сөзін тағы да қайталауға тура келеді. Ол мақаламыздың қорытындысына да дөп түсіп тұр. Сөздің қадірін білетіндер осының өзін ұғынады.

Б

бір нәрсе анық. Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі жыл сайын шығармашылық жетістіктерін еселеп, ұлттық өнерді насихаттауға, жас таланттарды тәрбиелеуге және мәдениетті дамытуға зор үлес қосып келеді. Ол – факт!

Еткен еңбегі ерен

Абдикадирова Қалбүбі Қалдығұлқызы ел құрметіне бөленген ардақты жан. Ол 49 жыл ұстаздық қызметте үздіксіз еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп, абыройлы қызмет атқарды.

Қалбүбі Қалдығұлқызы Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі ашылған сәттен бастап, осында еселі еңбек етті. Қазір – зейнетте. 1997-2000 жылдары жарық, су тапшы кезде де жұмысына адал болып, қызмет жасаған. «Осы  жылдары айлық та алмай еңбек еттік» дейді кейіпкеріміздің өзі. Ол ісіне деген адалдығы, жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында әріптестері арасында үлкен беделге ие болды. Шәкірттерінің бойына адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық, үлкенді сыйлау секілді асыл қасиеттерді сіңіре білді. Оның тәлімін алған талай шәкірт бүгінде еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп жүр. Александр Хорешков, Анастасия Хорешкова, Ольга Белаусова секілді шәкірттерін мақтанышпен айтады зейнеткер ұстаз.

Қалбүбі Қалдығұлқызының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мәрте марапатталып, білім саласындағы жетістіктері үшін алғыс хаттар мен құрмет грамоталарына ие болды.

Ол отбасының ұйытқысы, ардақты ана, немере-шөберелеріне өнеге болған асыл әже. Балаларына жақсы тәрбие беріп, олардың өмірден өз орындарын табуына жол көрсетті. Абдикадирова Қалбүбі Қалдығұлқызының ғибратты ғұмыры мен өнегелі еңбек жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі.

Білім саласының майталманы

Білім беру ісінде ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие берген ұстаздың бірі – Төлендібаев Күздеухан Демесінұлы. Ол   44 жылдық еңбек өтілі бар, білім беру саласының майталманы, «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің және ауданның Құрметті ардагері белгісінің иегері. Күздеухан Төлендібаев өз еңбек жолын жауапкершілікпен бастап, көптеген жылдар бойы адал қызмет атқарды. 1981 жылы білім беру саласына келіп, 2002 жылдан бастап Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінде еңбек еткен. Қазір – зейнетте. Осы жылдар ішінде ол талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, өмір жолына бағыт-бағдар берді.

Ұстаздың тәрбиесін көрген шәкірттері бүгінде түрлі салада жетістікке жетіп жүр. Солардың бірі – Мерей Тұрдышева. Ол көптеген байқаулардың бас жүлде иегері атанған. Сонымен қатар Бекарыс Шаяхметов пен Әсемай Әділханова да ұстаз тәлімін алған шәкірттер. Бегарыс көптеген республикалық байқаулардың жүлдегері. Әсемай қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқиды.

Күздеухан Демесінұлы отбасы тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген жан. Оның төрт қызы бар. Үлкен қызы Әлия білім саласында еңбек етіп, жас ұрпаққа музыка пәнінен сабақ беріп келеді. Бұл да отбасындағы өнер мен білімге деген құрметтің жалғасы іспетті.

Әріптестері мен шәкірттері оны білікті ұстаз ғана емес, адамгершілігі мол, қарапайым, үлгі тұтар тұлға ретінде бағалайды. Оның өмір жолы – еңбек пен табандылықтың, адал қызметтің жарқын үлгісі.

Оның еңбегі – жас мамандарға үлгі

Ұстаздық жолын абыроймен атқарып келе жатқан Жұмакеева Ақтоты Әлімханқызы – шәкірт тәрбиесін өмірлік мұратына айналдырған білікті педагог. Ол 1982–1986 жылдары (бұрын ел аузында ЖЕНПИ деп аталатын) қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің музыка факультетін тәмамдап, мамандықтың қыр-сырын терең меңгерген.

Кейіпкеріміз 40 жылға жуық уақыт  ұстаздық қызметте еңбек етіп келеді. Ол осы жылдар ішінде талай шәкіртке білім мен тәрбие беріп, өнерге баулыды. Әсіресе домбыра сыныбынан дәріс беріп, ұлттық өнерді жас ұрпақтың бойына сіңіруде аянбай еңбек етті. Ұстаз тәрбиесін көрген шәкірттерінің бірі – Мұхамедали Талғатов бүгінде өзімен әріптес болып, ұстаз жолын жалғастырып келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі, тәлім-тәрбиесінің айқын көрінісі.

Ақтоты Әлімханқызы тек ұстаздықпен ғана шектелмей, мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласқан. Ол осы мектептің кәсіподақ төрайымы қызметін абыроймен атқарып, ұжым мүддесі жолында аянбай еңбек етті. Ерен еңбегі мен білім саласына қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. 2019 жылы сол кездегі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағамбетовтің Алғыс хатымен марапатталыпты. Ал 2024 жылы ҚР Оқу-ағарту министрі қызметін атқарған Ғани Бейсембаевтың Құрмет грамотасымен наградталыпты. Ақтоты Әлімханқызы – ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан, өнер мен білімді қатар дәріптеген ардақты ұстаз. Оның еңбек жолы – жас мамандарға үлгі, кейінгі буынға өнеге.

Ұстаз болсаң, Анардай бол!

Алимова Анар Оразбекқызы   Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінде домбыра сыныбының оқытушысы ретінде шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнерді дәріптеу жолында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп келеді. Бүгінгі таңда оның жалпы еңбек өтілі 38 жылды құрайды.

Ұстаз 1984–1988 жылдары А.П.Чайковский атындағы музыкалық училищенің домбыра сыныбын тәмамдап, кәсіби музыкалық білім алған. Сол уақыттан бері домбыра өнерін жас ұрпаққа үйретіп, ұлттық мұрамызды насихаттауға зор үлес қосып келеді.

Анар Оразбекқызының тәлімін алған шәкірттері бүгінде әр салада жемісті еңбек етуде. Солардың қатарында Айша Ұзақбаева осы музыка мектебінде домбыра сыныбында сабақ беріп, ұстазының жолын жалғастырып жүр. Тағы бір шәкірті Айнұр Баймұратова да Ақыртөбе орта мектебінде музыка пәнінен сабақ береді. Ал Қожахмет Берікұлы аудандық мәдениет үйінің әншісі ретінде ел мәдениетінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің нәтижесі, шәкірттерінің жетістігі арқылы көрінетін үлкен абырой.

Анар Оразбекқызының еңбегі де лайықты бағаланып келеді. Ол аудан әкімінің алғыс хатымен, сондай-ақ, кәсіподақ ұйымының алғыс хатымен марапатталған. Әріптестері арасында сыйлы, ұжыммен тіл табыса білетін, жауапкершілігі жоғары маман ретінде танылған ұстаздың ұстанымы – еңбекқорлық, тәртіп, балаға деген мейірім мен ата-анамен дұрыс қарым-қатынас орната білу.

Алимова Анар Оразбекқызы – ұлттық өнерді ұлықтап, жас буынға өнеге көрсетіп жүрген қадірлі ұстаз. Оның еңбек жолы да кейінгі жас мамандарға үлгі, шәкірттеріне шабыт беретін өнегелі жол.

 

                                           50 жылдық мерейтойды жазып, газетке әзірлеген Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий