Жақсылық – жан азығы
Жақсылыққа жаны құмар қайырымды жандардың қайырлы істерін естіп білгенде:
– Туын биік көтеріп тұғырлы елдің,
Келеді қайырымды ғұмыр көргім.
Аяушылық танытпасақ
кім болғанбыз?
Аясында жүргенде жұмыр жердің.
Тірлікте танытпасаң қайырымды,
Жаныңның көкте болар жайы мұңды.
Жақсылықтан тұрмаса ескектерің,
Есе алмайсың өмірде қайығыңды, – деген жыр жолдары еске түседі.
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Мәулен Тобықовтың білікті педагог екенін оның әріптестері де, біз де жақсы білеміз. Мәулен Төлебайұлы жыл сайын ұйымдастырылатын «Жомарт түлек» жобасы аясында өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, өзі білім алған Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің көпбалалы және тұрмыстық жағдайына байланысты аз қамтылған отбасының балаларына қайырымдылық көрсетіп келеді.
Айталық, Мәулен Төлебайұлы 2021 жылы аталмыш мектеп ұжымының оқушыларына 150 мың теңге, 2022 жылы 200 мың теңге, 2023 жылы 200 мың теңгеге қайырымдылық көрсетіп, оқушыларға мектепке қажетті заттар тарту етті. Одан бөлек аудандық, облыстық байқауларда жүлделі болып, оқуда озат атанған оқушыларға да өзінің қамқорлығын ұдайы көрсетіп жүр. Осы мектептің дарынды түлектеріне М.Әуезовтың 4 томдық «Абай жолы» роман-эпопеясын сыйға тарту еткенін өз көзімізбен көргенбіз.
Биыл да «Жақсылық – жан азығы» акциясы бойынша өзі білім алған мектеп ошағына 75 мың теңгеге қайырымдылық көрсетті. Осындай қамкөңіл қарекетті білікті педагогтің шынайы жанашырлығы мен өзі білім алған алтын ұя мектебіне деген ерекше құрметінің көрінісі деп түсінген жөн.
Гүлнұр Аманжол.